БОЗДАҚТАР ЕСІМДЕРІ – ЕСКЕРТКІШ ТАҚТАДА

Екінші дүниежүзілік соғысқа Плотовин ауылдық округінен (қазір Еркінқала ауылдық округі болып аталады) 200-ге жуық азамат Отан қорғауға аттанған-ды. Алайда, олардың көбі майдан даласында қалып, туған жердің топырағын басу бұйырмады. Осы боздақтарды мәңгілік есте қалдыру мақсатында Еркінқала ауылдық округінде Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай мемориалдық ескерткіш тақта ашылды. «Мәңгілік алау» оты жағылды.

 

Ескерткіш тақтаға Ұлы Отан соғысынан оралмаған сондай-ақ, Жеңіспен елге оралып, бейбіт кезеңде еңбек етіп, өмірден өткен 150 майдангердің есімдері қашалып жазылған. Олардың рухтарына ауыл тұрғындары, отбасы, ұрпақтары тағзым етіп, гүл шоқтары қойылып, құран бағышталды.

Округ әкімі Ерғали Тапанұлы шараға қатысушы жұртшылықтыЖеңіс мерекесімен құттықтай келіп,мемориалдық ескерткіш тақтаны орнатуда ауыл тұрғындары мен мекеме, ұйым басшыларына көрсеткен көмектері үшін алғысын білдірді. Бұдан соң майдангерлердің отбасыларына, тыл ардагерлеріне Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік медальдар, Алғыс хаттар мен ақшалай сияпаттарды табыстады.

Шараға қатысқан Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әліпқали Бекеш те құттықтау сөзінен соң ардагерлердің бір тобына осындай марапаттар жасады.Сондай-ақ, Жұмыскер ауылдық округінің әкімі Қайрат Қабиев, Еркінқала ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Молдағали Құмарғалиев, ардагерлер Балабай Рахымберлиев, Ақау Кемелбаева да мерекелік лебіздерін жеткізді.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз