Тұрсынбек ҚАБАТОВ: «МЕН ТАҚЫРЫПТЫ ӨМІРДІҢ ӨЗІНЕН АЛАМЫН»

Белгілі шоумен, жүргізуші, «Әзіл әлемі» театрының директоры Тұрсынбек Қабатов Атырауға әр келген сайын журналистердің сауалдарына жауап беріп, жоспарларымен, шығармашылық жаңалықтарымен бөліседі. Бұл жолы да театрдың «Базар жоқ» жап-жаңа» атты концертімен келген. Халықтың көзайымына айналған өнер ұжымының басшысы оқырмандар үшін арнайы сұхбат берді.

– Сізді «төлқұжатыңыз» іспетті алғаш танымал еткен қай әзіліңіз?
– Алғашқы әзілім – өзім туып өскен Оралда жүріп, кейін Астанаға келіп, емтихан тапсырған кездегі «Молодец Мұрзабаев» деген кейіпкерді сомдауым болатын. Осы кейіпкер мені Астана қаласында, көңілді тапқырлар клубында да танытты. Кейін жеке-жеке өмірден түйгендерім туралы айтылған әзілдеріммен таныла бастадым деп ойлаймын.
– Осыдан он жыл бұрынғы Тұрсынбек пен қазіргі Тұрсынбектің айырмашылығы бар ма?
– Неге болмасын. Ауылға барсам, «Өй, сен баяғыда өзімізбен ойнап-күліп жүретін Тұрсынбек едің, үндемейтін болып қалыпсың. Жұлдыз ауруына шалдығайын дегенсің бе?» дейді. «Көкем-ау, мен ауылдан 19 жасымда кеткен бала емеспін бе?». Бала кезіңде айналаңдағылардың күлгеніне мәз болып, аузың тынбай сөйлей бересің. Қазір бір үйдің отағасымын, әкемін. Ойланып сөйлейтін жасқа жеттік. Сондықтан, мені өзгерткен танымалдылық десеңіздер, қателесесіздер.
– Әр өңірде концерт қоясыз. «Сахна жатырқап» немесе қобалжыған кездеріңіз есіңізде ме?
– Әр облыстың халқының өзіндік тіл қолданысы, диалектісі болады. Сондықтан, әр аймақта бір бағдарламаны қоятын болғандықтан, сахнаны бөліп-жарып жатырқау деген болмайды. Әсіресе, батыс облыстарында концерт қойған кезде, сөйлеу мәнерімізге қатты көңіл бөлеміз. Өзім батыстың жігіті болғандықтан, халықтың ойын, таңдауын жасқы білемін. Сондықтан, «мына сөздердің орнын ауыстырыңдар немесе басқа теңеу табыңдар» деп жігіттерге кеңес беріп отырамын. Теледидарлық түсірілім кезінде, әрине, әдеби тілде сөйлеуге тырысамыз. Осындай қарбалас жұмыстармен жүріп, қобалжу деген сезімді мүлдем ұмытып кетеміз.
– Үнемі қозғалыстан, қарбаластан тұратын сахнадан шаршап, басқа салаға кетіп қалғыңыз келген сәт болды ма?
– Ондай сәт болды. Бірақ, интернет бетінен «Д.Мәкежан» деген журналистің біз жайында жазған сын-пікірін оқыдым. Жерден алып, жерге салыпты. Мені өнерден енді кетпестей еткен осы мақала болды. Себебі, мақаланың астына 300-дей адам пікірін қалдырыпты. Бәрі – менің жағымда. Мақаладағы сын пікірлердің тас-талқанын шығарған.
Қысқасы, мені сахнада алып жүрген халықтың осындай ыстық ықыласы екеніне көзім жетті.
– Демек, БАҚ өкілдеріне өкпелісіз…
– Кейде астыртын артық айтып, жазатын журналистерге өкпелейтінім бар. Бірақ, дұрыс сынның айтылғаны жақсы ғой. Кейде жүрекке тиетін орынсыз сындар да болады. Жасыратыны жоқ, бүкіл газет-журналдарды жинап оқып шығамыз, сол кезде біз туралы айтылған кемшіліктерді көреміз. Біреуі концертіміздің «Базар жоқ» деген атауына, екіншісі «Тұрсынбек тым тез сөйлейді, «аха» деген сөзді жиі қайталайды» деп, үшіншісі «әзілдері қазан-ошақтың айналасынан ұзап шықпайды» деп сынапты. Алайда, «концерт жоғары деңгейде өтті» деп жазған бірде-бір басылымды көрмеппін.
– Ендеше, шығармашылық табыстар тілейміз. Халықтың көңілінен шығатын сәтті әзілдерің көп болсын!

Сұхбаттасқан
Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз