Жарнама
Мәдениет

Өн бойына өнеге өрген

Құдай қалап, бұдан алпыс жылға таяу бұрын мен Жәнияны балаң шағында, балауса күйінде кездестіріп, оның келешегінен үкілі үміт күткен тілеулестің бірі едім. Аңдай білген кісіге адам болар бала қаршадайынан бөлектеніп, ерекше көзге түседі емес пе? Қазақ оны сыпайыламай, анайылау түрде «Болар бала боғынан» деп пәлсапамен ғажайып әдемі жеткізген ғой. Мен әріден тегін, төркін жұртын іздестірсем Жайық өзенінің теңізге құяр сағасындағы еркінқалалық болып шығатын, берідегі өркен жайған, өнеге өргізген, елге еленген жерінен сұрастырсам қызылқоғалық болып кеткен Жәния Ізбасқанова қарындасымды кездестірген сайын осы ойдың жетегіне ілесемін.

Шынтуайтқа келгенде, Жәнияны сонау қаршадай шағынан білетін қызылқоғалық екеу болса соның бірі мен екенмін, біреу болса, әрине, өзім ғана. Әлі есімде, тұңғыш рет 1964 жылы Гурьев мемлекеттік педагогика институтының (қазіргі Халел Досмұхамедов атындағы университетінің) тарих-филология факультетінің бір топ студенті қысқа мерзімді педагогикалық дағдыны қалыптастыруға қалаға жақын Еркінқала орта мектебіне бардық. Мектептің атының жақсы жағынан дүрілдеп тұрған кезі. Үркесоқтап сыныптарға кірген біз, ақын деген дардай аты бар Аманқос Ершуов, сезімтал Тамара Әбдірахманова, байыпты Әмина Туменшина және басқамыз бой үйретіп алғаннан кейін оқушылардың арасынан талапты, талантты балаларды ептеп іздестіре бастадық. Сонда жарқырай көзге түскендердің бірі осы Жәния Ізбасқанова еді. V сыныпта оқитын бәкене бойлы аққұба қыз сабақты өте жақсы оқитыны өз алдына, өлеңді тақпақтап, нақышына келтіре оқығанда жандырып жіберетіннің өзі болатын. Өз басым оның жырға құмарлығына, тартымды үніне  тәнті болып, қайта-қайта оқыта беретінмін, тыңдай бергім келетін. Өзге оқушыларға үлгі етіп айтатынмын.

Келесі жылы «Тойған үйге тоғыз бар» дегендей, баяғы студенттер төрт көзіміз түгел жұбымызды жазбай төрт айлық мерзімге Еркінқалаға тағы бардық. Мектептің Құттығұл Мұсағалиев деген директоры болды, Ұлы Отан соғысына қатысқан, жаңалыққа, өнер әлеміне жақын жүретін, ұйымдастыру ісіне өте шебер, салиқалы педагог. Мектеп түрлі көркемөнерпаздардың облыстық, республикалық, одақтық байқауларында аты оза шауып, дүйім жұртқа танымал болыпты. Ғажайыпты қараңыз, ауыл мектебінің балалары Лениндік сыйлықтың лауреаты, әлемдік деңгейдегі бірегей жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер ана» қойылымын мемлекеттік театрлардың қай-қайсысынан да бір кем емес етіп сахнаға шығарғанын көз көріп, құлақ естіді. Мектептің дирижер Ғазез Жексемалиев бастаған ұлт аспаптар оркестрі қандай ғажап?! Бір өңкей үйлесімді киінген, сымға тартқандай түп-түзу қатар түзеген, ұқсас айшықты хор қандай?! Ауылда күнде думан, күнде концерт. Соның жүргізушісі VI сынып оқушысы осы Жәния Ізбасқанова мен одан сәл ересектеу Роза Қазиханова болатын. Екеуінің сахнаны ашып, концертті ақындар өлеңдерімен көмкеріп, жүргізулері тыңдаушыларын айрықша баурап алатын. Ортасында бойы бір тұтам болып құйтақандай Жәния қайта шығып келіп «Белгісіз солдат қабірі» деген өлеңді оқығанда тебіренгеннен көзімізден жас моншақтайтын. Міне, сөз құдіреті, өлең аруағы!

Кезіктім кенет қабірге,

Белгісіз солдат деген бір.

Елжіре жүрек, қадірле,

Еңкейсін еңсем төмен бір, —

деп бастайды да әрі қарай жеріне жеткізе, жүрекке құя, өлеңнің әр жолымен көңіл әуенін ұштастыра айта келіп соңында:

…Мен үшін, туған жер үшін,

Әкемсің, бәлкім, оққа ұшқан, —

деп белгісіз солдат қабіріне бас иіп, гүл қойып жатқанын бейнелеп жатқанында өзіңді шынайы бір көрініске тап болғандай әсерде қалдырасың. Жәнияның оқуға берілгені сонша, көзінен жас бода-бода болып парлап тұратын.

Әл үстінде қалтырап жатыр анам,

Жатыр анам, ең маған жақын анам.

Үкі шашы үлбіреп, ақ бас басын,

Қалай ғана тірлікке шақыра алам, —

деп егілгенде өлең оқу шеберлігіне аса риза болатынмын. Тыңдармандар жапатармағай қол соғып, отырған орындарынан тік тұрушы еді.

Сол кезде мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалімдер Тыныс Бекбергенов пен Жиенғали Құмаровқа риза болып Жәнияға:

– Өз еңбегің ғой, дегенмен Тыныс пен Жиенғали ағайларың тәуір жаттықтырған, қалыптастырған екен, айналайын, — деп едім, ол қысылмай-қымтырылмай:

– Дұрыс айтасыз, ағайларымыз өз алдына ғой, бәрінен бұрын Фариза Оңғарсынова апай өткен жылдары сабақ бергенде көп үйретіп, баулыды, — деп турасын айтты. Жоғарыдағы өлең жолдарын Фариза апайы үйреткен, тек үйретпеген, айту мәнерімен, қимылымен қоса үйреткен.

Фариза сынды біртуар ақыннан сабақ алған Жәния Ізбасқанованың Махамбеттің отты жырларын нақпа-нақ, бояуын, нәрін жоғалтпай жатқа соққандағы балаң жүзіне қызыға қарап, сынып журналына оған деген «5» бағасын аса ризалықпен үлкен етіп қоятынмын.

Сол Жәния 1972 жылы Қызылқоға аудандық «Коммунизм туы» (қазіргі «Қызылқоға») газеті редакциясында қызмет істеп жүргенімде алдымнан шықты. Оны Миялыдан кездестіремін деген ой, құдай-ау, он ұйықтасам түсіме бір кірер ме, сірә? Қонақ үйінің құдығынан қауға шелекпен мықшыңдап су тартып жатқанында көзіме оттай басылды. Құдықтан су алуды білмейтін қаланың қызы әлгінде қауға шелегін құдыққа түсіріп алыпты.

– Жаным-ау, сен Жәния емеспісің, — деп шелегіне жармасыппын.

Медицина училищесін бітіріп, жолдамамен Миялыға қызметке келген түрі екен. Аудандық біріккен аурухананың бас дәрігері Бағыт Көбенов оны «Комсомол» кеңшарындағы ферма орталығы «Қосқұлақ» елді мекеніне фельдшерлік пунктке жұмысқа баруға жұмсапты. Бас тартса да бармасына қоймапты. Ертесіне сол жерге баруға бастықтан бұйрық алуға баратын көрінеді. Аудандық комсомол комитетінде бюро мүшесі, штаттан тыс хатшысы болып жүрген жас белсенділердің бірі едім. Сол күні-ақ аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Жұмаш Нақпаевқа, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Нәби Шәутікеновке барып:

– Балықшы ауданының Еркінқала мектебінен шыққан ғажайып өнерпаз, таптырмайтын концерт жүргізуші қыз Жәния Ізбасқанова деген шәкіртім осында аудандық біріккен аурухана қарамағына қызметке келіпті, ауылдық жерге жіберіп жатқан көрінеді, көз жазып қалмайық, қатарға тартайық, — деп сүйінші сұрадым. Олар өтінішімді аяқасты етпеді. Келесі бір концертке даярлықтың алдында аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Жұмаш Нақпаевқа алып бардым. «Концертте өзіңді көрсетерсің, қызым» деді ол. Ал, Жәнияны сахнадан көргенде таң қалмаған адам болмады.

870d0a9f c95e 48c2 8fba 37cd962dedd1 3 1 rotated

Айтқандай, Жәния да мені ұятқа қалдырмады. Миялыдағы «Арман» мәдениет үйі сахнасының қырмызы гүліне айналды. Концерт жүргізушіге, көркем сөз оқушыға кенде болып жүрген ауданның бағы жанды. Талай дүбірлі байқаулардан қызылқоғалықтар да, Жәния да жүлдемен оралып, абыройы асқақтады. Өнерін бағалаған аудан басшылары Жәнияны көз алдарында ұстады.

Иә, содан бері қаншама жылдар өтті?! Қаншама су тартылып, қаншама су ақты?! Қаншама бел-белестер артта қалды десеңізші?!

Кейін Жәния аудан мақтанышына айналды. Сырттай оқып, жоғары оқу орнын бітірді. Бастапқыда алған ілкі мамандығына орай денсаулық саласында қызмет атқарып жүргенінде Нәби Бисенғалиевтей нар жігітті, білікті дәрігерді мәңгілік қосағы етті, ұл-қыз тәрбиелеген іргелі отбасының ұйытқысына айналды. Кешегі жәудір көз, кіп-кішкентай талдырмаш қызалақ бала бүгінде салуалы бәйбіше, сарабдал әже, халқы бетке ұстаған тұлға. Ауданда беделді тұлғаға айналуы, қызмет бабында өсу жолдары жатқан тарих, таптырмас өнеге.

Тізбелей берсе Жәнияда атақ та, абырой да жетеді. Оның бәрін бір  жазбада бірден лақ еткізіп, үйіп-төгіп тықпалап айта бермей-ақ өз орайы келгенде рет-ретімен сөз еткен жөн тәрізді.

Жәнияға Миялының күншығыс бетіндегі өкпе аурулары ауруханасы қызмет орны болса, кешкіліктегі асыға баратын жері аудан орталығындағы «Арман» мәдениет үйі болды. Өнер – оның жанына етене жақын машығы. Ауруханада бас дәрігер Отарбай Тұрашев, оның орынбасары Табылды Шамақов, дәрігер Жаңыл Ғұмарова, аға медбике Назгүл Тұрғалиева… қайсысы да білігі де, үйретері де жетіп артылатын мың болғыр медицина қызметкерлері. Көзін жаймен ғана төңкеріп, өзіне ерекше ықыласпен жымия қарайтын келесі бір жас дәрігер Нәби Бисенғалиев бойдақ көрінеді. Қанша жасырғысы келсе де жанарында Жәнияға деген ынтықтық қылаң беріп, күндер өткен сайын өршіп бара жатты.

Қызмет бабы өз алдына, Жәнияға «Арман» мәдениет үйінде таяуда өтуге тиісті концерттің ауқымды салмағы жүктеліп отыр. Облыстың бірінші басшысы Оңайбай Көшеков Қызылқоға ауданына келетін болыпты. Қазақ КСР Жоғарғы кеңес депутаты ретінде сайлаушылармен, ел-жұртпен кездеседі деседі. Шеңбері кең шара. Ертелі-кеш мігір көрмеген тынымсыз даярлықтың арқасында тұтастай алғанда мәдениет үйі көркемөнерпаздары діттеген міндетті қалтқысыз орындап, ауыл-аймақтың абыройын асқақтатты. Жәния – концерттің басты жүргізушісі. Сонымен қатар, әуелден айтып жүрген «Аманат» атты өлеңді бұл жолы майын тамызып, бұрынғыдан да мәнерін асқақтата түсіп, әсерлі, мәнді, сәнді етіп оқып, көрермендерге ұзақ қол шапалақтатты. Келесі бір кезекте «Арманымның ақ құсы…» деп сызылта ән шырқағанда оның өнеріне таң қалмаған жан қалмады. Сондай-ақ, қолында домбыра «Бипыл, Бипыл, Бипыл-ай…» деген әсем әуеннің аясында қалықтаған қазақ биін де ешкімнен кем билеген жоқ. Демек, жұрт аузында әспеттелетін сегіз қырлының дәл өзі болып шықты емес пе?!

Концерттің бітуіне таман Оңайбай Көшекұлы қасында отырған аупарткомның бірінші хатшысы Сайфолла Сүйінов пен ауатком төрағасы Аташ Досалиевке қарап:

– Мына керемет жүргізушілеріңнің, сахнаның гүлі болып жүрген қыз баланың маған елібі де, ата-тегі де таныс сияқты көрініп отыр. Менің кезінде аралас-құралас болған досымның перзенті емес пе екен? Білейікші! Концерт біткен соң маған кездестіріңдерші, — депті. Оңайбай Көшекұлының болжамы расқа айналды. Жәнияның әкесі Қали мен анасы Жамиға Ізбасқановтар шынында да Оңекеңнің жастық шақтағы жан жолдастары болып шықты.

Өнерімен, қабілет-қарымымен өзін баршаға әйгі еткен Жәнияның атағы бара-бара дүрілдеп шыға бастады. Қызылқоға қайда өнер сайысына қатысса, көш басында жүретіндердің бірі Жәния. Қызылқоға көркемөнерпаздары бәйге төріне шықса, алдыңғы қатарында Жәния тұрды. Аурухана қызметіндегі алты жыл, сөз жоқ, өзінің айшықты ізін молынан қалдырған шақ болды. Осында кішігірім талай марапаттар шоғырын еншіледі. Осында өз өміріне қатысты ең үлкен марапатқа – жан жары Нәби Бисенғалиевпен қол ұстасып, табысу тамашасын бастан өткізу бақыты бұйырды. Осы кезеңде екі перзенті – ұлы Асхат пен қызы Алмагүл дүние есігін ашты.

Аудандығы бар, облыстығы бар, жоғары тұрған органдарға қоғамдық қызметте ерекше танылып үлгерген өнерлі, ұйымдастыру қабілеті жоғары Жәния Ізбасқанованы басшылық орындарға қалаушылар қатары бірте-бірте көбейе түсті. Ақыры, 1978 жылы ауатком мен аупартком ортақ шешімге келіп, оны жұмысы кенжелеп қалған аудандық кино жүйесі директорлығы қызметіне тағайындауды ұйғарды. Әуелі ол аудан орталығындағы «Достық» кинотеатрының жұмысына басты мән берді. Содан кейін ауыл-аймақтардағы осы салаға қан жүгіртуді кешенді ойластыруға көшті.

Жүйелі жұмыс, толассыз ізденіс, айналасымен ортақ тіл табыса білу, ауқымды іс-шара Жәнияның қанына сіңген іргелі қасиеттер легінің қатарына енді. Өзіне тапсырылған күнделікті міндеттерімен бірге қоғамдық қызметті де шашасына шаң жұқтырмай қатар алып жүрген оны тағы бір ең жауапты жұмыс өзі іздеп тапты. Ел бастауға лайықты кадрларды елеп-екшеп, іріктеу нәтижесінде 1985 жылы ол халық депутаттары аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Енді Жәния аудандағы санаулы іргелі басшылардың біріне айналды. Мәдени-әлеуметтік мәселелерге, идеология саласына жетекшілік ету қарадүрсіндікті мүлдем көтермесі хақ. Оған парасатты пайым ілкімді ізденіс керек. Сондай-ақ, өндіріс пен шаруашылықтан да жете хабардар болуы қажет-ақ. Өмір Жәнияға өз білігімен, өз түсінігімен шектеліп қалмай, өзгелердің үлгілі тәжірибелерін үңіле зерттеп, үйренуді, білім деңгейін жетілдіруді міндеттеді. Сын мен сынақтардың шыңдауынан өткен кешегі нәп-нәзік қыз бүгінде сындарлы басшыға айналып, бойына бедел мен байып жинады.

Қайда алдыңғы шеп бар сол тұста қас жүйріктей желпініп Жәния жүрді. Өнер, спорт салаларын дамыту, ауылдарды абаттандыру, әр мектептің жанынан алты жастағы балалар үшін ғимараттар, әр ауылдан кітап дүкендерін, малды ауылдардан монша салдыру, мектептерден лингафон кабинеттерін ашқызу және тағы басқа қыруар іс-шаралардың басы-қасында жүру үшін жеке басының тыным-тыныштығы ұмытылды. Әйтпесе, істің оңға баспасы кәміл. Әйтпесе, ауданның Бүкілодақтық социалистік жарыста үш рет жеңімпаз атанып «Қызыл тулы Қызылқоға» деген мәртебелі атаққа ие болып, аудан атының Қазақ КСР-ның Алтын құрмет кітабына  жазылып дүрілдеп тұрған абыройлы атағына дақ түсіріп алуы ғажап емес.

Тоқсаныншы жылдардың басқы кезеңі экономикалық-әлеуметтік тұрғыдан алғанда бүкіл еліміздегідей Қызылқоға өңіріне де оңай тимеді. Міне, осы кезде Жәнияға аудан әкімінің орынбасары қызметі тапсырылды. Бұрынғы атқарған жұмысымен сабақтас сала. Осы кезде Ойыл өзені аяқ астынан ашулы мінез шығарып, аудан орталығы көктемгі алапат тасқынның құшағында қалды. Ауылды топан су басты. Жермен-жексен болып құлаған тұрғын үй, аула-қора қаншама. Халық не істерлерін білмей бастары дал болып, алас ұрды. Кісі өлімдері орын алды. Осы кезде аудан әкімі Есенгелді Нұршаевпен бірге оның үш орынбасары Мейрамбай Әлиев, Сәуірбай Әбдіғалиев және Жәния Ізбасқанова, басқа да басшылар мен қосшылар түгел атқа мінді. Таңның атысынан күннің батысына дейін мігір көру дегенді мүлдем ұмытты. Жәния әйел затымын ғой, үйде шиеттей бала-шағам бар ғой деп тартыну қаперіне де кірмей екі ай бойы үзбестен облыс орталығында болып, сіңбіруге уақыт таппай жүріп Миялыға құрылыс материалдарын жіберуге тікелей басшылық жасады. Атқарылған жұмыстың қарамына есеп жетпейтін. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей аз уақыттың ішінде Миялы ауылы қалпына келді, тек қалпына келіп қана қойған жоқ, жаңадан оқтай түзу, сәні келіскен жаңа көшелер пайда болды. Миялы жасанып, жасарды. Біткен осынау ұланғайыр шаруаға қосқан өзіндік үлесін ойлағанда Жәнияның өн бойын мақтаныш сезімі билейді.

Әрине, Жәнияның ауданның экономикасы мен мәдени-әлеуметтік әлеуетін көтеруге атсалысқан сәттерін, атқарған ізгілікті іс-шараларын санамалай берсе, ол ұзаққа созылады. Қызылқоғаның мерейтойлары, мәртебелі қонақтарды қабылдаулары Жәниясыз өтпеді. Аудан басшылары сән-салтанатты шаралардың басқару тізгінін Жәнияға сеніп ұстатты. Алқалы жиындардың, думанды концерттер мен делебе қоздырарлық ат бәйгелерінің қызықты, әсерлі өтулері дауыс ырғағы мәнерлі, айтар сөздері сүйекті жүргізушілерге байланысты еді. Қасына сенімді серіктерді қосып алып, басшымын деп бәлсінбей ол міндеттерді негізінен Жәнияның өзі де атқара беретініне, әрлі сөзбен, нәрлі пайыммен жандырып жіберетіндігіне талай рет біз де куә болғанбыз.

Басқасын білмеймін, Жәнияға аудандық мәдениет бөлімін басқарған он үш жыл беделін, абыройын бұрынғыдан да асқақтатқан кезең болғаны кәміл. Бас жағында нарық қыспағын көрді. Сонда да шыдап бақты. Сонда да таласып, тартысып жүріп, клубтарды, кітапханаларды, кинотеатрларды жапқызбаудың ұтырлы жолдарын тапты. Тіпті автоклубтарды да сақтап  қалуға бар күшін салды. Өзі қайтпас қайсарлығына, уәдеге беріктігіне орай облыстық мәдениет басқармасының бастығы Бақыт Иманғалиев тарапынан, сондай-ақ, ауыл-аймақта «Темір Жәния» («Железная Жания») атанды. Мәдениет саласының лидері болып жүргенінде қызылқоғалық өнерпаздардың көшін бастап қайда бармады десеңізші?! Оларды қияға да, қиянға да апарды.

Үш жылға жуық уақытын Жәния Миялы селолық округінің әкімі қызметін атқаруға жұмсады. Онда да небір игілікті шаруалар тындырды. Бірақ ол, түптеп келгенде, мойнына қожыраудың қамытын киюге қалған мәдениет саласына тағы да керегірек болып шықты. Аудан әкімдігінің ұйғарымымен аудандық мәдениет бөлімін басқаруды қайта қолға алды. Үйреншікті жұмыс. Әйтсе де заман басқа, талап басқа. Алға озған уақыт көшіне ілесуге тиісті. Оған Жәния Қалиқызы етінің тірілігі арқасында ілесе білді де. Ауданның мәдениет саласының  әлжуазданған тамырына қайта қан жүгіртті. «Тамаша думан» ойын-сауық отауы, «Еспай» ұлт-аспаптар оркестрі жанданды. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қызылқоға ауданының мәдениет саласы «Үздік ауылдық клуб, Мәдениет үйі» аталымы бойынша республикалық конкурста бас жүлдені иеленді. Көздіғаралық өнерпаз Алмас  Қарабалиннің отбасылық ансамблі республикада «Халықтық ұжым» атанса, режиссері Сағидолла Яқып болған Миялыдағы халық театры сынақтан қамшы салдырмай өтіп, бұрынғы алған халықтық атағын қайта қорғап қалды. Облыстық мәдениет басқармасы мен халық шығармашылығы орталығы «Алтын бәйтерек» белгісін қызылқоғалықтарға екінші рет қалдыруға шешім қабылдады, кейін бұл белгіні үшінші рет тағы жеңіп алып, өздерінде мәңгілікке қалдыру құрметін иеленсе, ал 2013 жылы «Топ жарған» атағын қолға қондырды. «Арман» мәдениет үйінің Бауыржан Ақтаев жетекшілік ететін «Ақ желең» фольклорлық ансамблі республикада оза шауып Египеттің Каир қаласында өткен «Табла және өнер мұрасы» атты халықаралық фестиваліне, бір жылдан соң Түркия мемлекетінде өткен халықтық фольклорлық ансамбльдердің фестиваліне қатысты. Ауыз толтырып айтуға тұрарлық жұмыстар. Олардың қатары бірен-саран ғана емес, сан алуан. Бәрінің басы-қасында мігір таппай, жанын жалдап Жәнияның өзі жүрді.

Міне, осылайша Жәния аудандағы киножүйесінің, Миялы селолық округінің басшысы, ауатком төрағасының, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін былай қойғанда, тек ауданның мәдениет саласының басқару тізгінін бір өзі 21 жыл ұстаған екен. Бір салаға осындай ұзақ та сенімді жетекшілік ету бұрын ешкімнің маңдайына жазыла қоймапты. Өзі жетпіс жастың желкенін кере тұрса да қоғамдық ортадан қол үзген жоқ. Қазір ол аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы қызметін атқару үстінде. Сөйтіп алға қарай палубада еркін жүзіп барады. Әрине, мұндай бірегей тұлғаның еңбегі лайықты бағаланса лазым. Солай болды да. 2013 жылы Президент Жарлығымен Жәния Қалиқызы Ізбасқанова «Құрмет» орденімен марапатталды. Кеудесінде бұрынғы «Ерен еңбегі үшін», «Ерлік еңбегі үшін» медальдарының қастарында тағы бір мемлекеттік марапат жарқырады. Сонымен қатар, ол «Денсаулық сақтау саласының үздігі», «ҚР Мәдениет қайраткері», «Бүкілодақтық халық шығармашылығы ІІ және ІІІ фестивальдарының лауреаты» төсбелгілерінің иегері. Аудандағы қыздардың ішінде «Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы» мәртебелі атағын алған санаулылардың бірі осы Жәния Қалиқызы.

Аудан халқы Жәнияны кісілігі де, кішілігі де мол, адамгершілігі де, санаткерлігі де жоғары, ел қадірлеген танымал тұлға деп біледі. Осының бәрін естіп, көріп, сезіп, өзім ұстаз ретінде, аға ретінде, сыйлас ретінде Жәнияны мақтан тұтумен келемін. Өн бойына өнеге өрген осындай сайыпқырандардың көбейе түскені қандай жақсы!

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,  Х.Досмұхамедов атындағы

Атырау университетінің құрметті профессоры

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button