ОҢТҮСТІКТЕН КЕЛГЕН ӨНЕР КЕРУЕНІ

Атырауда Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет күндері өтуде

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында облыстар арасында мәдени жетістіктер алмасуды күшейту үшін өзара облысаралық өнер апталығын өткізу тапсырмасына сәйкес еліміздің аймақтарында мәдени күндерді ұйымдастыру шаралары өткізілуде. Ол халықтың рухани жан-дүниесінің кеңеюіне мүмкіндік туғызды. Ағымдағы жылдың маусым айында атыраулық өнерпаздар ордалы оңтүстікті ән мен күйге бөлеп келген  еді. Енді, міне, кеше Оңтүстік Қазақстан облысының мұнайлы өлке Атыраудағы мәдениет күндері басталды.

 Асыға күткен ағайын

Сейсенбі күні «Алматы-Атырау» бағытындағы пойызынан келбеті келісті, аймағы өрісті оңтүстік өңірінен келген өнерпаздарды Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан бастаған топ үлкен қошеметпен, жылы шыраймен қарсы алып, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қонақтарға «қош келдіңізін» жеткізді. 

– Атыраудың өнерпаздары бұрын Шымкентке барып, думанды өнерлерін көрсетіп қайтқан болатын. Енді оңтүстіктік ағайындар келіп, Атырауда тамаша өнер көрсетеді деген ойдамыз. Қазақ өнерін бөліп алатыны жоқ. Өнер – елде тұратын барлық ұлт өкілдеріне ортақ дүние. Дегенмен, өнердің бір кеніші Шымкентте деп білеміз. Сондықтан, атыраулық көрермендер сіздерді асыға күтті. Күз, әдетте, мәдениет маусымы саналады. Міне, Атырауда осы маусым оңтүстіктің өнерімен ашылғалы отыр. Өнер байланысы тығыз болып, қарым-қатынас қалыптасқан сайын қазақ өнерінің қара шаңырағы көтеріле түседі. Биыл оңтүстік пен Атырау өңірі мәдени ықпалдастықтың үлгісін көрсетіп жатыр. Осындай жарасымды өнер байланысы жалғасын тапсын. Атырауға қош келдіңіздер! – деп облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы ақжарма тілегін жеткізді.

Мұндай ыстық ықыласқа қонақтар атынан Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет,   мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Күлия Айдарбекова алғысын білдірді.     

– Атырауға 160-тай өнерпазымыз келді. Оңтүстік десе, ең алдымен, еске Түркістан, Арыстан баб, Сайрам, Сүгірдің күйлері, Шәмшінің әндері еске түседі. Осыған орай, өнердің ордасы саналатын Оңтүстік Қазақстан облысының Атыраудағы мәдениет күндері аясында жергілікті көрермендер Сүгір атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің өнеріне тәнті болып, Махамбет ауданында Шәмшінің әндеріне арналған концерттік бағдарламаны тамашалайды, – деді ол. 

Шежіре сыр  шертеді

Жайлауда малы, төскейде бидайы мен мақтасы жайқалған, өндірісі өрге басқан Оңтүстік Қазақстан облысының өнер апталығы аймақтағы мұражайлардың және қолөнер шеберлері мен суретшілердің кеңейтілген көрме-экспозициясының ашылуымен басталды. 

Шырайлы өлкенің мәдени көш керуенін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов бастап келді.

– Өздеріңіз білетіндей, оңтүстік – қазақ тарихының алтын бесігі. Бұл өлкеден Атырауға мыңнан астам экспозиция әкелініп, көрермен назарына ұсынылып отыр. Мұның бәрі – рухани байлық сыйлайтын құндылықтар. Осы апталықтың ішінде біз оңтүстіктің өнері мен мәдениетін таныстырмақпыз. Облыстардың осындай берік  байланысы ел дамуына да сүбелі үлесін қосады деп есептеймін, – деді ол.

Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысының өнерпаздарына Махамбеттей бабамыздың, Жұмекендей ағамыздың, Фаризадай апамыздың жырларын жаттаған, Құрманғазы, Дина, Сейтек, Мәмендердің күйлерін саусағында сақтаған арайлы Атырауға тағы «қош келдіңіздерін» жеткізген облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан жергілікті халықты жоспарланған шараларға бір  кісідей атсалысуға шақырды. 

Өнер апталығының салтанатты ашылуында халықаралық, республикалық ақындар айтысының жеңімпазы, оңтүстіктің дүлдүлі Біржан Байтуов өзінің жыр-шашуын тарту етсе, дәстүрлі әнші-термеші Руслан Ахынбеков Майлықожаның термесін, Ақмарал Биназарова халық әні «Бозбаланы» орындап берді. Сондай-ақ, «Қазына» би тобы мен «Тұмар» фольклорлық ансамблі өнерлерімен тәнті қылды.

Мәдениет күндері аясында ұйымдастырылған «Шырайлы Оңтүстіктің шежіресі» атты көрме-экспозициясына аймақтағы 25 мұражай мен көркемсурет галереясының құнды деген жәдігерлері қойылған. Бұл көрмені үш күн бойы Атырау қаласының тұрғындары мен қонақтары тамашалайтын болады.

Ұлы Жібек жолы, көне қалалар мәдениетінің өркендеуі, ежелгі сауда-саттық пен қолөнердің дамуы, ұлы сәулет ескерткішінің бой көтеруі, облыстың қалыптасу тарихы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларының жандануы, сондай-ақ, тәуелсіздік жылдарындағы облыстың жеткен жетістіктерінің бәрі «Шырайлы Оңтүстіктің шежіресі» атты көрме арқылы атыраулық көрерменнің назарына ұсынылды. Көрме облыс мұражайлары қорларынан жасақталған жалпы саны бес жүзден астам жәдігерден жасақталған екен.

Өлке табиғаты мен тарихынан сын шертетін көрме бірнеше тақырыптарды қамтыды. Атап айтсақ, «Жасыл кілемдей жайылған ажары» атты бөлімде облыс табиғатын бейнелейтін кескіндемелік картиналар қойылған. Сондай-ақ, Сайрам, Өгем, Қаратау тауы мен Ақсу-Жабағылы қорығының фотосуреттері мен қазба байлықтары алыстан көз тартып-ақ тұр.

Оңтүстік Қазақстан облысы – кең-байтақ қазақ жерінің тарихы терең, құнарлы өңірі. Облыс тарихи ескерткіштерімен әйгілі. Қорғандар, бекіністер, ежелгі қалалық кесенелер жетерлік. «Тереңнен тамыр тартқан тарих»  бөлімінде  Бөріжар қорымынан табылған қыш құмыралар, темірден жасалған әшекей бұйымдар, ежелгі қалалардың фотосуреттерін көруге болады.

Аталған аймақ, сонымен қатар, діни астана саналатыны да белгілі. Осыған орай, «Діни наным-сенімдері» деп аталатын бөлімде көшпелілердің мәдени дәстүрінің ең маңызды саласы болып табылатын исламға дейінгі діни наным-сенім мен исламға байланысты сан алуан артефактілер ұсынылған.

Өлкеде қасиетті әулие ата-бабалардың кесене-күмбездері, тарихи-мәдени ескерткіштері мол. Олардың әрқайсысы – өз алдына тұнып тұрған шежіре. Бәйдібек ата, Домалақ ана, Ысқақ баба, Баба Түкті Шашты Әзиз кесенелерінің фотосуреттері, кескіндемелік картиналар және VIII-IX ғасырлардағы қыш ыдыстар «Тарихи-мәдени ескерткіштер мекені» атты бөлімінен орын алған.

Көрме, негізінен алғанда, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды. «Ерліктің арқауы, елдіктің бастауы – Қазақ хандығы» атты бөлімде қазақ халқының қалыптасуы, нығаюы, әкімшілік-саяси, мәдени өркендеуінен мағлұмат беретін құжаттар көшірмелері, кітаптар қойылған. Сонымен қатар, облыстық мұражай қорындағы XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ батырларының қарулары мен сауыт-дулығалары көрермен назарына ұсынылған.

Мұражайдың бөлім меңгерушісі Гүлмира Ләзардың айтуынша, қылышты 1931 жылы Кенесарының ұлы Ахмет Сұлтанның баласы Әзмұхан Кенесарин облыстық тарихи-өлкетану мұражайына әкеліп  тапсырған. 

Мәдениеті дамыған өнерлі өлке

Айта кетсек, Оңтүстік Қазақстан облысында 758 мәдениет мекемесі жұмыс істейді. Оның ішінде, 431 кітапхана, 268 мәдени клуб, сегіз театр, 25 мұражай бар. Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Күлия Смайылханқызының айтуынша, соңғы бес жылда облыста мәдениет саласы қарқынды дамып келеді. Мәселен, жаңадан елу мәдениет мекемесі ашылған. Олардың қатарында «Оңтүстік цирк», опера-балет театры, 1300 орындық «Түркістан» сарайы, көрме орталығы бар.

Күлия Айдарбекованың айтуынша, соңғы жылдары өнер саласына жастар көптеп келуде. Себебі, облыста әр түрлі жанрдағы байқаулар жиі өтіп, жеңімпаздары міндетті түрде жұмысқа қабылданады. Соның негізінде, екі жүзден астам жас маман қызметке орналасқан.

– Облыста бес мыңға жуық мәдениет саласының қызметкері жұмыс жасайды және 215 би тобы, отыздан астам халықтық атағы бар өнер ұжымы бар. Сонымен қатар, анимациялық фильм шығару ісі қолға алынған. «Оңтүстікфильм» мекемесін республикалық деңгейдегі балалар киностудиясы ретінде ашуға болады. Оған толық мүмкіндік бар. Мәселен, елге кеңінен тарап кеткен «Томпақ» фильмі – осы мекеменің туындысы, – дейді Күлия Смайылханқызы.

Оңтүстік Қазақстан облысында сегіз кәсіби театр бар. Жыл сайын театрлар арасында «Көктем фестивалін» ұйымдастыру дәстүрге айналған. Соның ішінде биыл Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған фестивальда облыстық әзіл-сықақ және сатира театры бас жүлдені жеңіп алып, гастрольдік сапарларға шығып жүр. Атырауға да 21 адамнан құралған аталған өнер ұжымы Ж.Аймауытовтың «Сылаң қыз» спектаклін ұсынбақшы.

Тарихтан терең сыр тартқан

 Оңтүстік – суретшілер мекені. Оңтүстік Қазақстан облысының бейнелеу өнері мұражайындағы құнды жәдігерлерден жасақталған «Бірлігі жарасқан Мәңгілік ел» көрмесі де тарихтан сыр шертті.

– Атырау облысындағы мәдениет күндері – Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында іске асып жатқан іс-шара. Бұған дейін бәріміз тек орталыққа бара беріп, көршілерімізбен, еліміздің өзге аймақтарымен байланыс орнатпайды екенбіз. Елбасы байланыстың үзілгеніне жиырма жылдан астам уақыт өтіп кеткенін қадап айтты. Сондықтан, биыл Атырау мен оңтүстік арасында берік байланыс орнап, тарихи кезеңдерімізбен бөлісудеміз, өнер саласында тәжірибе алмасудамыз. Бүгін біз жетпістен астам кескіндемелік туынды және реставрациядан өткен жұмыстарды алып келдік, – дейді Оңтүстік Қазақстан облысының бейнелеу өнері мұражайының директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Айнабек Оспанов.

Мұражай басшысының айтуынша, оңтүстікте кәсіпқой бейнелеу өнері 1939 жылдан бастау алған. Ал, енді қырқыншы жылдары суретшілер ұйымы ашылып, он жылдан соң Одақ ұйымы қызметін бастаған. Ал, мұражай жеке жаңа ғимаратқа көшкелі сегіз айдай ғана уақыт өтті. Бұған дейін, бес жыл бойы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының құрамында галерея ретінде жасақталған. Қазіргі таңда қорда мыңнан астам құнды жәдігер бар. 

Көрмеде қылқалам шеберлерінің бірлігі жарасқан қазақ даласының тарихы және Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған туындылары көрермен жұртшылыққа  таныстырылды.

– Қандай жақсы дәстүр! Қазақстанның әр облысы осы үрдісті қолға алуға мүмкіндігі бар. Сол жүз адамға кететін ақшаны есептегенде екі қымбат картина сатып алуға ғана жетеді. Сондықтан, бұл жерде шығын жоқ. Мен осы дәстүрді Түркияның Ыстамбұл мен Анкара қалаларында болғанда көргенмін. Мұнда қырыққа тарта түркі халқының суретшілерін көктемде жинап, 15-20 күн бойы барлық жағдайын жасап, түркі әлемі туралы суреттер салдырады екен. Бұл – үлкен қазына, байлық. Соңғы кезде, рухани құндылыққа деген көзқарас өзгерді. Суретшілердің, шын мәнінде, картиналарының бағасы аспандап кетті. Халық аман болса, таланттар тумай тұрмайды. Осындай таланттарды баптап, түлетіп отырған оңтүстік халқына рахмет. Осы дәстүр, рухани байланысымыз жалғаса бергей,- дейді көрмені тамашалаған белгілі жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев.

Ал, кеше кешке Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрында оңтүстіктік өнерпаздар ұсынған гала-концертте еліміздегі алдыңғы қатарлы би ұжымдарының бірі – «Қазына» би тобы және «Тұмар» фольклорлық ансамблі, опера-балет театрының өнерпаздары және тағы басқалары Атырау сахнасында өнерлерін паш етті.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз