Ұлттық нақыштағы бесік жасауын тігетін атыраулық шебер құпиясымен бөлісті

img 20210318 wa0166 Жаңалықтар

 Наурыз мерекесі қарсаңында қазақы үлгідегі ұлттық киімдер іздеп сабыламыз. Сауда орталығына бас сұғуымызға да сол се­беп болды. Көп дүңгіршектердің ішінен ұлттық нақыштағы бесік жасауы бірден көзге түсті. Базарға келуіміздің басты себебі бұл болмаса да, арнайы бұрылдық.

 Гүлзия Мусақызы – сәбилерге жылулық пен жайлылық, ата-аналарына қуаныш сыйлап жүрген жан. Ұлттық нақыштағы бесік жасауларының әрқайсысын ерекше ілтипатпен тігетінін айтады. «Әр тігісті жүргізіп отырып, бөбекке қуаныш сыйлашы деп, іштей тілеп отырамын» дейді шебер.

Осыдан біраз жыл бұрын Гүлзия қарапайым қызметкер, құрылыс саласындағы инженер-эколог-ты. Алайда, бесік жасауын тігуге құштарлығы пайда болып, жалақысы жоғары жұмысынан да бас тартқан. Тұқымында ісмерлікпен айналысқан адам жоғын айтқан ол – өзі тігінші, өзі дизайнер.

  • – Бұл іске бел шешкен сәтте таңданбаған адам болмаған шығар. Өйткені, ине ұстап, іс тігу тіпті үш ұйықтасам түсіме де кірмейтін. Тұңғыш қызымыз бой жеткен тұста жұмыс, үй, қаржы, карьера секілді құндылықтардың ешқайсысы да бала қуанышына жетпейтінін сезіндік. Сөйтіп, қызымыздың соңынан бауырлары ерсе екен деп, сәби сүюді аңсадық. Күн сайын сол тілекпен жатып, сол тілекпен оянып жүрдік. Осы жағдайымды түсінген қызым бесік тербетіп отырған ананың суретін сыйға тартты. Жатын бөлмесіне, бас жаққа іліп қойдық. Осы туынды менің мотивациям болды. Оның үстіне сәби аңсап жүргенімізді білетін жақын-жуық, дос- туыстардың көбі бізге «кіндік әке-шеше болыңдаршы» деп жиі өтініш айтатын. Ешкімге қарсылық білдірмедік. Бөбекке қажетті бұйым-заттарды жинақтаған кезде жайлылығына қоса, ерекше болуына баса мән беретінмін. Табанымнан таусылып, талай сауда орындарын аралаушы едім. Қазақы нақыштың аз болғанына қынжылып, «осы олқылықтың орнын қалай толтыруға болады?» деген сауал мені жиі мазалады. Осылайша, іс тігетін машина алып, қазақы нақыштағы алғашқы бесік жасауын тіктім. Міне, содан бері 3 жыл уақыт өтті, – дейді Гүлзия Исембаева.

Осы уақыт аралығында шебердің қолынан шыққан 2000-ға тарта бесік жасауы әр шаңырақтағы сәби қуанышын еселей түсуде. Тіпті, тапсырыс берушілер атыраулық Гүлзияның қолынан шыққан жасауын мұхит асырып, алысқа да алып кетіпті. Америкада тұратын немересіне, Кореядағы жиендеріне арнап сатып алған ата-әжелер де болыпты. Ресейдің Орынбор, Астрахан қалаларынан да жиі тапсырыстар түседі екен.

Бесік – қазақ үшін киелі де қастерлі. Оны лақтырмайды, сатпайды. Ұрпақтан- ұрпаққа жалғап, талай жылдар бойы пайдаланады. Ал, жасауын әр балаға арнайы тігіп, әдемілеген. Сол үрдіс әлі де жалғасып келеді. Соның айқын дәлелі – Гүлзия шебердің қолынан шыққан дүниелер.

  • «Бұрын іс тігіп көрмегенмін. Сенесіз бе, мен әлі күнге дейін ине ұстап, ілгек қадай алмаймын. Ал, тігін машинасын толықтай меңгеріп алдым. Оқып, үйреніп, өзімді-өзім дамытып отыруға ұмтыламын. Ең алғашқы тапсырыс берушім Құлсары қаласынан болды. Сол жасау есіме түссе, әлі күнге ұяламын. Мен ол кезде «тігу – екі матаны бір-біріне қосу» деген түсінікте ғана болған едім. Қазір оның терең тұңғиығына бойлап келемін. Бұрын желіммен жұмыс жасасам, қазір арнайы құрылғымен ою оямыз. Айтпақшы, құлсарылық алғашқы жасауды алған адам маған хабарласса, арнайы сыйлық жасауға әзірмін» дейді күліп.

Бутикке кірген апай әңгімемізді бөлді.

  •  «Бесік Атырау, айналайын, атыңды да білмеймін. Сұрамаппын. Телефоныңды да алмаппын. Үйге барып, немеремді бесігіне жатқызып, суретке түсірдім. «Өзі көрсін» деп саған жіберіп, рахмет айтайын десем, телефоның жоқ. Сол үшін қайта келіп тұрмын. Міне, суреттер» деген ақ жаулықты әжей «фотоларды әлгі өздеріңнің «рекламдарыңа» салыңдар. Жасы сексенге таяған әжеге ұнады, алғысын айтты деп жаз» деді.
  •  – Мұндай клиенттер өте көп. Әрдайым алғыстарын жаудырып жатады. Бесік тойдан сарқыт алып келіп, жақынындай көретіндер де жоқ емес. Ырымшыл халықпыз ғой, сәби сүйе алмағандар «ырымдап алғым келеді» деп сатып алып, кейін сүйінші хабар айтатындар да бар. Ең бастысы – шын ықылас, ниетпен тігу. Мен бұл кәсібімді табыс көзі деп емес, бақыт сыйлаудың жолы деп білемін,- дейді Гүлзия шебер.

 Шағын ғана сауда орнын көздің жауын алатын төл туындыларымен толтырып қойған шебер «тек бесік жасауын ғана тігемін, сол жаныма жақын» дейді. Расында да сәби қуанышының парқы биік. «Балаларға бақыт сыйлауда шаршама. Аналарға бесіктей киелі мүліктің мәнін түсіндіріп жүрген ісің оңға бассын!» деген ақжаулықты әжейдің батасы қабыл болғай. Бесік тербету бақыты баршаға бұйырсын!

Гүлжан ӘМІРОВА

 ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ

«Бесіксіз үйде береке жоқ». Халықтық тәмсілдің мағынасы терең. Ұлттық құндылықтың құны түспеуі қашан да маңызды. Былтыр «Нұрсая» шағын- ауданындағы тұрмыстық қоқыс арасында қос бесік жатқаны туралы ха­бар тез тараған-ды. Киелі дүниені керексіз қылып, далаға тастағандарды көпшілік аяусыз сынаған. Дархан Нұғманов есімді қала тұрғыны сол сәтте бесікті қастерлеп, үйіне алып кеткен еді. Жанашыр жан бұған дейін де көшеден тапқан бесікке бейжай қарай алмаған-ды.

Үш перзенттің әкесі киелі мүліктің қадірі қашқанына қынжылады. «Екіжақты пікір айтылды. Бірі – бізді қолдап, бақыт тілесе, «неге алдың?» дегендер де болды. Қалай дегенде де киелі бесіктің далада жатуын құптауға болмайды. Оны керексіз еткен адамның қандай оймен тастағанын білмедім, бірақ, дұрыс емес. Қазір даладан тауып алған үш бесік те шеберханамда тұр. Алдағы уақытта оларға қатысты жоспарым бар» дейді ол бізбен әңгімесінде.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз