Отанға деген махаббат
Туған жерге, туған елге деген ыстық сезімді, ерекше махаббатты қылқалам арқылы жеткізу мүмкін бе? Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған шебер суретшілер Атырауда өткен «Менің елім, менің жерім…» атты республикалық симпозиумында осы сұраққа жауап іздеді. Осы тұста Атырау қаласы нағыз шығармашылық алаңына айналды. Әрбір суретші туындылары арқылы туған жерге деген махаббатын, ел рәміздеріне деген құрметін, байтақ еліміздің әр бұрышына деген мақтаныш сезімін жеткізуге ұмтылды.
Ұлттық мәдениеттің жанданған осынау күндері суретшілер өз туындылары арқылы бояуларды ғана емес, жүректеріндегі Отанға деген сезімдерін кенеп бетіне өрнектеді. Ерекше сезім бұл туындыларға жылулық берді.
Мәдени шара Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде өткен болатын. «Бұл симпозиумның негізгі мақсаты – әрбір азаматтың бойында Отанға деген мақтаныш пен сүйіспеншілік сезімін ояту, сол арқылы ұлттық құндылықтарды тереңнен ұғындырып, жас ұрпақтың санасында ел мен жерге деген құрметті қылқалам құдіретімен жаңғырту» дейді ұйымдастырушылар.
Бұл басқосуда суретшілер еліміздің мерейін асқақтатып, әрбір туындысында Республика күнінің мәні мен маңызын көрсетуге ұмтылды. 15 қылқалам шебері көркем шығармалары арқылы өз Отанына деген ерекше ықыластарын жеткізді. Шараға бейнелеу өнері бойынша еліміздің танымал тұлғалары қатысқан болатын. Олардың қатарында ҚР Көркем академиясының академигі Өмірәлі Исмаилов, «Тұран» халықаралық көркемөнер сыйлығының лауреаты Қуандық Мәдіров, мәдениет саласының үздігі Нұржан Сауытбеков, тағы басқалары бар еді. Бұл суретшілер кенеп бетіне қазақ халқының рухани байлығын бейнелеуге деген құлшыныстарын көрсетті.
Симпозиумның алғашқы күндерінде қатысушылар ежелгі «Сарайшық» қаласына саяхат жасады. Қасиетті жердің тарихына куә болған суретшілер ежелгі қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан орынға барып, қаланың Ұлы Жібек жолы бойында дамыған кезеңі, кейіннен құлдырауы туралы мәліметтер мен аңыздарға қанықты. Суретшілер археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан орынды тамашалап, мұндағы жәдігерлер тарихымен танысты. Хан ордалы – Сарайшық қаласынан оралған меймандар үлкен әсермен, тың шабытпен симпозиум жұмысына кірісті.
Келесі күні симпозиумға қатысушылар өздерінің шеберханаларында жұмыстарын жалғастырды. Қылқалам шеберлері Республика күніне арнап эскиздік композицияларын кенеп бетіне түсіріп, Отанға деген махаббаттарын бояу арқылы жеткізді. Әр туындыда Республика күніне арналған ұлттық бейнелер, болашақ ұрпақты патриоттыққа, рәміздерді қастерлеуге баулитын символдық мән болды.
Симпозиум аясында жасалған еңбектерден 23 қазан күні көрме ұйымдастырылып, оны облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы бастығының орынбасары Әсия Қыстаубаева ашты. Ол қатысушыларға Алғыс хаттар мен 500 мың теңгелік сертификаттарды табыстады. Ал, Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінің өкілі Ақжарқын Құмарбаева симпозиум жұмысына жоғары баға беріп, суретшілердің туындыларын мақтан тұтатынын жеткізді.
Симпозиумға қатысушылар ата-бабаларымыздың дәстүрлерін сақтау, еліміздің тарихын терең түсіну, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық рухын көтеру мақсатында өздерінің өнерлерін ортаға салды. Олар тарихи кезеңдерімізді, мәдени құндылықтарымызды бейнелеп, көрермендерге ұлттық рухты жаңғыртатын туындылар ұсынды. Сурет салу, композиция жасау, түстерді таңдау мен тәжірибе алмасу арқылы шеберліктерін шыңдады.
– Симпозиум барысында өнерсүйер қауымға Отанға деген шынайы сүйіспеншілікті, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын көркемдік еңбектері ұсынылды. Нәтижесінде, Өнер музейінің алтын қорына 15 жаңа туынды қосылды. Бұл шығармалар ел мен жерге деген құрметті, ұлттық бірлікті және рухани құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін мәдени мұра ретінде сақталмақ. Мұндай іс-шаралар ұлттық мәдениетімізді дамытуға, патриоттық сезімді күшейтуге, сондай-ақ, жастарымыздың рухани дүниесін байытуға елеулі әсер етеді,-деді Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі басшысының орынбасары Махамбет Дауылбаев.
Отанымыздың рухын, тарихын, мәдениетін таныту – әрбіріміздің міндетіміз. Көркем өнер арқылы жүректеріміздегі отаншылдық сезімін жаңғыртып, келешек ұрпаққа жеткізу – бұл симпозиумның басты мақсаты мен мәні. «Суретші – жүрекпен сезіп, қолымен түйсінген жан. Ол шығармаларында ұлтының үнін, елінің тарихын, жерінің сұлулығын бейнелейді» деп текке айтылмаса керек.
Жайна МӘЛІМҚОЖА