ЖаңалықтарМәдениетҚоғам

Күйді эстрада бағытында орындау – оны қорлаумен тең

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы елімізге қозғау салғаны ақиқат. Ұлттық құндылықтар мен руханиятымызды дамыту мақсатында дәстүр мен жаңашылдықты сабақтастыра отырып, ұлтымыздың өзіне тән келбетін, салт-дәстүрі мен халық өнерін ертеңге жеткізуді нысана еткен өнер адамдары Атырау өңірінде болып, аймақтың мәдени-рухани өмірінің көкжиегін кеңейтуге өз үлестерін қосуда. Солардың бірі – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық қазақ  халық  аспаптар оркестрінің бас дирижері Арман Жүдебаев. Өнерпазбен Атырауға келген сапарында жүздесіп, сұхбат алған болатынбыз.

EAC4799

– Атырау өңіріне қош келдіңіз! Жиырмадан асқан шағыңызда қазақ өнерінің киесі дарыған Құрманғазы атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері атандыңыз. Бұл дәреже, бұл лауазым сізге қандай жауапкершілік жүктейді?

– Құрманғазы оркестрі — Ахмет Жұбанов негізін салып, іргетасын қалаған, КСРО Халық әртісі Шамғон Қажығалиев 40 жыл бойы бас дирижерлік еткен өнердің қарашаңырағы. Иә, 26 жасқа толар-толмаста аталған өнер ұжымына бас дирижер атандым. Әрине, қазақ өнері корифейлерінің ізін басу, олардың сеніміне сай қызмет ету – зор жауапкершілік. Оның үстіне, өзіңіз білесіз, Шамғон ағамыз Могиканның соңғы тұяғындай біртуар тұлға еді ғой. Ол кісіден кейін киелі ордаға жетекші болуға жүрексінсем де намысымды қайрап, талабымды өрге оздырдым. Маған осынау оркестрді аманат етіп кеткен ағаларымның аруағы үшін өзімді қамшылауға тура келді. «Аманатқа қиянат жасамау» деген ұғым бар қазақ халқында. Міне, осы даналық жатсам-тұрсам ойымнан кетпейді. Сол дәрежеден түсірмеу керек, заман талабына сай дәстүрді жаңғыртып отырған да жөн. Әлбетте, мен басқарып отырған өнер ұжымына кілең «сен тұр, мен атайын» дегендей, талантты өнерпаздар сайдың тасындай іріктеліп алынған. Олардың кәсіби деңгейінің өзі өте жоғары, соған сай болу үшін еңбектенуге  тура келеді.

– Сіз — танымал дирижерсіз, әрі дәулескер домбырашысыз. Қазіргі таңда жастар күйді эстрадаға қосып жүр. Бұған қалай қарайсыз? Бұл – жаңашылдық па, әлде, ұлттық құндылықты жоюға жасалған қадам ба?

– Күй – Тәңірден берілген сый, табиғаттан дарыған құдіретті күш. Шетсіз-шексіз әуендер қазақ даласының символикасы іспетті. Сонау Алтайдан Атырауға дейін, теріскейден түстікке дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр кең даламыз маған кейде  күй тартып тұрғандай болып көрінеді. Күй атасы–Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, күй анасы — Дина осы бір шексіз әуенді бүгінгі ұрпаққа домбыра арқылы жеткізіп кетті. Олардың бізге берген ұлы мұрасын ертеңге апару – қасиетті парызымыз. Сол себепті, күйді жұлмалауға қарсымын. Мүмкін, қазіргі жастарға эстрадамен жеткізілген күй түсінікті шығар. Алайда, онда күйдің өзі үлкен өзгеріске ұшырайды, кей жерлері мүлдем өзгеріп кетеді. Әлбетте, домбыра мен эстраданың бірлігін мүлдем жоққа шығаруға да болмас. Бірақ, халықтың ұлы мұрасын, ұлттық дәстүрін бірінші орынға қоюымыз керек. Қандай жағдайда да күйдің түпнұсқасы сақталуы шарт. Жастар домбыра тарту осы деп ойлап, жеңіл табысқа, арзан  даңққа әуес. Алайда, ұлт құндылығын дәріптеп, болашаққа жеткізу үшін көп ойланған дұрыс.

– Құрманғазы атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрімен шет елдерде жиі боласыз. Қазақтың күйіне деген көзқарас қандай?

– Иә, гастрольдік сапарларға жиі шығатынымыз рас. Сол кезде байқағаным, шетелдіктер Бетховен, Шопен, Бахтардан гөрі, қазақтың дәстүрлі музыкалық мұрасын — күйді алып келуді өтініп жатады. Шет елдің талғампаз көрерменін музыка классиктерінің шығармаларымен таң қалдыра алмайтынымыз анық. Олар – өз дәстүрін қалыптастырған жұрт. Олардан асырып ойнай алмайтынымыз даусыз. Сондықтан, шет елге Құрманғазы, Диналар қалдырған асыл өнерді насихаттаймыз. Әлі есімде, Германияда өнер көрсеттік. Құрманғазының «Сарыарқасы» орындалғанда, бір егде жастағы адам көзіне жас алып, бізге айрықша қошемет көрсетті. «Қазақ деген ұлтты, қазақ  даласын, үнін осы күй танытты. Біз енді қазақтың ұлттық мұрасын жақсы түсінеміз, іздеп жүріп оқимыз, тыңдаймыз» деді. Шетелдік кәсіби музыканттардың өзі «Екі ішектен қандай ғажап дыбыстар беруге болады?» деп таңырқап жатады. Сол кезде шоқтығымыз биіктеп, төбеміз көкке бір елі жетпей тұрады.

– Шет елде гастрольдік сапармен болған кездерде өзіңізге ерекше әсер еткен оқиғалар болды ма?

– Әр музыкант үшін Америкадағы Карнеги холлдың сахнасында өнер көрсету – арман. Құрманғазы оркестрімен осы залда үлкен концерт бергенбіз. Айтулы оқиға деуге тұрады деп ойлаймын.

– Күй-тартыс о баста ақындар айтысы секілді импровизацияны талап ететін киелі өнер еді. Қазіргі таңда күй-тартысты төмендетіп алған жоқпыз ба?

– Сұрағыңыздың жаны бар. Күй-тартыс – сонау қадым заманнан келе жатқан үрдіс. Күйшілер алғаш кездескенде бір-бірін күй-тартыс арқылы сынаған. Ол жөнінде көптеген аңыздар да бар. Бұның өзі өлең тәрізді жүректен төгіліп, екі ішекті аралап, саусақ арасынан күй болып құйылуды қажет етеді. Ал, қазіргі таңда күй-тартысқа шыққан күйшілер бір-бірімен келісіп алады, жасандылық көзге ұрып тұрады. Күй-тартыста бір күй міндетті түрде аяқталуы керек. Ал, қазіргі жастар соны белден басады, бір буын тартып, сол буынмен бітіре салады. Өз өнерімізді, ұлттық мұрамызды қастерлеп, композиторлармен жазылған түпнұсқаны аяғына дейін орындаса ғана толыққанды күй-тартыс болады.

– Біреу қолына домбыра ұстаса, «күйші» деп дабырайтып жатамыз. Дұрысында, күйші кім, домбырашы кім, орындаушы кім?

– Бұл да – қазақтың Абай атамыз айтқан кемшіліктерінің бірі. Яғни, мақтанқұмарлық, даңғойлық. Қолына домбыра ұстағанның бәрін күйші деуге болмайды. Мәселен, Құрманғазы, Тәттімбет, Есбай, Сейтектер — нағыз күйшілер, Жаратушыдан дарын дарыған, арқа қонған аруақты өнер иелері. Қазіргі заманда да күйшілер бар. Қали Жантілеуов, кешегі өткен Рысбай Ғабдиев, Қаршыға Ахмедияровты күйші дейміз. Ал, басында әр адам өнерге, домбыраға қызығып, әуестенеді, қолына алып, күйшілер шығармаларын орындайды. Олар — домбырашылар. Есейе келе орындаушы болады. Күйшілік деген — үлкен өнер. күй өнерінің қалыптасқан мектептері бар. Төкпе күй, шертпе күй және басқалар. Міне, осы мектептерді жақсы меңгерген, жүрегінде жаққан сәуле бар домбырашылар есейе келе күйші атануы мүмкін.

– Сіз тәлім алған ұстаздар кімдер еді? Шәкірттеріңіз бар ма? Қазіргі таңда үміт күттіретін домбырашы-күйшілер деп кімдерді атар едіңіз?

– Мен Алматыдағы А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебінде дәріс алдым. Ұстазым – Перизат  Ұлтарақова. Оны бітірген соң Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияға түстім. Айтжан Тоқтаған ағамыздың сыныбына қабылдандым. Одан кейін білімімді шыңдау, кәсіби біліктілігімді арттыру мақсатында дирижер мамандығына оқуға құжат тапсырдым. Онда мені Нұрлан Жарасов, Төлепберген Әбдірашев, Қаршыға Ахмедияров сынды дарынды ағаларымыз музыка сиқырына одан әрі еліктіріп, тылсымына сүңгітті. Қазіргі таңда Тұмат, Құбыш, Қаршыға ағаларым дүниеден өтсе де, сол ұстаздардың тәрбиесін көргенім, тілдескенім — мен үшін үлкен мәртебе.

Шәкіртім — Болат Долдашев. Бүгінгі таңда Д.Нұрпейісова атындағы Атырау музыка академиясында қызмет етеді. Консерваторияда төрт жыл дәріс бердім, одан үлкен үміт күтемін.

Қазіргі кездегі бірегей домбырашылар, күйшілікке қадам басып келе жатқандар — Сәбира Бибатырова, Динара  Нұрбаева, Мұрат Әбуғазы, Абылай Тілепберген, Таңат Сәденовтер. Сәбира Бибатырованы Дина әжемізден кейінгі қазақ қыздарынан шыққан, елді елең еткізер күйші болар деп атап айтқым келеді.

– Болашақтағы жоспарыңыз қандай?

– Құрманғазы оркестрімен осы жылғы қазанда Францияға гастрольдік сапар күтіп тұр. КСРО Халық әртісі Шамғон Қажығалиев ағамыздың 90 жылдық мерейтойын өткізуге әзірлік жасап жатырмыз.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button