
Қарымы қуатты қаламгер
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының оқу залында ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері Жеңіс Ароновтың туғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Қарымы қуатты қаламгер» атты еске алу кеші өтті. Кеш шымылдығы ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған слайд көрсетілімімен ашылды. Экраннан жылдар естелігі сынды сыр ақтарған фотолар мен кітап мұқабалары, естелік сәттер көрермен жүрегін тербеді.

Шараны Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының батыс аймақтары бойынша хатшысы, ҚЖО Атыраудағы өкілі Әлия Дәулетбаева ашып, қаламгер шығармашылығының Атырау руханиятындағы орнына тоқталды.
– Жеңіс Аронов – бір ғана дәуірдің емес, тұтас бір ұрпақтың үнін жеткізген сөз зергері. Оның поэзиясы мен прозасы – елдің шежіресі, туған жердің шынайы шежіресі. Бүгінгі шара – бір ақынды еске алу ғана емес, тұтас бір дәуір рухына тағзым. Жеңіс Ароновтай ардақты ұлдың еңбегі ешқашан ұмытылмайды, — деді ол өз сөзінде.
Жеңіс Аронұлы 1945 жылы Атырау облысының Новобогат ауданындағы Забурын ауылында дүниеге келген. Орта білімді қазіргі Фариза Оңғарсынова атындағы мектепте алып, кейін Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтты тәмамдайды. Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған ол жас ұрпақтың әдебиетке деген сүйіспеншілігін оятуға бар күшін салды. Оқушыларын Абаймен, ауыз әдебиетінің жауһарларымен сусындатып, өлең менөнерге баулыды.
Ұзақ жыл бойы жергілікті атқарушы органдарда қызмет етіп, ел ісіне де белсене араласты. Қоғамдық белсенділігі мен шығармашылық еңбегі лайықты бағаланып, 1995 жылы Атырау облысының Құрмет грамотасымен, 2004 жылы республика Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталған.

Автордың «Жайықтың жайсаң самалы», «Доссор түлектері», «Ана жүрегі», «Алдыңғы толқын – ағалар», «Айналайын, атамекен», «Аспандияр Кенжин – ақ жолды аңсаған азамат» атты еңбектері – ел жадында жатталған рухани қазына.
Кеш барысында Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің әртісі ақынның сүйікті шығармаларының бірі – «Шабыт» күйін орындап, көрерменді сырлы сазға бөледі. Ал Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның әншілері «Нарыным» әнін және ақынға арнау ретінде тағы бір туындыны орындап, көрермен ықыласына көмілді.
Ақын шығармашылығы жайлы кітапхана қызметкері Әсел Құрманғазықызы кеңінен тоқталды.
– Жеңіс ағамыз жүрегімен жазған, шындықтан таймаған қаламгер еді. Оның поэзиясы – өмірдің өзі. Әсіресе туған жер, ана, ар мен намыс тақырыбындағы жырлары оқырманын терең толғанысқа бөлейді, — деп атап өтті.
Ақынның ұлы Ақылбек Жеңісұлы шараға арнайы қатысып, жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.
– Әкем – маған өмірлік ұстаз. Ол кісі әр сөзін ойланып айтатын, әр жазғанын сараптап шығатын. Әдебиетке деген адалдығы, халыққа деген махаббаты мен үшін шексіз өнеге болып қала береді. Осындай еске алу кешін ұйымдастырып, рухын ұлықтап жатқан баршаңызға алғысым шексіз, — деді ол толқыған күйде.
Кеш соңында ақынның көзін көрген, сөзін тыңдаған замандастары естеліктерімен бөлісті. Олар Жеңіс Ароновтың адами қасиеттерін, азаматтық ұстанымын, шығармашылық биігін тебірене айтып, оның бейнесін қайта тірілткендей болды.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ