Жұбан ақын өлеңдерінің қазіргі заманмен үндестігі

whatsapp image 2021 10 16 at 20.31.59 Мәдениет

         Оқырман қауымға аты әбден қанық, белгілі ақын Ж.Молдағалиев қазақ поэзиясының, бүкіл қазақ әдебиетінің ірі өкілі. Ақын – алғашқы күндерінен бастап өмірінің соңына дейін, жарты ғасырға жуық уақыт үзбей қалам тартқан. Өзінің жазған бір өлеңінде:

                         Өлеңге ерте келіп, кеш ер жеттім.

                         Ойлағам шалалықты кешер кім?

                         Қағазға қалдыруға асығыппын

                         Көңілдің қуанышын кесел дертін, – дейді.

              Ақ қағаздың бетіне түскен ең алғашқы өлеңі 1939 жылы «Орал» газетінде басылған. Әлі қаламы қатпаған, он тоғыздағы жастың бұл өлеңінен ой түсінігінің өрісті екенін  аңғаруға болады. Әкесінен жасқа толмай тұрған кезде айрылған бала Жұбан кейін шешесімен екеуі туған жерден басқа жаққа қоныс аударады. Ақын өз туған жері Жыландыға 40тан асқан шағында оралады.  Бала кезінен қазақтың эпостарын жатқа оқып өскен Жұбан ақынның өлеңге деген махабатын оятқан анасы сол өңірге белгілі айтыскер ақындардың бірі болған екен.  Бала кезінен эпостық жырлармен сусындап өскен Жұбан ақынның әр өлеңінде ел, ер салты, батырлық дәстүр, көне заманғы ерлік қалпымен бірге, қазақ ұрпағының бүгінгі ерлігі, өжеттігі нанымды суреттеледі. Ақынның қай шығармасын алсақта лирикалық өлеңдерінің өзінде: «Солдат сыры», «Ғафу ет сұлу бойжеткен», «Сағындым», «Махабатты таңдасам» т.б  жанамын деген көңіл толқуларын ашпайды, қайта өмірдің ащы шындығын білдіретін қатаң өлең жолдарын жолдайды. Яғни ақынның көркемдік, шеберлік дүниесіне қарай қадам ұра бастағанын өлеңдерінен байқауға болады. Бұл қасиеттер қазіргі қазақ поэзиясында, соның ішінде жастар шығармашылығында жеңіл өлең жазуға әуес жастарымызға үлгі боларлықтай. Жұбан Молдағалиевтің шығармашылығымен жақынырақ таныса отырып ұққаным ақын сөзі, ақын сезімі жалпыға ортақ, ол айтқан ой, парасат әркімнің бойында болуы мүмкін, бірақ қазіргі  жаһандану заманы осы адами қасиеттерді азайтып  жібергендей көрінеді. Ақын адам қауымының көзі, құлағы іспеттес, ол бәрін көріп сезінуі, айта алмай жүрген жайды жария етуі қажет. Нағыз ақындық  дарын, талант қана мұны көтеріп жүре алады. Поэзия асылы өмір тұрмыстың, адамның көңіл күйінің қай түрін, қай тереңнен болсада суреттеп көрсетуге құдіреті жететін өнер. Яғни оқырманның алдындағы жауапкершілікті сезіну қазір жоқтың қасы. Ақындық мәдениет болмайынша көңілге түрлі ой салар жанды, әлді поэзия тумайды деген ойға қалдым. Қазіргі ақындардың өлеңдерін оқып, әлеуметтік желідегі түрлі  тартыстарды көре отырып поэзия мәдениетінің ақсап жатқанын сезінуге болады. Әрине қанша адам бар сонша пікір бар.  Жұбан ақынның  өлеңдерінің өміршеңдігі  ақыл, уағыз айтпайды, айтам деп бос мақалға ұрынбайды. Міне, нағыз поэзия мәдениетінің биік нысанасын көздеу, соған ұмтылу. Мысалы, ақынның  бәріміз жатқа білетін нағыз қазақтың әнұраны іспеттес «Мен  қазақпын» публицистикалық поэмасындағы айтылмақ ойдың қазіргі заманмен үндестігі қандай болмақ? Мұндағы айтылмақ ой тасыған сезіммен, көтеріңкі көңілмен қанаттанған. Өмірді мадақтаған ода. «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деген арқау бүкіл халықтың жүздеген жылдар бойы бастан кешірген мүшкіл  халін бейнелейді. Ауыр, азап күндер, шапқыншылық, аштық, соғыс жайы айтылған. Оқып тұрып кеудеңде бір күш пайда болады, көз алдыңа осыншама азап көрген халықтың тағдыры елестейді. Әрбір шумағы, жатқа айтуға  сұранып тұрған, дыбыс ырғағы, өлең буыны мен ұйқасына дем беріп, дабылға шақырғандай. «Мен» деген бір сөз арқылы бүкіл қазақтың атынан жырлап тұрғандай.  Бүкіл қазақ жастарын 1986 жылы да алаңға шығарған  осы жігерлі өлең емеспе!!!

           Ата-бабамыздың білектің күшімен, найзаның ұшымен аманаттап кеткен елдің, жердің иесі бүгінгі жас ұрпақ біздер  ата-баба аманатына қаншалықты адалмыз? Ата- бабамыз  салып өткен сара жолды жалғастыру  енді біздің еншімізде. Тарихты білу, өткенге көз жүгірту, ғұлама ойшылдардың  мол мұрасымен сусындау біздің міндетіміз. Күнделікті кітапханашылық қызметімде осы бақытқа ие болғаныма тәубе деймін. Жұбан ақынның шығармашылығы менің өмір белесімнің бір парағының сәулелі, жарық болуына өз септігін тигізді. «Кітапхана тірілердің бас қосып, аруақтардан ақыл сұрайтын  орын» деп  ақын Қ.Мырзалі айтып өткендей, Жұбан ақынның өлеңдері  әлі талай  оқырманға бағыт көрсетер бағдаршам болары сөзссіз.

Атырау қалалық кітапханасы оқырман қамту бөлімінің кітапханашысы Аққалиева Камшат  Мендіғалиқызы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз