Отты жырлар, хұсни хаттар…

otaraliev Мәдениет

Шалқыған-ды шабыттың құшағында

Бейуақыт шалқып отырар,

Кезіксе біреу кім деме.

Ол жанның ғажап оты бар,

Жанатын күндіз, түнде де… –

деп жазған кім деп ойлайсыз? Ол айтулы лирик ақын Марат Отаралиевтің тебіреністерінің бір ғана сәті еді. «Ақын» деген өлеңінде осылайша толғанғанда өз басынан өткен сезім түйсіктерінен, алуан тірлікті өз өмірінен хабар беріп отырған сияқтанады. Шынында да, біз көрген Марат қашанда – күндіз де, түнде де оттай алаулап, шалқып, тасып жүретін қызуқанды, жүйрік қиялды, болмыс-бітімі бөлек, ақпа-төкпе шайыр болатын. Мықтылығы мойындалған, ауыздығымен алысқан қас тұлпардай жүйріктің өзі.

Думанды тірлік күмбірі,

Жетелеп жүрген күш пе едің.

Ойлантты мені бір күні,

Бітпеген алуан істерім…

«Аманат» атты жырында осы айтқаны Мараттың имандай шыны, сыры. Ақиқаттың нақ өзі болатын. Оның арманы асқақ, келешекке деген бағдары сан алуан еді-ау. Бітпеген алуан істері жетіп артылатын.

Біз екеуміз де Атыраудың қиыр теріскейіндегі Қызылқоға ауданының төл тумасымыз. Мен болсам арасын Ойыл өзені бөліп жатқан Тайсойған, Бүйрек құмдарын тел жайлаған малды ауылданмын. Ал Марат бұйрат құмды Тайсойғанның бел ортасында өскен байырғы ұрпақтың өз баласы. Отаралының үш ұлы Нұрғазы, Бағытжан, Бақтиярдың  Ұлы Отан соғысына қатысып, із-түзсіз кеткен Нұрғазысынан өзге екеуі де бала-шағалы. Бағытжаннан Марат, Тілеш, Гүлнәр, Қадырбек, Жәнібек, ал Бақтиярдан Күләш, Ағиіс, Айса, Жаниіс, Халықберген  өрбіген. Мараттың мектепте оқып жүргенінде комсомолға мүшелікке өту үшін жасын өсіріп жазып, құжат жүзінде тіркелген шағы – 1938 жылғы желтоқсанның 19-ы. Негізі дүниеге келген кезі – 1939 жылғы қаңтардың 21-і. Марат екеуін де өгейсітпеген, атаусыз қалдырмаған. Өзінің «Туған жер» деген өлеңінде:

Әкетсін мейлі қай бағыт,

Кеттің деп алыс ұрыспа,

Келермін сансыз айналып,

Туған жер мені ұмытпа… –

деп тебіреніпті. Тағы бірде:

Сәйгүлік жарасады самалменен,

Көсіліп бірден-бірге жарау денең.

Құс болып ұшып кеткім келеді бір,

Сезіммен қызығудан саған деген…

Бір сағым – бір сағымға қосылмай ғап,

Алдыңда кеудесімен көсілді аймақ.

Дариға-ай, зулар ма едім өзіңдей боп,

Осынау кең даланың төсінде ойнап! –

деп шабытын ширықтырған.

Ол туған жерін жанындай жақсы көрді. Басқасы басқа, оның ақ күшігін жырына қалай қиыстырып қосқанын қараңыз, төгіліп тұр-ау, төгіліп тұр.

Мен жоқта алуан бақ құшып,

Өтіпті күндер мен ағып ай.

Туған үй, жаңа бір ақ күшік

Үреді иесін танымай…

Шындықтың көкесі емес пе?! Ұзақ уақыт туған ауылына  келмеген, көрмеген болса ақ күшік оны қайдан танысын-ау? Өйткені ол баяғы өзі көріп, еркелеткен, арсалаңдаған  маң төбет емес, оның орнын басқан шәу-шәу үрген кіп-кішкентай ғана ақ күшік.  Міне, поэзия! Дәп өзі! Осы! Ақындық аруағы қозып титімдей бір эпизодты әсірелеп берудің тәсілін, ұтырын  керемет тапқан.

…Ақша бұлт жүзіп төбемде,

Жібиді қатқан тас денем.

Бәрінен қорлық көрем де,

Жазамын жылап жақсы өлең…

Иә, қандай жағдайда да Марат жазса тек жақсы өлең жазды. Ол негізі нәзік сезімді, сыршыл лирик ақын. Бірақ оқтын-оқтын патриоттық, эстетикалық тақырыптарға да айналып, үйіріліп соғып отырған. «Қаспий толқыны» атты өлеңінде:

Толқының шабыт құйған жанға кілең,

Қарт Каспий алаулаған арманым ең.

Әруақыт сенің төсің қарсы алатын,

Алқызыл шұғылалы таңдарымен.

Өрендер еңбек етіп қолтығыңда,

Тербелген, тебіренген толқыныңда.

Өзіңнің айдыныңның маржанымен,

Қоймасын Ұлы Отанның толтыруда… –

деп теңіз бен еңбекті егіз өрім етіп, әдемі ұштастырған. Ал «Отан» деген толғауында:

…Сен үшін өсіп құлпырып,

Келемін ғажап Отаным.

Кеудеңде тұр ғой сыр тұнып,

О, менің азат Отаным, –

деп тебіреніпті. Енді бірде:

…Күмбірлеп жатыр жырлап жыр ізімді,

Аққан тер бақыт болып күн ұзынғы.

Сонда алдық бидайың мен мұнайыңды,

Сонда іштік ақ сүтің мен қымызыңды… –

деуі де туған жерге арналған табиғи толғаныстың, шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі. Ол кіндік қаны тамған өңірдің, өскен ортасының талы мен терегін, жусаны мен жуасын, шиі мен шағырын… бәрін, бәрін ауызынан тастамайды, қалам ұшына іліктіреді. Мінеки:

Қырларға қорек табылған,

Шақырды бізді қанша үміт.

Құмаршық қақтық шағылдан,

Желкегін жедік тамсанып… –

деп одан әрі еліктіре, желіктіре түседі. Қандай әсем! Өлең жолдарын оқыған сайын ақ сүт пен бал қымыз, құмаршық пен желкек, ақ шағыл мен бадана көз бидай… түгел тізіліп көз алдыңнан өтеді. Ел байлығы жер асты мұнайын да сөз етеді. Жырларында Тайсойғанының адыры мен бұдырын тегіс білетінін, тар көшеде, тастақ жерде өспегендігін байқатады. Ақындық аңғарым деген осындай бір ғажайып түйсік. Ол өз өлкесін қызыға, құмарта поэтикалық құштарлықпен жырлаудан танған емес.

…Ертемен тұрып жөнелсем,

Сейілер селдір тұманың.

Қымбатсың маған өз өлкем,

Қанады қашан құмарым!

Қанады қашан құмарым,

Жеткізбей түбі сырыңның.

Мен де бір жанған шырағың,

Мен де бір тентек құлының.

Солай, Марат сайын даласының тентек құлыны болып шапқылады, шырағы болып алаулады.

Бала едік біз, дүние-ай, балғын едік,

Балғын едік әр үйде әрбір елік.

Көк шалғынның ішінде жасырынып,

Көк аспаннан жатушы ек жаңбыр еміп… –

Бұдан асырып не айтуға болады?!. Көз алдыңызға елестетіңізші, нағыз пейзаж, табиғаттың тамылжыған көрінісі ғой бұл.

«Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясымен (отызыншы ретпен) Алматыдағы «Арыс» баспасынан 2002 жылы жарық көрген Мараттың кітабындағы ақын Төлеген Айбергеновті жоқтаған жыр циклдары кім-кімді де толқытпай, толғантпай қоймасы ақиқат. Бұлар шын ақынның шын ақынды іздеуі, мұңды зары. Балықшы ауданының «Каспий таңы» газетінде бірге қызмет істеген ақынның қаламдас досы  Тасмұқан Тінәлиевтің алғысөзімен, шығармаларының бас-аяғын жинақтауға тырысқан талпынысымен шыққан бұл жинақта ақынның өлеңдері мен толғауларының,  монологтары мен арнауларының дені жарияланған. Неваның, Әмудың жағалауларында, Украина, Түркмения атыраптарында жүрген шақтарында ақындық аруағы қозған. Есенинмен үндескен поэтикалық шалқулары да жан толқуымен тоғыстырады. Тарас Шевченкомен, Құрманғазымен сырласады. Құрманғазы туралы ұзақ толғауды тегін шығарып жүрген жоқ. Өзі де домбыраны тым тәуір шерте білген. Сонымен қатар, «Жас дәурен», «Машинист әні», «Каспий толқыны» атты әндерге мәтін жазуы ән ауылынан алыс болмағағанын байқатады. Өлеңдерінде тілге тиек етілген жер-жиһанға, ел-жұртқа, аймақтарға қарағанда бармайтын жері, аспайтын асуы жоқ сияқты, кейбіреулеріне қиял кемесіне мініп барып қайтқан. Нағыз тапқырлық. «Өмір» атты бір өлеңінде:

…Бақыттың жүрегімде бұлағы мың,

Күлімдеп көңіліме туады күн.

Болашақ жақсы күнге аттандырып,

Әр минут беріп жатыр куәлігін… –

дегеніндей ол  күн сайын, сәт сайын жақсы күндермен жолығысатын еді. Бірақ, Мараттың кәнігі сырласы Сәуірбай Есімов өзінің «Атырау» газетіндегі «Бұлақ суындай мөлдір жырлар»  (1999 жылғы қаңтардың 28-«) деген мақаласында жазғанындай «Марат егделік тірлік кешпей өтті. Ғұмыры тек жастық шақтан ғана тұрады». Сөйте тұра, ол соңына жыр-мұраларын, айтып жүрерлік есті естеліктерін, ауыздан-ауызға көшіп жүретін тентек өлеңдерін, тыңдағанның езуін жиғызбайтын әзіл-қалжыңдарын, табан астында туындататын анекдоттарын, шымшымалары мен бірқақпайларын молынан қалдырып,  өзін өлеңнің  ұстасы екендігін таныта білген ақпа-төкпе ақын.

Үш ұрпаққа сыр айтуы қандай үйлесімді?! Исатайлардан бергі ұрпақтардың ақтар болып, қызылдар болып айқасқан шағын, соғыстағы қанды ұрыстарды, жолдастарын қиналып тұрып жерлеп, майдан даласына аяғын тастап балдақпен оралған ерлерді, аталар жүрген жолмен жүріп, артында із қалдырғандарды, кейінгілердің аңыз ғып айтқан тұстарын ұштастыра жырлауы бүгінгі ұрпаққа сабақ. Осы тақырыппен «Белгісіз солдат қабірі» деген жыры да керемет үндеседі. Оны көріп «Кімнің қабірі едің сен…» дегендей сұрақтың астында қаласың.

…Жүректі биледі тосын мұң,

Еңкейдім мұң толы кеудемен.

Мүмкін сен менің жан досымның

Әкесі шығарсың келмеген… –

деген жан толқынысын оқып «рас-ау» деп бас изегің келеді. Мараттың өлеңдерінің қай-қайсы да осындай адамды ойға жетелейді. Сөз өнерінің құдіретін шебер қолдана білген.  Толғантады. Күрсінтеді. Теңеу мен айшықтауға толы. «Әкелер», «Ескерткіштер қара тастан соғылған…», «Шекарадағы досқа хат», «Қырандар» және басқа да жырлардың көтерген жүктері жеңіл емес. Адамдарға патриоттық рух береді, жігерлендіреді. «Дариясы ақылдың» деген шағын жырының да көтеріп тұрған салмағы ап-ауыр.

…Бұл күні ғажап толғаусың,

Тамсанады сізге талайлар.

Өлең бар жерде сен барсың,

Қазақ бар жерде Абай бар.

Осылайша кіп-кішкене толғау арқылы адамзаттың Абайының даңқын одан әрмен зәулім биікке көтеріп тұр. Иә, солай, қазақ бар жерде Абай бар!

Өртелмей қалған   жәдігер еді-ау

Ақындық шалқар шабыты өз алдына Марат телегей-теңіз ой-өрістің иесі де. Оны өлең-жырларымен қатар жазысқан хаттарынан да жазбай танып, көріп-білуге болады. Республикалық «Жалын» көркем және қоғамдық-саяси журналының 1994 жылғы наурыз-сәуір айларын қамтитын №3-4 санында «Аманат» деген айдар аясында Марат Отаралиевтің 26 хаты мен сол үшбу хаттардың ортасында екі көлемді өлеңі жарияланған. Олар Мараттың  Алматыда, Жетісайда тығыз  қарым-қатынаста болған сырлас досы, қазақ теледидарында редактор, шолушы, бөлім меңгерушісі, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, қаладағы кәсіптік-техникалық училищенің, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының директоры қызметтерін атқарған,  бірнеше өлең кітаптың, екі пьесаның авторы  Әлібек Мейірбековке әскер қатарында жүргенінде жазып, жолдаған хаттары еді. Редакцияға алғысөз жазып жіберген Әлібектің жерлесі, белгілі ақын Мылтықбай Ерімбетов. Ол журналға «Тағдырмын ерте жоғалған» деген атаумен Мараттың жеке суретімен қоса басылған. Түркменстанның Мары қаласынан, Москва түбінен жазылған хаттар 1963 жылғы наурыздың 30-ы мен 1965 жылғы қарашаның 13-і аралығын қамтиды. Сол бір сырмен көмкерілген хаттар легі бертінде, дәлірек айтқанда «Таң-Шолпан» журналының 2018 жылғы №2 санында Мылтықбай Ерімбетовтің «Хат деген көздің жасындай…» деген түбірінен жаңартылып, қайта толықтырылып жазылған эссесімен қоса тағы да жарияланды. Эссе мәтіні алдыңғысынан мүлдем өзге. Хаттарда шертілген сырлар мен әлемдік деңгейдегі әдебиет, поэзия хақындағы ой-пікірлер, талдаулар, пайымдаулар, түйіндер қаншама, ағыл-тегіл?! Мылтықбай Ерімбетов Маратты «Адуын мінезімен сыбағасынан құр қалған асқақ ақын» депті. Ол бұл хаттардың Әлібек Мейірбековтің жеке мұрағатынан өз қолына қалай түскенін бүкпесіз баяндапты: «…Әлекең сырқаттанып Алматыдағы қызметін тастап, амалсыз елге келіп, емделіп, газетте істеп жүрген кезі екен. Сол аралықта Марат Отаралиев та дүниеден өткен көрінеді. Бір күні… Мараттың өзіне жазған хаттарын көрсетті. Шіркін, мәнерлеп жазылған маржандай сөздер, сұлу қолтаңбалы ақынның көзіндей болған сол қағаздар маған қандай ыстық еді десеңізші. Жай адамдар айтпайтын ғажайып сөздер жазылған әдеби пікірлерге толы Мараттың хұсни  хаттары мені баурап алды. Сөйтіп әдеби орта деп аталатын сиқырлы әлемге Отаралиевтің ойлы хаттары арқылы сырттай еніп кеттім… Күндердің күні болғанда тағы бір барғанымда (1985 жылы) көңілі сұлық, көкірегі тұнық ағам қоңырқай өмірге өкпелеген сыңаймен ескі қағаздарды ренжи қарап отыр екен.

– Төлеген (Айбергеновті айтады. Т.Ж.) Каскелеңде тұрғанында нашар өлеңдерін өртеген екен. Сол есіме түсіп ескі қағаздарымды, хаттарды, жаман өлеңдерімді өртейін деп отырмын, – деді сұлық көңілмен. Көзім түсіп кетті, көк сиямен жазылған Марат хаттарының бір бумасы да жүр. Астапыралла!

– Мынаны өртемеңіз, маған беріңіз, – деген ащы дауысымның қалай шығып кеткенін білмеймін. Ол хаттарды маған берді. Өкінішке қарай, Әлекең өзінің Марат хаттарына жазған жауаптарының көшірмесін әлдеқашан жойып жіберіпті…». Міне, осылайша Мараттың хұсни хаттары ақын жерлесі Мылтықбай Ерімбетовтің арқасында басы бүтін жоғалып кетпей аман қалып, бүгінге жетіп отыр. Қолға түсуі қиын жәдігер ғой бұл. Хаттардағы ғаламат сырлар тоғысына, ойлар өрісіне, пайымдар шоғырына кезігіп толғанасың, тебіренесің, оның иесінің қандай кемел ақыл-парасатпен астасқан адам болғандығын мойындайсың.

Әр хаты «Әлібек» деп  басталады да әрі қарай шалқиды келіп, шалқиды-ау. Ортасында «Әл-аға!» деп қойып досына «Октябрь», «Москва», «Новый мир» сияқты журналдардағы сын мақалаларды жібермей оқы. 1962 жылы көп жақсы мақалалар жарияланыпты. Сауатты болған жақсы ғой» деп сөз ортасына ақыл-кеңесін қосып қояды. Осы 1963 жылғы наурыздың 30-ында жазған хатында өз арман-қиялдарымен былай бөліседі: «…Менің қазір керемет өлеңдер жазғым келеді. Армиядан кейінгі күндерім ғажап, әдемі сияқты. Барған жылы кітабымды шығарып, сосын толық әдебиетке ауысам ба деп жүрмін…». Мұндай асқақ армандар өр мінезді ақынның әр хатынан қылаң береді. «…Жұмекен ойшыл ақын ғой… менің тентектігімді өте ұнатушы еді. «Саған байлықтың, дүниенің түкке де керегі жоқ қой, өйткені достарға байсың, өзің еркелей де білесің оларға» деп отыратын маған. Кейде мен жоқта әйелі Нәсіпке: «Біздің Марат ерте өліп кететін сияқты. Кейде бір ақындардың үйінде қонақта отырғанда кенет өнер шығарып, өзгені өзіне тартып алады. Оны жек көретіндер де сол сәтте көп төмендеп, жасып қалатын сияқты» дейтін көрінеді. Ол менің ақымақтығым екенін қайдан білсін. Мен әлі де жалтылдай алармын. Қайтып оралғасын қатын алып, өмірді дұрыстап аламын да, шарықтап көремін» деп алғаусыз пейілмен ақтарыла сырын айтыпты. Осы жерде болмыстары ерек екі ақынның арасында биязы түсіністік жатқаны аңғарылады.

Араға 9 күн салғаннан кейінгі хатында «Әлібек! ВГИК-қа дайындалып жүргеніңе қатты қуандым… Службадан кейін мен де Москваға, Әдебиет институтына барғым келіп жүр. Ол төрт жыл ғой. Мен үшін сол пайдалы екен… Әлібек! Аксеновтың «Коллеги» деген кітабын қалайда оқып шық. Әдемілікке үйретеді… Менің бұрын әрі отты, әрі нәзік ақын болғым келуші еді. Енді басқаша, терең ойлы, парасатты жазушы болғым келеді…» деген арман, мүддесін алға тартады. Келесі бір жазғанында: «…«Лен. жастан» өлеңімді оқыдым. «Октябрьдің» 1962, №6-дан Е.Исаевтың «Суд памяти» поэмасын оқы. Күшті дүние, «Қабырғаталға» рецензия жазып жібердім Әбішке. Ол кітап күшті шықпапты… «Жұлдыздың» №6-сына менің суретім мен өлеңім шығады… Кейбір өлеңдерім орысшаға аударылды, жақында округтік әскери газетке, мүмкіндігі болса москвалық «Красная звезда» газетіне жариялануы мүмкін. Р.Рождественскийдің «Реквиемін» оқыдым. Мен енді жазуым керек…» деп әскери сапта жүрсе де әдеби әлемнен алыстап кетпегенін білдіртіп өтеді. Тағы бір хатында: «Жұлдыз» журналының №6-сын алдым. Редакцияның өзі жіберіпті. Сыртында «Марат Отаралиевке, Құрметпен «Жұлдыз» журналының редакциясы» деген жазу бар. Сірә, Қадырдың ұйымдастыруы шығар. Сен көрдің бе? Менің баяғы күйім… Айтпақшы, сен журналистер бөліміне ауыспақшымын дегенді жазыпсың. Қайтесің. Бойыңда от болса қайда да жағасың. Рас, Москваның бір биігіне орналасқың келсе (институт) оған келісіп, қолыңды қысар ем. Ал Алматыдағы сенің оқып жүрген орның дәрежесі тәуір жер. Соның өзінен-ақ отың болса, шарықтап көруге болады» деп досына бағыт та беріпті. Келесі бір жолы: «Менің адресім тағы да өзгеріп, Москва түбіндегі Дядьковаға қайта оралдым» дей отырып демалыста Италия мен СССР футболшыларының кездесуіне қатысқанын, өте жақсы ойын көргенін, алған әсерін, Москва радиосының Робертиноның концертін бергенін баяндай келіп, өз пікірін елдің кинофильмі жөніндегі мәселеге ауыстырады. «Колесникованың «Сов. экран» журналындағы «Қазақфильм» туралы мақаласын оқып, қатты өкпелі болып жүрмін. «Алдар көсе» фильмін шығарамыз депті. Құрманғазы қайда? Оның өмірі бір фильмге сюжет емес пе екен? Ол жайлы эпопея, ол жайлы драма, ол жайлы фильм, ең соңында, ғажап күйлердің ырғағы тыңдаушыларын егілтіп отыратын опера неге жазбасқа» деген салиқалы пікірін қағаз бетіне түсіріпті, ел-жұртының өнеріне деген жанашырлығын, алаңдаушылығын білдіреді.

«Әдебиет жайлы, дүниежүзіндегі искусство тірлігі туралы, Селлинджер, Аксеновтер жөнінде бәрі-бәрін аударып-төңкеріп, егіліп сырласпас па едік біз. Ол күндер келеді әлі. Біз одан да әдемілендіріп жібереміз. Ол үшін дүниенің бар талантын, отын, сұлулығын бойымызға жинай берелік. Келісейік, Әлібек!» деп 1963 жылғы қазанның 24-інде тағы бір мақсат, мүддесін алға ұсынады. Сөйтіп, шалықтап, қиялға берілген ол Түркменияға қайтып  оралған соң түп-түгел өлеңге берілетін ойын айтады және «…Сандаған жоспарым бар. Түгел болмағанмен жартылай болса да орындай алсам  сол жоспарларымды, онда Алматыға үлкен дүниемен формалы қалыпты тым салмақты оралуым мүмкін. Оған жағдай да бар сияқты. Тек кеудедегі от лапылдай алса» деген өзіндік тұжырымын жеткізеді. Бір хатында Д.Граниннің «Иду на грозу» романын оқып бітіргенін жазып, оны досына да оқуға кеңес береді. Марат досы Әлібектің шығармашылық өрісін де қадағалап, хат арқылы өзінің ақыл-кеңестерін беріп, сараптауды бір міндеті санаған сыңайлы. Оған 1963 жылғы желтоқсанның 11-індегі ұзақ толғаныстан туындаған хатын оқығанда көз жеткізуге болады. Әлібектің «Уақыт және адам» атты поэмасын өз ой елегінен өткізіп барып, достық пікір, ұсыныстар айтуға кіріскен. «Үлкен тақырып қой, оны кішірейтіп, әдемілендіріп жазуға да, не еркін шалқып, еліріп жазуға да болады. Оған тарих уақиғаларын санап жатудың қажеті жоқ. Кейбір ғажайып көріністерді алып суреттеп, сол арқылы күтпеген жерден оқушы жүрегін сілкіндіріп жіберетін философиялық ой айтып салуға тырыс» деген ақыл-кеңесін айтып:

«Ал, досым, түр енді құлақты,

Уақыт әңгіме қозғайды.

Сенімен екеуміз сияқты,

Сұлу қыз, қарақат көз жайлы,

Әсем ән, отты жыр, сөз жайлы,

Уақыт тереңнен қозғайды, –

деп бастапсың. Осы шумақтағы «әсем ән, отты жыр, сөз жайлы» деген жолдың керегі жоқ. Өйткені шумақ осы жолды өңменінен итеріп, ығыстырып тұр. Алдыңғы жолдың етегіне жармасып сәнін кетіретін сияқты. Мен жаңағы басқы шумақты былай түзетер ем:

Тыңдалық бір сәтке тіршілік,

Уақыт әңгіме қозғайды.

Уақыт тұңғиық тереңнен қозғайды,

Жыр жайлы сөйлеген күрсініп,

Күлкіге көмілген көз жайлы,

Әңгіме қозғайды».

Осылайша тағы екі шумақты талдайды, өзіндік түзетулерін енгізген болады, бағыт-бағдар береді.

«Ал тыңда, өлмейтін жаңғырып,

Кінәсіз ақ махаббат жайлы, –

деп махаббатты жырлап кетудің керегі жоқ. Философиялық тақырыпты сөз еткенде, махаббат құнын жойып алады. Одан аулақтап, қашып отырған жөн…». Мараттың пайдалы кеңестер легі әрі қарай жалғастырылып, жұлдыздарды зерттеген Ұлықбек, мың сан кітабы, ғалымдары бар Отырар қаласы туралы ой қозғап, тақырыпты Қыз Жібек, Баян сұлу өмірлерімен ұтырлы ұластырғаннан кейін өз айтар пәтуасын былайша ұштастырады: «…Не болған күнде де поэмаңды жазып бітір. Менің көп талап қойып жіберуім мүмкін. Бірақ автормен келісім үстінде болам ылғи. Жақсы поэма күткім келеді. Назым Хикметті кеп оқысаң. Поэмада үлкен жайттарды айтып отырып арасына нәзіктікті қосып, егілтіп жіберуге тырыс. Мысалы:

Уақыт – ұмытылған ескі өмір,

Уақыт – сағынтқан дос хаты.

Түсіндің ғой, ә? Ескі өмірдің ұмытылуы үлкен дүние болса, дос хаты жаңағы ойдан жұлқып алып шығып, жеке басыңның мұңын сыбырлап өтеді. Ішкі байқаусыз контраст, соған шеберленіп көр» деп өзі де шеберлік сағатын өткізгендей болады.

(Жалғасы бар)

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,  Х.Досмұхамедов

атындағы Атырау университетінің құрметті профессоры

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз