«Сәулелі сәт»

screenshot 4 16 Мәдениет

ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ, МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ, «КЕҢ ЖЫЛОЙ» ГАЗЕТІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫ СӘУЛЕШ ШӘТЕНОВАНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ ОСЫЛАЙ АТАЛДЫ.

Атырау қалалық орталық кітапханасында өткен тағылымды шара шымылдығы Д.Нұрпейісова атындағы академиялық колледжінің ән-хор бөлімі студенттерінің орындауындағы «Туған жер» әнімен ашылды.

– Сәулеш Тәжіқызының шығармашылығы – әр қырлы, сан саланы қамтитын рухты өлеңдер. Оның бойында ақынға тән адалдық пен аңғалдық, терең білім мен жанжақты ізденіс бар, – деген «Сарайшық» журналының бас редакторы, ақын Гүлзада Ниетқалиева ақынның шығармашылығы жайында толғамды пікірін білдіріп, құттықтауын жеткізді.

Сәулеш Тәжіқызы 35 жылдан астам уақыт Жылыой ауданының айнасы «Кең Жылой» газетінде қызмет ете жүріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. Еңбек жолын қарапайым тілшіліктен бастап, 20 жылға тарта «Кең Жылой» газеті редакциясын басқарып келеді.

Сондай-ақ, кеш барысында ақынның шығармашылығы жайында әріптесі Бауыржан Омардың жазбасы да оқылып, ақын табиғатының әр қырын аша түсті. Облыс орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектептің оқушылары ақынның отты өлеңдерін жатқа айтып, тыңдарманның рухын бір оятты. Көрермен қиялын поэзия әлеміне жетеледі. Ән мен өлең қатар өрілген шығармашылық кеште кеш иесі ауыл тіршілігі, өмір жолы, балалық шағынан естеліктерімен бөлісті. Кітапхана қорына өзінің «Сәулелі сәт» және жуырда ғана тұсауы кесілген «Күн тозаңы» атты кітаптарын сыйға тартты.

Жырға құмар көрермен ақынның отты жырларынан өзгеше рух пен эстетикалық ләззат алып тарқасты. Оқырмандардың сұрағына жауап беріп, жырларының шығу тарихына да тоқталды.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ

Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз