
Өнер мен шеберлік «Алтын қолтаңбада» тоғысты
Атырауда ардагерлер арасында «Алтын қолтаңба» атты облыстық қолөнер шеберлерінің көрме-байқауы өтті. Іс-шараны облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің Атырау облыстық филиалы және облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени қызметтерді ұйымдастыру орталығы бірігіп ұйымдастырды.

Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан қазақ халқының ұлттық мұрасын сақтап, оны кеңінен насихаттау мақсатында қолға алынған байқауда қолөнер саласындағы шеберлердің ең үздік туындылары ұсынылды. Аға буын өкілдерінің өнері көрермендерге таныстырылып, жас ұрпақтың ұлттық өнерге деген қызығушылығын оятуға ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ, қолөнердің тәрбиелік маңызы мен эстетикалық құндылығын жастарға үлгі ету мақсатында байқау өткізілді.

Атырау қаласынан және аудандардан келген зейнет жасындағы ардагерлер қатысты. Әр қатысушы өзінің бірегей авторлық туындыларын ұсынды. Қолөнер шеберлерінің жұмыстары зергерлік бұйымдар, сүйек пен мүйізден жасалған бұйымдар, ағаштан жасалған көркем туындылар, теріден, кесте және тоқылған бұйымдар сияқты өнер туындыларын қамтыды. Әр қатысушы кем дегенде бес түрлі жұмысын көрмеге ұсынды, ал үздік деп танылған бір туынды ұйымдастырушылар тарапынан көрменің жәдігері ретінде қалдырылды.

Көрме-байқау Infinity Mall сауда орталығында өткізілді, ол жерге келген көрермендер қазақ халқының бай өнер мұрасына қанығып, ардагерлердің шеберлігін жоғары бағалады. Қолөнер туындыларының әрқайсысы өзінің бірегейлігімен ерекшеленіп, қазақ халқының мәдени мұрасына деген құрметтің айқын көрінісі болды.

Бұл іс-шара ұлттық өнерді сақтап, дамытуға қосылған маңызды үлес болып, жастарға тәлім-тәрбие берудің тиімді құралына айналды.



Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ