Жарнама
Мәдениет

«Құдағи жүзіктің» құпиясы

Қазақтың дәстүрлі зергерлік өнері халықтың тарихымен тығыз байланысты және тарихы мыңдаған жылдар қатпарларынан бастау алатын көшпенділік өмірдің айнасы іспетті. Халықтың асыл мұрасы осыған дейін ежелгі Еуразия өнерінің ең озық үлгілері арнасында одан әрі дамып келе жатқан өміршең дәстүр болып табылады. Қазіргі кезеңде айналадағы табиғат құбылысын ағашқа, сүйек, керамика мен түсті металға, жасау жиһаздарына бейнелейтін дамыған кезең келіп жетті.

 Негізінде қолөнер көне заманнан бері халық тұтынып келе жатқан ұлттық мүліктері мен заттарға таяқша, сызықша салып оюлайтын қарапайым әшекейлеуден басталады. Зергерлер сырға, білезік, жүзік, құдағи жүзік, т.б. түрлерін соққан. Сондай-ақ зергерлік бұйымдардың да өзіндік тарихы мен оларды ұстанудың да ырымдары бар. Соның ішінде «Құдағи жүзік» үлкен сый-құрметтің белгісі. Ол басқа жүзіктерге ұқсамайды. Жүзік екі саусаққа қатар киілетін екі шеңберден тұрады. ««Құдағи жүзік» алмаған құдағи – ұят» деген сөздің төркіні тереңде. Бұрынғы заманда қалыңдықтың анасы қызын ұзатқан соң, бір жыл бойы одан хабар алмай күтіп отырады екен. Қызы көңіл күйін, көрген күнін кестеге түсіріп, бір жылдан кейін туған еліне келгенде анасымен бөлісетін болған. Анасы қыздың жағдайына риза болса, құдағиына – яғни баласының енесіне алғыс ретінде «құдағи жүзік» сыйлаған. Бұл жүзік – қыздың барған жеріндегі жақсы жағдайының, құдағидың көреген ене екенінің белгісі. Сондықтан мұндай сый алмаған құдағи ұятты саналған.

Қазақ қызының шашын қорғау үшін шашбау шолпы таққан. Шашбаулы бойжеткен мен келіншектерден оқыс қимылдамау, селтеңдеп жүгірмеу талап етілген. Сонымен қатар халық арасында шашбаудың сыңғырына қарап, иесінің мінез-құлқын, әдептілігін аңғаратын болған. Сыңғырлаған шашбаудың үніне, әдемілігіне, сұлулығына қарай жеңгелері ат қою барысында қайын сіңлісіне «шашбаулым» деп те ат қойған. Шашбаудың жасалу, әшекейлеу түрлеріне қарай: алтын шашбау, тіллә шашбау, күміс шашбау, теңге шашбау, сөлкебай шашбау, үзбелі шашбау, шашақты шашбау, үкіаяқты шашбау болып келеді.

Сондай-ақ шолпының да сыңғыры жаман сөзден, тіл-көзден, бәле-жаладан сақтайды деп сенген. Халық тілінде «Сылдырлатсаң тиынды, жоғалтарсың сиыңды», «Сыңғырлаған күлкісіне сылдыраған шолпысы үн қосты» деген мән-мағыналы сөздер бар. Сол себепті қазақы ортада қыз баланың шолпысына қоңырауды да таққан. Шолпы бойжеткеннің бойында ойлылылық, зерделілік, биязылық секілді қасиеттерді қалыптастырады. Шашпау мен шолпының салмағының әсерінен шаш ұзын болып өседі деген түсінік болса, шаш қыздың сұлулығын білдіріп, тіпті оның тартымдылығы мен сымбаттылығының басты белгісі саналған.

Шолпы – үшбұрышты, сопақша пішінде болады. Оның көзді, сылдырмақ, қозалы, қоңыраулы, шынжырлы, қос үзбелі, маржанды, меруертті, ақықты, т.б атаулары кездеседі.

Бұл өнер Атырау өлкесінде де кеңінен дамып келеді. Осындай тарихи құндылықтарды насихаттау, көрсету мақсатында шашбау мен шолпының түрлері және құдағи жүзіктер Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған және музейдің «Этнография» залына қойылған.

Венера ШАПИКОВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің этнолог маманы

Сурет: Ашық дереккөз

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button