ДИРИЖЕР

Қашан да оркестр  табиғаты,  онда орындалатын шығарма  екпіні алдымен  сол  ұжымға жетекшілік ететін  дирижердің  мінез-құлқы, болмысын  білдіреді деген сөз бар.  Өз басым  еліміздегі  белгілі дирижерлердің  бірі  Орақ  Жауыров  пультке  көтерілсе,  ол басқарған  ұжым  ойнаған  шығармалардан  аспандағы  ақша бұлт,  жанға жайлы леп, саф ауа, салқын  самал сеземін. Содан соң  оны Орақтың өз көңіл-күйі, жүзіндегі  жылы  шуақ, қолындағы  таяқшадан  төгілген  әсем әуендер  шоғыры  деп ұғамын. Көз алдыма оның  облыс орталығының  «Бірінші участок»  аталатын  тұрғын  ауданында  өткен  балалығы, қалалық  Пионерлер  үйіндегі  домбыра үйірмесіне  қатысқан  кекілді келісті  ұл келеді.

Оның өзі айтатын…

Әкесі  Жауыр, оған қараған ағайынның бәрі  елде  кеңес өкіметі  орнағанда Жайыққа  қайық салғаны, болмаса  бұрынғы  Қараөткел, қазіргі Соколок  төңірегінде  мал  жайғаны  бар, бәрі де «Теңдік» атты ұжымшарға  бірігіп,  кейін кеңшар  құрды.  Одан  қалада өндіріс  дамып, құрылыс, мұнай-газ мекемелерінің  көбеюі, зауыттар  салынуына орай  бәрі орталыққа ойысты. Әрбірі жеке кәсіп иелері атанды.  Осы шақта Орақтың  ата-анасы  да қалаға көшті. Бірақ, баяғыдан  алдындағы  он шақты қой-ешкі, 3-4  түйесінен  айырылмаған  қария  жаңа тұрақтың  Қайыршақты жақ шетінен  үй салып,  іргеден  келісті  аула-қора көтерді. Өйткені,  санадағы  қашаннан бергі «Адам  күні  малменен»   деген қағида  әлі де  болса  сөне қоймаған  кез-ді  және  ол жалғыз  Жауыр емес, мүмкіндігі  алған қыр қазағының  бәріне ортақ  шаруа еді.

Сөйтіп, ол  мал қыс түсіп, ақ қар, көк мұзда  қолға қарап, қораға  қамалғанша  қаланың шығыс  бетіне  өріске  шығады, жайылыста болады. Оны ертең ерте өргізіп, далаға айдайтын  отағасының өзі. Ал, кешке  әлгілерді   жинап алатын  шаңырақтың  кішісі Орақ. Ол үшін  ұлы  бесінде Орақ жаяулап Жөнеген жақты бетке алып, әуелі  түйелерін  тауып алады да  бірін мініп, екіншісін жетектеп қой-ешкіні іздейді. Содан соң  жандығын айдап, әнін салып, қызыл іңірде  үйге оралады. Ондайда  нұрдай ай сәулесі төгіліп, тұп-тұнық  кеште  сыртылдаған  қой-ешкі  тұқайларының  дыбысынан басқа  өзге  үн  естілмейді. Еріксіз ән  салғың келеді.

Айтпақшы, ән дегеннен шығады-ау, қалаға  кіргенде  көшелер  шетіндегі  бағаналар басындағы  қара қалпақ радиодан ән шалқиды, күй күмбірлейді. Жамал апай «Алтайына»  басса, Роза Бағланова «Ах, Самара  городокты», Рабиға Есімжанова «Жетісуын» төгілдіреді. Домбырада  «Ақбай» мен «Кішкентай» күңіренеді, «Сарыарқа» арындайды. Олар Ораққа  керемет  ұнайды, тіпті  сол бір  әуендер үшін  өрістен  әдейі  кештетіп  оралатын сияқты еді.

Бірде ол  қала көшелерінің  бірімен келе жатса, бір үйдің  алдында  буы бұрқыраған  темір астау тұр. Қалың  шық түссе, топырағы  балшыққа  айналатын  Гурьевтің  қай көшесімен   жүрсең де  аяғыңның  оңып тұрғаны жоқ, жалма-жан етігін тазалап  алуды  ойлаған Орақтың сулы  таяқты  қолға алғаны сол еді, әлдебір ашық тұрған  терезеден күй төгілуде. Күйді фортепиано  сүйемелдейді. Бұл елең ете түсті. Аяғын  жуа сап,  әлгі үйді  айналсоқтап,  тағы да  жүріп еді,  бір бөлмеден  домбыра үні  естіледі.  Бірақ, ол әлгіндей  емес, әлсіздеу.  Шамасы  жаңадан үйреніп  жүрген  біреу  сын-ды. Бір кезде есік жанындағы  «Құрманғазы  атындағы облыстық балалар  музыка мектебі»  деген жазуды  көрді.  Көрді де  ішке енді. Ондағы ойы – күйші  болу, ол  үшін  қалай үйренуге  болады? Кім үйретеді? Соны  білу еді. Ақыры  аталған  мектепке  жазылып,  күйшілік  өнердің  алғашқы құпияларын  үйрене бастады.

Уақыт  өте  кәдімгідей  домбырашы болды. Артынан қаладағы  Дина Нұрпейісова  атындағы  музыка  училищесінің  домбыра  бөліміне түсіп,  Қазақстанның  еңбек сіңірген  мәдениет  қызметкері  Сейілхан  Құсайыновтан  сабақ алды.  Ол алды кең, тура өнер үшін  туған  адам еді.  Әсіресе,  күй десе, ішкен   асын жерге  қойып, ұйқыдан, күлкіден  айырылып  күн кешетін.  Ал, жолдасы Раушан Нұрпейісова  болса, Атырауда  жойылып кеткен қобыз  өнерін  қайта тірілтіп,  қаншама  ұл-қызды  тәрбиелеп  шығарды.  Бір кереметі – сол ерлі-зайыпты Сейілхан аға  мен Раушан апай  жаз болса,  училище сабағы аяқталған бойда   екі-үш  баласының  үлкенін  жетектеп, кішісін  құндақтап  және  әнші-күйші  студенттерінің  4-5-ін  жандарына  алып,  ел аралап  кететін.  Мақсат – жаңа оқу жылына   студенттер  қабылдау. Орақ сол  құрамда  Маңғыстау, Азғыр өңірлерінде  болып,  әр ауылға  концерт қойып, талапкер  жастарды  қабылдағаны есінде.

Аталған  оқу орнында Орақ дирижерлік  және орындаушылық  шеберлік  бойынша  білім алып,  оған қоса  жалпы және арнаулы мектептердегі  музыка  пәнінің мұғалімі   деген   мамандық  меңгеріп, Құрманғазы  атындағы  Ұлттық консерваторияда өз білімін  одан әрі  жетілдірді. Бұнда  орындаушылық  шеберліктен  Бақыт Қарабалина  сабақ берсе,  дирижерліктен  Шамғон  Қажығалиев  тәрбиеледі. Бұл Бақыт апайдың  аталған оқу  орнын  бітіріп,  консерваторияға  ұстаздыққа  қалдырылған   тұстағы  алғашқы  шәкірті-тұғын.  Ол төкпе  күйдің  көрнекті  шебері  болумен  бірге  классикалық  шығармалар  орындауда  орны ерекше  күйші  еді. Ал, Шәкең   қазақ  халық   аспаптарында   ұжымдық   орындаушылықты  әлемдік  деңгейге  көтерген  керемет   дирижер  болатын. Ол сабақ  барысында  аса қатал, талапшыл  ұстаз  болумен  бірге, шәкірті  бойындағы  шеберлікті  тез танитын, қамқорлығы  мол  ұстаз-ды.   

Бақыт апасы бұның  бойындағы қабілетті  ерте  аңғарды.  Алғашқы  курстың аяғында-ақ (6.04,1966 ж.) Шамғон Сағаддинұлының  алдына алып келіп, «Өнер адамы алдымен  үлкен ұжымда ысылып, тәжірибе жинақтауы керек. Алдыңғы толқын ағалар өнегесінен  үлгі алғаны  дұрыс» дегені бар.  Айтқанындай Орақ аталған  оркестрде төрт жыл бойы  Самиғолла Андарбаев,  Рүстембек Омаров, Бақтияр  Құбайжановтардың жанында  отырып,  бойы өсті, буыны қатты. Артқы орындықтағы  жай үйренушіден  алдыңғы  қатардағы  жетекші  маманға дейін  өсті. Тек Шамғон аға ғана емес,  Одаққа, әлемге аты  мәлім  Ф.Мансуров, Т.Хренников, М.Козловскийлердің  өзі осы  оркестрге  басшылық еткенде  ол  құрамдағы  ойыншы  ретінде  домбыра  шертті.  Р.Бағланова, Б.Төлегенова, Е.Серкебаев, Р.Жаманова, ағайынды Абдуллиндер, атақты С.Лемешевтерді  қостап, сахнаға сән берді.

Ол аталған оркестр  құрамында  болған жылдары  күй  жебеу  мен әндер  қостаудың  шеберліктерін молынан меңгерді. Бақыт апайы тек теориялық білім беріп қана қойған жоқ, әр қағыс, иірім, екі қолы домбырада бірдей жорғалап, кейбір нотаға түспеген қағыстардың өзін  іліп әкетер  шебер орындаушы ретінде қалыптастырды.

– Сол 1966  жылы  қазақ күйінің ғажайып қамқоршысы Ахмет Жұбанов 60 жасқа толып, мерейтойлық кештегі концертте  оның өзі  ұйымдастырып, құрған Құрманғазы оркестрі  концерт берді. Концерттегі  үш шығармаға Ахаңның  өзі дирижерлік етті. Бірнеше күн дайындық жүргізді.   Байқағаным  трактовкасы  бөлек, үйретері нақты, өте шебер, әр аспаптың орнын бағалайды   және  әр орындаушымен тең дәрежеде еркін, бауырына тарта сөйлейтіні ұнады, – дейді өткен күндерін еске алған Орақ Жауыров.

Орақ 1970  жылы  аталған оқу орнын бітіріп, өзі туған Атырау қаласына оралды. Д.Нұрпейісова атындағы халық оркестріне  дирижер болып орналасты. Әрине, халықтық болғасын оның дирижерден басқа басыбайлы мүшесі жоқ. Бәрі де қоғамдық  негізде – түрлі мектеп, кәсіпорын, мекемелерде жұмыс істейтін мамандық иелері. Бірақ, өнерді  жандарындай  жақсы көреді, сүйеді. Әйтсе де қандай ма бір атаулы мереке, шараларда  аталған оркестр концерт қоюы керек деп талап етіледі. Соған сай  мекемелерге телефон шалынып, оркестр мүшелерін жұмыстан босатып, сұрап алғаны жөн. Көбіне-көп кешкілік мезгілдерде түннің  бір уағына шейін  дайындық жасалынып, репертуар жаңартылады. Орақ осы жұмыстың басы-қасында болып, біраз тер төкті, абыройға бөленді.

Атырау өңірінде қазақ ұлт-аспаптар оркестрлері өткен ғасырдың орта тұсынан бері өмір сүріп  келеді. Кезінде барлық ауданның  мәдениет үйлері  мен жекелеген шаруашылықтарда  оркестрлер болды. Калинин, Сағыз, Еркінқала, Аққыстау оркестрлерінің даңқы  республикаға жетті. Олар облыс орталығында  өтетін сайыстарда  шеберліктерін  танытып, өз атақтарын қорғап қалатын. Солардың бәріне Орақ практикалық көмек берді. Дирижерлеріне  шеберлік шыңдау сабақтарын өткізді. Өзі кезінде училищенің, Алматыда, кейін Ақтауда оркестрлер құрды.  Маңғыстаудағы Абыл Тарақұлы атындағы оркестрдің негізін қалап, есімін елге танытқан  да осы Орақ.  Атырауда Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның «Нарын» фольклорлық оркестріне  жетекшілік (бас дирижер және көркемдік жетекші) етті. Аталған оркестр  осы  тұста  Біріккен Араб Әмірлігінде, Дондағы Ростовта, Кореяда өнер көрсетті, халықаралық конкурстарда жеңімпаз атанды.

Орақ Жауырұлының  облыста осындай ұжымдық өнерді дамытумен бірге жастарды қазақ халқының дәстүрлі күй өнеріне, өнерге  баулу, теориялық   білім беруге  қосқан үлесі айтарлықтай. Атыраудың  Д.Нұрпейісова атындағы  және Алматының Чайковский атындағы музыка училищелерінде, Құрманғазы атындағы облыстық  балалар музыка мектебі мен Ақтауда да сабақ берді, басшылық жасады. 

Бұл күнде Орақ Жауыровтың аты алысқа кеткен үлкен оркестрлермен жұмыс істеп, бірде қатардағы домбырашы, екіншісінде оның жетекшісі атанып, халықтық өнердің   қаһарманы атанғанына   елу жылдан артық уақыт өтіпті. Әр жастағы адамдармен, түрлі ұжыммен  жұмыс істеудің өз ерекшелігі бар. Мәселен, көркемөнерпаздар оркестрінде бір шығарманы апта бойы әзірлеу  керек болса, кәсіби ұжымда  бар-жоғы екі-үш күнде  сахнаға шығара алады. Сондай-ақ, балалармен жұмыс істеудің де  өзіндік құпиясы мол. Бірақ, олардың жаны таза, нәзік, берілген тапсырмаларды  дер кезінде  мүлтіксіз орындайды. Сондықтан, Орақ  балалармен  жұмыс  істегенді  ұнатады.

Ол  мамандығын  дирижерлік деп біледі. Ал, дирижер болу үшін  ең бастысы  күй табиғатын  түсінуі керек. Өнерде ән өз ойын алдымен әуен, содан соң ғана өлеңмен (мәтінмен) жеткізеді. Күйде характер (мінез), екпін, орындау шеберлігі бар. Әр күйдің  басы, шарықтау шегі, аяғы, тұтастық жүйе, мазмұн болады. Мұны  ең бастысы дирижер  жүйелеп түсінуі, оркестр ойнаушыларына  түсіндіріп, ұғындырғаны дұрыс. Сөйтіп, орындаушылар мен дирижер ойының  бір жерден шығуы – тыңдаушылар сүйіспеншілігін тудырады. Ұжымның көркемдік шеберлігін қалыптастыратын дирижер. Шебер дирижер әп дегеннен өз стилін, бағытын орнықтырады. Бұл ретте дирижер тұғырына көтерілу оңай, бірақ, тыңдаушы жүрегіне жетіп, дүркірете қол соқтыру қиын. Ал, халықаралық  және  республикалық  байқаулардың әлденеше дүркін  лауреаты, тәуелсіз Қазақстанның  «Құрмет» орденінің  иегері, Атырау облысының  Құрметті азаматы, Д.Нұрпейісова атындағы  Атырау облыстық академиялық  қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің  бас дирижері  және көркемдік жетекшісі  Орақ Жауыров болса, мұндай құрметке әлдеқашан  ие болған республикамыздағы   таңдаулы  дирижерлердің бірі, ол бұл күндері жер ортасы  жетпіске толып, шығармашылық биікте тұр.

Ол аталған оркестрге жетекші болып келгелі ұжыммен Түркияда, Германия, Австрия, Франция, Ресей елдерінде, Астанада өнер көрсетті. Аудандарға шықты, облыс орталығында  бірнеше концерт берді. Бәрінде де  жұртшылық қошеметіне бөленді. Дүркіреп қол соғылды, құшақ-құшақ  гүл сыйланды. Сайып келгенде өнерде  қошемет сұрап алынбайды, тыңдаушы  өз жүрегінің қалауымен береді. Ондай сый, марапатқа Орақтың ие болғанына қанша жыл, мерзім өтті десеңізші.

Жүзінен нұр, әр қимылынан  шуақ  құйылған  қадірлі  өнер  шеберіне  алда  да жемісті  жылдар, шуақты күндер  тілейміз.  Жамыраған үндер шоғыры  жаныңа  жақсылықтар  құя берсін, асыл дос!

Өтепберген Әлімгереев,

Қазақстанның

Құрметті журналисі.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз