Жарнама
Мәдениет

Сүйінқара батырдың   мүрдесі қайда?..

Облыс өңірінде жүргізіліп жатқан далалық зерттеу жұмыстары өлке тарихын толықтыратын жаңалықтардың ашылуына себепші болып жүргені рас. Осыны ұстанған Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы биыл да екі мәрте кешенді ғылыми-зерттеу экспедициясын жүргізген еді. Алғашқысы облыс аумағынан өтетін орта ғасырлардағы керуен жолдары бойын зерттеу болса, келесісі Тайсойған құмының тарихи-мәдени ескерткіштерін анықтауға арналды.

Бұл этноархеологиялық бағыттағы зерттеулер кезінде археологиялық ерте темір дәуірінің қорғандары мен тұрақтары табылып, ХІХ ғасырдан бергі ата-бабамыздың қабірі басына қойылған ескі араб қарпімен жазылған құлпытастары оқылды. Соның нәтижесінде құлпытастардағы жазулар бұған дейін белгісіз болған бірқатар ақпараттарды нақтылай түсті.

Әпсананың ақиқаты

Маң даладағы маңғаз құлпытастардың бұған дейін басқаға телінуінің де гәбі бар. Анығын айтқанда, бұрын «Пәленшекең көрсетті…», «…Түгенше қарияның айтуы бойынша» деп жасалған мәліметтер, тіпті кейбір ресми құжаттар да құлпытастағы жазуды оқуға ескіше қаріпке терең сауаттылықтың болмағанын айқындап бергендей. Оның үстіне тұрғылықты ел тарихи нақтылықтан гөрі ескіден жеткен естеліктерге көбірек мән беретіні бар.

Мысалы, Қызылқоға ауданындағы жергілікті халық «Қыздарбай кесенесі» деп атап келген Тайсойған құмының оңтүстік-батыс етегіндегі Шеркеш руының Еламан аталығынан тарайтын белгілі Қыздарбай кесенесінің алдындағы құлпытастан 1872 жылы 28 жасында қайтыс болған Қыздарбайұлы Естайдың есімі оқылды. Алайда, бұл «осы жерде Қыздарбайдың жерленген жері жоқ» дегенді білдірмейді.

qyzdarbaj kesenesi

Дәл осындай тағы бір дәйек – Миялы ауылынан шығысқа қарай 10 шақырым жердегі шикі кірпіштен салынған Секер сұлудың күмбезді кесенесіне де қатысты. Аңыз бойынша, Секер сұлу – 1786 жылы Ойыл өңірінде дүниеге келіп, он бес жасында жылан шағып қайтыс болған Жауғашты Шеркеш Байсалдың қызы. Ал, кесене алдына қойылған араб әрпімен жазылған құлпытаста «Шеркеш руы, Қаракемпір тайпасы Батыр халалы (адал әйелі) Секер бәйбіше опат 70 жасында жаздырды баласы Айқұл мырза» делінген. Демек бұл жерде де аңыз бен ақиқаттың бір-біріне мүлдем қабыспайтынына көз жеткіземіз.

Сол жерде Секер сұлу кесенесімен қосақтала айтылып жүрген Самай қорымы Атырау және Ақтөбе облыстарының шекара сызығының дәл үстінде тұр. Миялыдан шығысқа қарай 15 километр жердегі қорымда тұрған күмбезді кесене де әйел адамға арналыпты. Демек бұл деректер арғы дәуірде тек белгілі тұлғалар – ер адамдарға емес, әйелдерге де еңселі күмбездердің салынғанын аңғаруға болады. Самай қорымындағы сол күмбездің құлпытасы Шеркеш руының Қылышкестен тайпасынан өрбіген Ақбөбек есімді әйел затына арналыпты. Араб әрпімен ойылған жазуда: «Шеркеш руы Қылышкестен Қолпаш тайпасы, Байсегіз халалы Ақбөбек Баймұхамедқызы опат 74 жасында баласы Қуат мырза қылдырды», — делінген.

Мұны оқыған соң біз Шеркеш руының шежіресіне үңілдік. Сөйтсек, онда Қолпаштан – Құдайберген, одан Айғыр – Байдалы – Байсегіз – Қуат болып тарайды екен. Ал, қорымның атауы Таз руы қазақтарының қолынан қаза тапқан сол рудың билеушісі болған Самай қожа Ханқожаұлының құлпытасы сол қауымда болуымен байланысты.

Қызығы сол, Самай қожаның құлпытасында руы Таз деп жазылып, астына Қожаның тайпасының таңбасы қашалған. Ел ішінде «Әр рудың өзінің Қожасы бар, тек Беріште болмаған» деген сөз бары белгілі. Соған қарағанда, Самай да Таз руының діни жоралғыларын ұйымдастыратын белгілі бедел иесі болса керек. Құлпытаста: «Таз руы Келдібай ішінде Қанхожа баласы Самай қожа 1264 (хижра жыл санауы) сәнә опат 68 жасында жаздырды баласы Нұрқожа 1264 сәнә», — деп көне шағатай әліпбиімен жазылған.

Ал, жолсапарға жиі шығатын жұрт Доссордан Миялы бағытына Тайсойған құмының шығыс етегін баса жүретін қара жолдың бойында Ойтаң алқабы жатқанын жақсы біледі. Одан 5 шақырымдай асқанда сол жақ беттен «Қуыс» деп аталатын ескі қорым бар. Орталық мамандарының зерттеуі бойынша мұнда он екі аталы Байұлы тайпасының үлкені саналатын Шеркеш руының белгілі биі – Қуыстың ұрпақтары жерленген. Қорымдағы биік құлпытастардың бірінен Қылышкестен Шеркештің Тілес бөлімінен өрбитін Қуыс Сексенбайұлының 95 жасында бақилық болғаны оқылды.

Ескі құлпытастағы тың дерек

Әріптестердің мұқият зерттеуінің нәтижесінде биыл орталық мамандары тағы бір тарихи жаңалықты ашты. Ол – Адайдың атақты батыры Сүйінқараның мәңгілік мекенінің табылуы.

Батыр ұрпақтары мен оларға қарасты бір қауым ел Маңғыстау өңіріндегі Сисем ата қорымынан Сүйінқараның әдемі нақышталған ескіше қаріппен жазылған құлпытасын тауып, кейін сол жерден кесене де тұрғызған. Кесененің қабырғасына шебердің аты-жөні мен тұрғызылған уақыты «1995 жыл» деп жазылыпты. Қойылған құлпытасқа «Адай руы Жары тайпасы Сүйінқара батыр» деп жазылып, артқы бетіне қазақтың бес қаруының суреті қашалған. Алайда, мұнда марқұмның құлпытасында міндетті түрде көрсетілуге тиіс қайтыс болған жылы мен жасы мүлдем енгізілмепті. Бірақ халық пайымында батыр 1756-1841 жылдары өмір сүріп, 85 жасында дүние салған деседі. Оны Тілеуұлы Абыл жыраудың Сүйінқараны жоқтаған жырындағы мына шумақтарға сүйеніп айтып келсе керек:

…Сүйекем сапар шекті сексен бесте,

Сисемде қалды жатып – аю төсте.

Қорлыққа көнбен деген бір пенде еді,

Ажалға о да көнді салған іске…

Кейбір тарихи құжаттарда Сүйінқара батыр Жем, Сағыз өңіріне жорыққа аттанғаны жөнінде де мәлімет бар. Олай болса, елге оралмаған батырдың сүйегін жеткізе алмаған туысқандары әкесінің қасынан кесене тұрғызып, арнайы белгі қою үрдісін сол дәуірде-ақ ұстануы мүмкін.

Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығына қарасты зерттеуші топ жуырда Мақат кентінен 10 шақырым шамасындағы Шеңгелді қыстағының қасындағы қорымнан ескі құлпытас тауып оқыды. Онда араб әріптерімен «Адай руы, Мұңал тайпасы, Үргешбай баласы Сүйінқара опат 81 жасында 1848 жылда ұлы Көтібар қалдырды» деп, құлпытастың сол жақ қапталына «Шәңкі Кенбай баласы 73 жасында» деп қашалыпты. Соған қарағанда, екеуінің демі таусылған уақыты аса алшақ болмауы немесе басқа себебі болуы да мүмкін. Басқа өңірлерде қайдам, Атырау облысынан табылған көне ескерткіштерде бір құлпытасқа бірнеше адамның аты-жөнін жазу тәжірибесі көп кездесіп жүр. Бірақ қалай десек те, бұл Шәңкі – шежіре бойынша Сүйінқараның немере інісі.

Демек жақын маңдағы Кенбай ауылының атауы да сол Шәңкінің әкесінің есімімен байланысты деген пікір қалыптасуы заңдылық. Шеңгелдідегі құлпытастың Сүйінқаранікі екеніне дәлел болар бірден-бір айғақ – оның әкесінің және баласының есімдерінің құлпытасқа жазылуы болып отыр.

Ендеше, құлпытас неге екі жерге қойылған?!

Кәсіби тәжірибемізге салып көрсек, Маңғыстаудағы құлпытаста батырдың әкесі және тас қойған адамның есімдері жоқ, қайтыс болған жылы мен жасы да көрсетілмеген. Олай болса, бұл – Сисем ата қорымына жерленген әкесі Үргешбайдың (құлпытаста осылай көрсетілген, кейбір мәліметтерде Үргенішбай деп жазылады) бейітінің қасына қойылған ескерткіш белгіге ұқсайды. Егер шынымен солай болса, Адайдың атақты Сүйінқарасының мәңгілік тыныс тапқан жері қазіргі Атырау өңірі екенін меңзейтін секілді.

Әрине, бұл – жеке пікіріміз. Бір ғана құлпытасқа негіздемей-ақ, бұған қатысты нақты шешімді қосымша зерттеу жұмыстары арқылы дәлелдеу қажет.

Ал, Мақаттан табылған құлпытастың сапасы өте жоғары, сыртқы пішіні мен жазылу стилі Атырау аумағынан табылған төре-сұлтандар мен би-шешендердің басына қойылған құлпытастарға ұқсас және өте жақсы сақталған. Соған қарап, тас қашаушы шебердің бірнешеу емес, бір адам болғанын байқауға болады.

Бұдан басқа…

Мекеме мамандарының далалық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде бұған дейін де белгілі батыр-билердің, атап айтқанда Беріш руының Себек тайпасынан өрбіген би Айтуар, Қаратоқай Беріш Есет би мен Жапарберді батыр, Құлмәлі Жайықтың әкелі-балалы Байнақ пен Машақ билерінің құлпытастары табылған еді. Одан өзге көптеген адамдардың іздеу салып жүрген ата-бабасының бұған дейін белгісіз болған құлпытастары табылды.

Осының барлығын жинақтап жан-жақты зерделеген мекеме мамандары жергілікті бюджеттің қаржыландыруымен «Атырау қазақтарының эпиграфикалық ескерткіштері» атты үш томдық кітап-альбом басылып шықты. Онда араб әрпімен жазылған құлпытастардың аудармасы қоса көрсетілген. Енді жинақтың IV томын шығаруды мекеме келесі жылға жоспарлап отыр.

Фархад БАЙДӘУЛЕТОВ,

Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны

зерттеу орталығының қызметкері

Related Articles

One Comment

  1. Мен үшін күтпеген жаңалық. Қойнауы тарихи сырға толы құт-мекенім!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button