РУХТЫ КӨТЕРГЕН ӨРШІЛ ӘУЕНДЕР…

Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияда Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Атырау қалалық әкімдігі және «Алтын топшы» қоғамдық бірлестігі  ұйымдастырған «Ән мен жырдың арқауы – Ұлы Жеңіс» атты қалалық патриоттық әндер байқауы өтті.

 

Байқауға жоғары  және арнаулы орта оқу орындарының студенттері қатысып, бақ сынады. Сайыс ережесіне сәйкес, үміткерлердің әрқайсысына екі әннен орындауға мүмкіндік берілді.  Алғашқы болып сахнаға шыққан Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті Айбар Ғаниұлы ақын Р.Ғамзатовтың сөзіне жазылған Ян Френкельдің «Журавли» және композитор Т.Мұхамеджановтың  «Отан» (өлеңі М. Мақатаевтыкі) әндерін орындады. Айбардың келісті келбетінен, өзіне жарасымды сыртқы имиджінен оның жас болса да сахна мәдениетін меңгергендігі байқалады. Кең тынысты баритон дауысы да табиғаттың тамаша тартуы дерсің.

Сондай-ақ, Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінің студенттері Айдар Бекетовтің орындаған «Көк тудың желбірегені»  және Әсемгүл Амангелдінің орындауындағы «Ана туралы баллада» әндері де байқаудың талаптарына сай таңдалған туындылардың бірі болды. Ал, Атырау мұнай және газ технологиялық колледжінің студенті Саят Құлшаевтың домбырамен орындаған «Жас қазақ» әні әсерлі бейнекөрсетіліммен ерекшеленді.     

Осылайша Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне арналған патриоттық әндер байқауы мәреге жетіп, әділқазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар анықталды. Байқау нәтижесі бойынша, Әсемгүл Амангелді  және Қатира Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледж студенті Мөлдір Мұхтарова, Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінің шәкірті Ақбөбек Тәттібекқызы ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Айдар Бекетов, Саят Құлшаев және Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінің студенті Алтынай Несіпбаева III орынды  жеңіп алды.  Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенттері Ержан Мырзахметов  екінші орынды  еншілесе, Айбар Ғаниұлы  бірінші орынға ие болып, байқау жеңімпазы атанды. 

Сайыстықорытындылаған қазылар алқасының төрағасы, әнші, Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармония басшысының орынбасары Хамил СҮЙЕКБАЕВ: – «Сайыста жеңіске жету үшін көп еңбектену қажет. Кейбір қатысушылардың дайындықтары аз болған сияқты. Ең алдымен, байқау жүргізушілері сахнада орындалатын әнді дұрыс хабарламады. Кімнің әні, сөзін жазған кім? Тым болмаса әннің аты аталмай ма? Қатысушылардың өздері де мұны ескермепті. Ал, орындаушылық шеберлікке келер болсақ, кейбір әндерде айқай басым. Әннің өзінің әуені бар, шама келгенше сол нақышын бұзбаған жөн», – деп байқаудың өту деңгейі жөнінде өз ескертулерін айтты.

Байқау жеңімпазы атанған Айбар Ғаниұлы (суретте) өзінің жеңіске жетуіне ұстазының сіңірген еңбегі зор деп есептейді.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз