СЫРЛЫ ДҮНИЕ

Драматург Қ.Ысқақтың аудармасымен сахналанған Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббат» драмасы неміс әдебиетінен алынған аударма. Жалпы тақырып – ымырт-кешкілік уақыт, яғни адам өмірінің қартайған шағын салыстырмалы түрде кешкілік уақыт деп алып, махаббатын кеш жолықтырғаны жөнінде. Сонымен қатар, өткен ғасырдың басындағы адамдар тағдыры мен отбасылық өмірі жайындағы туынды. 

М.Әуезов театрының актерлері әр образды сомдау арқылы жеке адамның психологиясы мен ішкі ой толғаныстарын сондай әсерлі жеткізе білді.
Өрімдей жас қыз өзінен бірнеше жас алшақтығы бар адамға ғашық болады. Сол сезім жолындағы күрес егде жастағы ер адамды әулетінен алыстатады. Адам жасы ұлғайғанмен, көңілі қартаймайтынын ескерген драмадағы Матиз мырза отбасылық қиындықтарға қарамастан, өзін бақыттың құшағында тым еркін, ессіз ғашықтай сезінеді. Оның бұл қылығы айналасындағылардың күдігін туғызып, кейіпкерді есі ауысқандардың қатарына жатқызады. Ал, қыздың бейнесі сырт көзге соншалық балғын да шағын, қаусаған шалға ынтызарлығы мүмкін еместігі, яғни түптің түбінде көкейінде бір мақсаты бар қыз болып көрінуі, әрине, заңды нәрсе. Алайда, адам сезімі мұндай арзандыққа бармайтындығына олардың шынайы махаббаты, өзара түсіністігі дәлел бола алады.
Қойылымдағы кейіпкерлерді сомдаудағы актерлер шеберлігі ерекше. Матиз мырзаның роліндегі халық артисі Асанәлі Әшімовтың шеберлігі көрермендерін баурап алды. Сахна мен кино өнерінің хас шеберінің қатысуы драманың көркемдігін арттырып тұр. Қай актердің сомдаған кейіпкерлерін алсақ та шеберліктеріне тәнті болдық.
Қорыта айтқанда, махаббат деген адамның еркінен тыс ешқандай тұсаулауға бағынбайтын, жас өлшеміне сыймайтын, оны екі адамның жан дүниесінің тоғысулары ғана дәлелдей алатын тылсым Һәм ерекше сезім екендігін түсіндік.

Айгерім ТҮСІПҚАЛИЕВА,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік
университетінің студенті.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз