ДАРХАН ДАЛАНЫҢ ДАРАБОЗЫ

немесе Рахымжан Отарбаевтың Халықаралық театр фестивалі басталды 

Махамбет атындағы облыстық драма театрының алды қарақұрым халық. Ақ Жайық төсін арда еміп өскен атыраулықтар өздерінің жерлесі, әрі сүйікті жазушысы Рахымжан Отарбаевтың Халықаралық театр фестивалінің ашылу салтанаты болатынын естіп, бар жұмысын тастап, өнердің қара шаңырағының алдына жиналыпты. Өнер мерекесіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шетелдерден ат терлетіп 12 театр ұжымы келген екен. Олардың бәрін де қазақ өнеріне еңбектері сіңген мәдениет пен өнер тарландары бастап әкеліпті. Осынау Атырау топырағында болып отырған өнер мейрамын Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан ашты.

– Армысыздар, өнерсүйер ағайын! Қош келдіңіздер, Атырау жеріне ат басын бұрған майталман өнер иелері! Рахымжан Отарбаевтың Халықаралық театр фестиваліне қазақ өнерінің корифейлері, ардагер ағаларымыз қатысып отыр. Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың атынан театр фестиваліне қатысушылардың баршасына да алғыс айтқым келеді. Театр фестивалі – Атырау облысы үшін, ел мәдениеті мен өнері үшін айтулы оқиға.

 Театр фестивалінің әділ қазылар алқасының төрағасы КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Асанәлі Әшімов, мүшелері – халық әртісі, профессор Есмұхан Обаев, Монғолия Жазушылар Одағы Баян Өлгей аймақтық жазушылар кеңесінің төрағасы Сұраған Рахметұлы, Александр Грин атындағы сыйлықтың, Михаил Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері Георгий Пряхин, Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Бұсырман Одурақаев, Еуразия Жазушылар Одағының төрағасы Якуб Өміроғлы болуының да өзінің үлкен мәні бар.

«Театр» ұғымы көне грек тілінен шыққан. Алғашқысында құдайлар мен адамдарды байланыстырады деп сенген гректер осынау ұлы өнердің негізін салыпты. Сондықтан, қатысып отырған өнер иелері, ардагер ағалар, Сіздерді ерекше сыйлаймыз. Өйткені, Сіздер қазақтың дәстүрі мен салтын сақтап, өнер биігінен көрініп, жер-жаһанға танылуына өз үлестеріңізді қостыңыздар. Бүгінгі айтулы фестиваль өнер өрісінің дөңгеленіп, көкжиегі кеңейіп, халық мәдениетін қайта жаңартып, түлетіп, елдік рухтың өсуіне әкелері анық.

Атырау облысының қойнауы толы байлық деседі. Атырау облысы Рахымжан Отарбаев сынды өнер иелеріне де бай. Кез келген тауар сатып алынады, ал, талантты сатып ала алмаймыз. Ол бір күнде жасалмайды. Олар халықтың ішкі қуатымен ғасырлар бойы қалыптасады. Бұл театр фестиваліне өзек болған жағдайлар – осылар. Қазақстанның әр облыстарынан театр ұжымдары түгел қатысып отыр. Сонымен қатар, алыс-жақын шетелдерден де келіп отырған театр труппалары бағын сынамақ. Бұл фестивальді жыл сайын өтіп тұратын дәстүрлі мәнге ие болса дейміз. Рахымжан Отарбаевтың театр фестивалін ашық деп жариялаймын, – деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан.

Театр алдына қалы кілем төселіп, құрметті қонақтарды қарсы алу үшін Махамбет атындағы облыстық драма театры ұжымы әр кезеңде сахналаған спектакльдердің кейіпкерлерінің шығуы да өте бір тартымды болды. Бейбарыс сұлтан, Әмір-Темір немесе сонау орта ғасырлардың баһадүрлері, сылаңдаған сұлулар фестивальдің ашылуын әрлендіре түсті. Ал, КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың иегері Асанәлі Әшімов бастаған әділқазылар алқасы әппақ лимузиннен түсіп, театр баспалдағымен жоғары көтерілген сәттегі халық қошеметінде шек болған жоқ. Құрметті қонақтар театрға еніп, сахна төріне көтерілді.

– Ассалаумағалейкум, алқалаған әлеумет, жиналған халайық! Бүгінгідей қиын кезеңде бүкіл Қазақстан театрларын емес, бір театрды шақыру оңай емес. Елдің елдігі осындайда көрінеді! Бүгінгі өнер мерекесі, театр мерекесі қазақ драматургиясында өзіндік ізі бар, ізденімпаз, алғыр, бірбеткей, шығармашылығы да өзі сияқты ешкімге ұқсамайтын өзгеше жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевқа арналып отыр. Мұндай Халықаралық деңгейде өткізілген театр фестивалі – бұған дейін ешкімге бұйырмаған бақ. Халықтың болмысы, облыс азаматтарының қамқорлығы осыдан-ақ көрініп тұр. Шығармашылықты серік етіп жүрген, қаламы өткір, ойы алғыр, айтатыны көп, ойындағысы одан көп драматургке деген құрмет – бұл өнерге деген махаббаты. Рахымжан Отарбаевтың өнер тойы, қазақ театрының тойы құтты болсын, – деді Қазақстанның халық әртісі, профессор Есмұхан Обаев.

– Ассалаумағалейкум, бауырлар, Ақ Жайықтың жағасын емін-еркін жайлаған жұрт! Біз елге келдік, қазақ өнерінің тойына келдік! Қуанып келдік. Театр деген – киелі өнер. Онда барлығы да елдің көз алдында өтеді. Драматург Рахымжан Отарбаевтай таланттар қадау-қадау. Жазған дүниелері шетелге, басқа елдің тіліне аударылып, таныстырылып жүрген жазушылар көп емес. Рахымжан – солардың бірегейі. Кейбір ұлттар кішкене нәрсесін көтермелеп жүреді, ал, біздің халық зорайып көрініп тұрған ғажап дүниесін көрсетуге жоқ екені рас қой. Сондықтан, қолда бар талантты көтеріп, басқа халықтарға мақтана көрсетіп жүретін қасиетті дарытса деп тілеймін, біздің қазаққа!

«Ұлыларды тірісінде сыйлау керек»,-деген Қадыр Мырза Әлінің айтқаны бар. Мен бүгінгі тойға өзімнің жаңадан баспадан шыққан 7 томдық кітабымды алып келдім. Сонымен қатар, Елбасының алғысөзімен, қолтаңбасымен шыққан альбомымды да әкелген едім. Рахымжан ініме тарту етуге рұқсат етіңіздер, – деп ағынан жарылды КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың иегері Асанәлі Әшімов.

 Одан кейін сөз алған Мәскеудің «Художественная литература» баспасының директоры, Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтың лауреаты Георгий Пряхин:

– Бүгін күзгі жаңбырдың астында ғажайып бір көрініске куә болдық. Менің досым, керемет жазушы Рахымжан Отарбаевтың Халықаралық театр фестивалі ашылды. Рахымжан маған мен мүлде білмейтін, бейтаныс Қазақстанды ашты. Иә, мен бұрын қазақтарды түгелге жуығы орыс тілінде сөйлесетін, орыс тілінде ойлайтын, дүниетанымы да орыстарға ұқсас ұлт деп ойлайтынмын. Әрине, біз қателесіппіз. Ал, Рахымжан маған қазақтарды мүлде басқа қырынан, өзгеше қырынан танытты. Бұл жер, Атырау топырағы – көне заманның куәсіндей. Қаншама тарихи оқиғаларды бастан кешкен өлке! Мен 1961 жылы келген едім бұл қалаға. Ол Гурьев пен бүгінгі Атыраудың айырмашылығы жер мен көктей! Қазіргі Атырау – ертегідегідей сәулетті шаһар!

 Біз «Шыңғыс ханның көз жасы» деген туындысын оқыдық. Бір керемет, поэтикалық туынды, тіл ассоциациясына толы дүние! Мен бұндай ғажап дүниені бұрын оқымадым, кездестірмедім. Сондықтан, бұл повесть Ресейде 2015 жылдың үздік шығармасы деп танылды. ТМД достастығы елдері әдебиетінде оған тең келетін туынды жоқ! – деп жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Атырау қаласының Құрметті азаматы Рахымжан Отарбаевқа марапат тапсырды.

Осы шараға сонау Түркиядан ат басын бұрған Еуразия Жазушылар Одағының төрағасы Якуб Өміроғлы драматург Рахымжан Отарбаевқа өздерінің сый-сияпатын тарту етті.

– Рахымжан Отарбаев сияқты жазатын драматургтар өте аз. Оның шығармашылығына Шыңғыс Айтматовтың өзі жоғары баға берген болатын. Түркия баспаларынан да кітаптары жақында жарық көрмек. Келесі жылы фестивальге келгенде міндетті түрде алып кетемін, бұл жолы асығыс болып, үлгере алмадық. Осы фестиваль «Мұстафа Шоқай» спектаклімен ашылады екен. Мұстафа Шоқай – барша түркі жұртына ортақ тұлға! Ол пьеса түрік тіліне аударылуы тиіс. Түркия театрлары келесі жылы сол пьесаны фестивальге алып келеді деп сендіремін,-деді Якуб Өміроғлы өз сөзінде.

Монғолия Жазушылар Одағы Баян Өлгей аймақтық жазушылар кеңесінің басшысы Сұраған Рахметұлы да жазушының шығармашылығына аса жоғары баға бере келіп, көкбөрінің суреті тоқылған қалы кілемді жазушыға, тұлпар салынып тоқылған кілемді Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанға сыйлады және Рахымжан Отарбаевқа қазақтың салтымен шапан жапты.

– Бүгін біздің табанымыз қасиетті Атырау топырағына, Жәңгір хан билік құрған Бөкей ордасына тиіп отыр. Тәуелсіздіктің шуағы мен егемендіктің нұры тұнып тұрған Ұлы далада өнер тойы өтіп жатыр! Рахымжан Отарбаев – керемет дегдарлығымен таңқалдыратын суреткер. Шығармашылығының тамаша дәурені құтты болсын! Оның жазған туындыларының әлемге бет алуына, ешкімнің ықпалынсыз ғарыштық деңгейге шығуына қазақ дүниесінің де ықпалы бар. Рахымжан Отарбаев сынды таланттардың қанатының астында қазақ дүниесі де дүниежүзілік деңгейге шықты. Қазақтың Ұлы Даласында даусы шарықтап шыға бергей! Бүгінгі тойға түркі әлемінде өзіндік орны бар көкбөрі бейнесі салынған кілем әкелдік! Жазушыға соны тарту етеміз! Ал, өз бауырын «құлыным» деп соңынан ерткен қазақпыз ғой! Ағасының шығармашылығын биіктен көрсету үшін жанын салып жүрген Шыңғыс Мұқан бауырыма тұлпар бейнесі салынған кілемшені сыйға тартамын және ағамыздың иығына киелі қазақы шапан жабуға рұқсат етіңіздер, – деді Сұраған Рахметұлы.

Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі Бұсырман Одурақаев:

– Атыраулықтар, барша қазақ жұрты! Сіздерді әйгілі жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығының жоғары деңгейіне, халықаралық деңгейіне жетуімен құттықтаймын! Ендігі сөзді ұжымды бастап келген Темірлан Смалбековке беремін, – деді.

– Рахымжан – халықтан шыққан өнер адамы. Өнерде ешқандай шекара болмайды. Мәселен, ұлы Мұхтар Әуезов Шыңғыс Айтматовты қалай қамқорлап, әлемдік аренаға шығарды! Тоқтағұл, Абай сабақтастығы ше? Мына отырған Асанәлі ағамызды қырғыздарға да ортақ тұлға деп есептейміз. Өнер адамдары халықтарды біріктіреді. Біз шетелге келген жоқпыз, біз бір туғанымызға келдік! Рахымжан да қырғыз елшілігінде қызмет жасаған кезде өз бауырларын, туысын тапты. Он жылдан бері біз оның «Тағдыр» пьесасын қойып келеміз. Қанша қойылса да халық қаптап келеді, аншлагпен өтеді. Қырғызстанда 499 рет қойылған бұл спектакльдің 500-ші қойылымының Атырау жеріндегі фестивальмен тұспа-тұс келуінің өзінде үлкен мән бар, – дей келіп, Темірлан жазушының иығына қырғыздың ақ киізден басылған шапанын жапты.

Одан әрі Қызылорда облысы Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры әкелген «Мұстафа Шоқай» қойылымы тамашаланды. Спектакльдің басында Мұстафа Шоқайдың балалық шағынан көрініс бар. Онда ақ патшаның жарлығымен Қазақстанға орыс мұжықтарын орналастырып, қазақтарды өзен-көл жағаларынан, шұрайлы жерлерден шеттеткен отарлық саясат зобалаңы суреттелген. Бала Мұстафаның Николай патшаға, отарлық басқыншылыққа деген ыза-кегі сол бір кезден басталады екен. Одан әрі Түркістан мемлекетін құру үшін күресі, сол жолда қазақтың игі жақсылары – алашорданың басшылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновпен тізе қосып, ант берісіп, ұлт мүддесі үшін күреске аттануы нанымды өрнектелген.

Спектакльде махаббат, сезімге толы жастық шақ көрінісі де бар. Жары Мариямен серттесіп, болашақты армандауының өзі керемет. Одан әрі шым-шытырыққа толы өмір жолы, қуғындалуы, «халық жауы» атанған Мұстафаның туған-туыстары көрген құқай да сенімді нақыш тапқан. Мұстафаның Түркістан легионын құру жолындағы басын бәйгеге тігуі – оның ұлты үшін неден де болса тайынбайтын патриоттығының дәлеліндей. Аталмыш театр ұжымы бұл пьесаны сәтті шығарды. Көрермендер қол соғып қошемет білдірумен болды. Сөйтіп, өлкедегі өнер өрлеуінің ерекше бір сәтіне куә болдық. Театр фестивалі 31 қазанға дейін жалғасын таппақ.

 

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз