Өзге мемлекеттер Наурызды қалай тойлайды?
Жаңару мен жыл бастауының символы саналатын Ұлыстың ұлы күні – ұлық мерекені жер шарындағы көптеген мемлекет тойлайды. Атаулы күн Иранда, Өзбекстан мен Түркияда, Әзербайжан, Тәжікстанда және басқа Орта Азия елдерінде әр күндері аталып өтеді. Біздің елде орталық алаңдарда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, салт-дәстүрлеріміз дәріптелсе, өзге мемлекеттер де ұлттық құндылықтарын ұлықтап, күн мен түннің теңесетін айтулы сәтті ерекше көңіл-күймен қарсы алады.
Мәселен, Қырғыз Республикасында «Нооруз мерекесі» қыстың аяқталғанын және табиғаттың оянуын, өмірдің жаңаруын білдіреді. Наурыз айында туған балаларға Ноорузбай, Ноорузбек, ал, қыздар өмірге келсе Нооруз, Ноорузгүл секілді аттарды қояды екен. Егер Наурыз айында қар жауса, онда ол жақсылықтың нышаны саналады. Қырғыз аңыздарында сұлу қызды Наурызда жауатын жұмсақ ақ қарға теңейді.
Ал, түрікмен халқы ғасырлар бойы көптеген ұлттық мерекелерді ерекше ынтамен тойлауды жөн санайды. Оларда «той», «байрам» деген сөздер «мереке» мағынасын білдіреді. Осыған байланысты түрікмендер үшін Наурыз мерекесінің орны бөлек. Мерекенің аясы қоғам, отбасы, туыстар мен достар, сондай-ақ амандық пен гүлденуді көздейді. Новруздың алдында үйлер мен олардың айналасын барынша тазарту жұмыстары жасалады.
Ал, Әзербайжан – өзінің ұлттық салт-дәстүріне жоғары құрметпен қарап, оларды атаусыз қалдырмайтын елдердің бірі. Наурыз мейрамын көктемді тойлаудың ең ежелгі және құрметті мейрамы деп түсінетін әзербайжандықтар оны табиғаттың жандануының белгісі деп те қабылдайды.
Әзербайжанда Наурыз мерекесіне дайындық ерте басталады – үйлер көркейтіліп, ағаштар отырғызылады, жаңа киімдер тігіледі, жұмыртқалар боялады, тәтті-дәмділер мен ұлттық тағамдар дайындалады. Әрбір үйде міндетті түрде үстел үстінде бидай тұқымынан әдейі өсірілген жасыл өскіндер тұрады. Мейрамға дейін төрт апта бойы сейсенбі сайын от жағылып, олардың үстінен балалар секіріп ойнайды, майшамдар жағылады. Мейрамның алдында туған-туыстар жақын-жуықтарының зираттарына барады.
Отбасылық мейрам күні кешке барлығы ошақ басында жиналады. Жаңа жыл бай әрі жемісті болсын деген мақсатпен үстелге көптеген әртүрлі тағамдар қойылады. Мейрам үш күнге созылып, көпшіліктің серуенімен аяқталады. Жергілікті халық ұлттық киімдерін киіп, халық әндері мен билерін орындайды, спорттың ұлттық түрлері бойынша жарыстар өткізіледі.
Наурыз – ирандықтардың ежелгі мейрамы. Иран мәдениетінде Наурыздай кең тараған ұлттық мереке сирек кездеседі. Зерттеуші ғалымдардың пікірінше, осы ежелгі салт пен мейрам көп қырлы әрі мифологиямен байланысты болып келеді. Ол біртіндеп ұлттық сенім мен әдет-ғұрыптардың үлкен бөліміне айналып, кейінірек діни сипат алған. Әрине, Наурызға қатысты салт-дәстүрлердің бірқатары мән-мағынасы мен қолданысынан айрылғаны белгілі. Бірақ, кейбір маңыздылары әлі де болса сол күйінде қалған. Мәселен, Наурыз мейрамынан қасиетті заман, өмірге келу, өсіп шығу, мәдени қаһарман, тазару элементі сияқты мифологиялық қырлар байқалады.
Ирандық данышпан Омар Хаям өзінің «Наурызнама» атты кітабында наурыз күн тізбегінің негізін Жәмшид қалады деп, аты аңызға айналған осы қаһарманның ізін тарихи жазбаларға түсіреді. Олар Наурызды көктемнің алғашқы күні деп біліп, оның келуін егжей-тегжейлі символикалық рәсіммен тойлайды. Осы көзқарас бойынша, табиғаттың өмірі ирандықтар үшін ерекше маңызға ие болған.
Тәжіктер Наурызды достықтың кілті және тіршіліктің оянуы деп санайды. Оны «Хадир айиам», яғни «үлкен мереке» деп атайды. Тәжікстанда да Наурыз дайындығы басқа түркітілдес елдердегідей Жаңа жыл басталардан бірнеше апта бұрын басталады. Наурыздан бір апта бұрын балалар көктемнің келе жатқанын «Гол гардани» рәсімін өлеңдетіп орындау арқылы білдіреді. Мұнда балалар таныстарының үйлеріне көктем гүлдерін апарып, үй иесі оларға сыйлық беріп, сый-сияпат көрсетеді.
Бұл күн – Ауғанстан тарихы мен мәдениетінде тамыры тереңге кеткен мереке. Аталған мейрам осы елдің әдебиеті мен өнерінен, фольклоры мен отбасылық және қоғамдық рәсімдерінен көрінетін өмір, табиғат пен адами құндылықтарды құрметтеудің нышаны болып табылады. Ауғанстанның әртүрлі ауылдары мен қалаларында жалпы халық – әйелі мен ер азаматы ерекше рәсімдерді өткізу арқылы Наурызды қарсы алуға барады. Осы күнді ұлықтау үшін үстеріне жаңа ақ түстен тігілген киім киеді.
Р.S: Әрине, «Әр елдің салты басқа…» демекші, әрбір мемлекет ұлық мерекені өздерінің тарихи мол мұрасына қарай тойлайды. Соңғы уақытта біздің елде де жыл басы Көрісуден басталып, «Наурызнама» онкүндігіне ұласып келеді.
Дайындаған Айбөпе САБЫРОВА
* Сіз не дейсіз?
Динара БАҒЫТОВА,
«Atameken Business» телеарнасының Өзбекстандағы меншікті тілшісі:
«Сумәләктан» дәм татыңыз!
– Өзбекстанда бұл күндері шаңыраққа кірген адамға ерекше мән береді. Келген кісі абыройлы, сыйлы, ақылды және беделді болуы керек. Көне заманда Наурыз мейрамында мерекелік базарлар, атжарыстар, ит және құс күрестері ұйымдастырылған.
Өзбекстанда Наурызды мерекелеу барысында ең маңызды салт-дәстүрдің бірі және Жаңа жылдың ғани беті саналатын «сумәләк» тағамы болып табылады. Ол өмірдің, жылулықтың, молшылықтың және денсаулықтың символы ретінде саналады. Тағам бидайдан жасалып, оған кейде әртүрлі қоспаларды қосады. Яғни, «сумәләкті» қазақтың «наурыз көжесі» деуге де болады. Ол үлкен қазандарда пісіріледі.
Бота ШЕРКЕШБАЕВА,
Атырау қаласының тұрғыны:
«Зейбек» биін биледік
– Мен былтыр Ұлыстың ұлы күнін шетелде, атап айтқанда, Түркияда тойладым. Онда Наурыз достар мен туыс-туысқандарды біріктіретін күн. Стамбулдағы құрбыларым осыған дейін бұл елде Наурыз мейрамын күрттер тойлап келгенін айтқан еді. Орталық Азиядағы түркітілдес мемлекеттермен бірге парсы елдері тойлайтын мерекені күрттер де ежелден бері атап өткен. Сондықтан, кейбір тұрғындар үшін Наурыз мерекесі күрттердің мейрамы деген ой қалыптасып үлгерген.
Соңғы жылдары ғана түрік халқы Ұлыстың ұлы күнін қайта қолға алған деседі. Бір жағынан ағайындас, туыс мемлекеттердің барлығы тойлайтын атаулы күннен шет қалмаудың, оларға жақындаудан туған ізгі ниет болса керек. Естуімше, бүгінде айтулы күн бұқаралық сипатта атап өту игі дәстүрге айналып барады. Ауыл азаматтары дастархан басына жиналып, «Зейбек» биін билегеніне куә болдым.