кози2

Көріктің қасиеті

Жаңалықтар Мәдениет

Газеттің 29 қазан күнгі 85-ші санында «Көненің көзі» айдарымен Н.Ысмағұлованың «Қалмұқан ұстаның бұйымы» Эрмитажда сақтаулы тұрғаны жайлы мақаласы жарық көрді. Ұста пайдаланған көріктің қасиетіне, халықтың игілігіне жараған тұрмыстық заттарына да кеңінен тоқталыпты.

%d0%ba%d0%be%d0%bd%d0%b5%d0%bd%d0%b8%d0%bd-%d0%ba%d0%be%d0%b7%d0%b82

Мақаланы оқи отырып,  үйімде көненің көзі ретінде сақтаулы тұрған көрік жайында өз ойымды қосқым келді.

«Әкем Мырзағали 1897 жылы дүниеге келген. Ағаштан да, темір-ден де түйін түйген шебер ұста болған. Ел арасында есімі ерекше аталып, халықтың тұрмысына қажетті заттардың бәрін жасап отырған. Біз ол кезде Шой аталған ауылда тұрдық, кейін Бақсай аталды. Қазір Ақтоғай ғой. Ол кезде совхоз жұмысына қажет болған шеберлерді басшылар жібергісі келмейтын. Менің әкем де соғыстан келгеннен кейін, майдан даласында бірге жүрген досымен бірігіп тұрмыстық заттар жасау үшін Сарытоғайға көшкісі келді. Алайда, әкемді ол жаққа жібермей қойғанын жиі еститінмін. Бала болсам да сол кезде есімде қалғаны, талды үйге сүйреп әкеліп, темірге соғып, шананың табанын, арбаның дөңгелегін, бесік жасап жатқан кездері көз  алдымда қалып қойыпты», – дейді  қызы Сағидаш Мырзағалиқызы. Бірақ, бұл көрікті атамызға кімнің бергені беймәлім.

1983 жылы атамыз дүниеден өткеннен кейін, әке жолын ұлы Құрманбай жалғады. Әкем Құрманбайдың негізгі мамандығы – киномеханик, соңынан механизатор мамандығын бітіріп, жұмысқа араласты.  Әкем де әр үйге әдемі үстелдер, сөрелер, шкафтар жасап беріп отырды. Қазір көрік тұрмыста пайдаланылмайды. Сол себепті үйде тұр. Бірақ, кезінде халықтың пайдасына жараған, игілігіне асқан құралдарды «атамның көзі» деп сақтап қойдық. Алдағы уақытта қасиетті орын – мұражайларға тапсыру ойымызда бар.

Дегенмен, ауыл-аймақтағы үлкен-кіші көріктің қасиетін ұмытқан жоқ. Басы ауырып, балтыры сыздаса осы құралдардың жанына келіп отырып, ауырған жерін ұшықтайды.  Әсіресе, белі ауырып, аяғы сырқыраған адамдар келеді. «Зоб» аталатын ауруға қарсы мойынға тағатын бұйымның жез сымын көріктің балғасына соғып алып пайдаланып жүр.

Арыстан МЫРЗАҒАЛИЕВ,

Ақтоғай ауылының тұрғыны,

Махамбет ауданы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған