Қазан айында Бейбарыс Сұлтанның 800 жылдығына орай апталық өтеді
Биыл облыста Мысырда Мәмлүк мемлекетінің негізін қалаған Дешті Қыпшақ даласының атақты перзенті Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойы өтеді. Бұл туралы Атырау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов баспасөз брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Исі түркінің мақтанышы Бейбарыс Сұлтанның мерейтойына арналған арнайы облыстық музей арқылы халықаралық ғылыми зерттеу конференциясын ұйымдастыру, «Ерлігі ерен ер бабам!» республикалық ақындар айтысын өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ «Дала барысы – Мысырдың Бейбарысы» тақырыбында суретшілердің республикалық симпозиумы өтеді. Аталған шаралар қазан айының алғашқы 10 күндігіне жоспарланып отыр.
-Жыл басынан бері өңірде қаны тамған, қолының табы мен аяғының ізі қалған үлкен тұлға Бейбарыс Сұлтанның 800 жылдығына орай бірқатар іс-шаралар атқарылып келеді. Қазан айының алғашқы он күндігінде халықаралық деңгейде ұлы тұлғамыздың апталығын өткізу жоспарланса, екінші он күндігінде Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық академиялық драма театр ұжымымен Мысыр елінің астанасы Каир қаласына барып, Рақымжан Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» спектаклін сахналаймыз. Қазір Мысырдағы Қазақстан елшілігімен келіссөз жүріп жатыр, — деді Ә.Жоламанов.
Басқарма басшысы биыл Бейбарыс Сұлтанның 800 жылдық мерейтойынан өзге, М.Өтемісұлының 220 жылдығы және күйші Құрманғазының 200 жыл толуына орай да бірқатар республикалық шара өтетінін жеткізді.