ӘЛЕМДІ МОЙЫНДАТҚАН АЛЬТ ДАУЫС

(елу жылдан соң «Ерік Құрманғалиев» елге келді) 

Мәдениет саласындағы мемлекеттік саясаттың басты мақсаты қазақ өнерінің, оның әлемге танылған өкілдерінің өмірін насихаттау арқылы халықтың рухани әлемін байыту болып табылады. Сондай қазақ өнерінің жарық жұлдыздарының бірі – Ерік Құрманғалиев!

Бұл есімді айтқанда, даңқты әншінің бірден үш қыры еске түсер еді. Бірінші, оның Жылыойда – Жем бойында, Бекет ата туған өңірде дүниеге келгендігі. Екінші, оның иініне ілескенше, иіріміне тартып әкетер әлемдегі жалғыз таңғажайып дауыс (альт) иесі екендігі. Үшінші, бар елге, әлемге аты мәшһүр М.Баттерфляйдың күрделі бейнесін сомдаған бірден-бір һәм жеке дара әншілігімен дүние жүзіне танылғандығы.

Бұл – өнердің өрісін, музыканың мәртебесін бағалай білетін көзқарақты оқырманның сырттайғы түсінігі, пайымы. Ал, әншінің іштейгі дыбыс дүниесіне, дауыс әлеміне бойлау, бағамды байлам жасау, ең қиынның қиыны.

Музыкатану әлемінің Н.А.Дорлиак, А.Лаэртский, Д.Бертман сияқты өнер қайраткерлері «Дәл Еріктей ән салатын контртенор жоқ. Еріктің дауысы – өте жоғары, жұмсақ дауыс. Оның дыбысында өн бойыңды сиқырлап, баурап алатын бір құдірет бар. Мұның сыры – табиғат берген ерекше дауысында, талантында» деп бағалаған қазақ әншісі, Қазақстанның Халық әртісі Е.Құрманғалиевтың туғанына енді екі ай шамасында, дәлірек айтқанда, 2014 жылдың 31 желтоқсанында 55 жыл толады.

Міне, осы қарсаңда әншінің шыр етіп өмірге келген жері – Құлсары қаласында ақын, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудың Астананың «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Ерік Құрманғалиев» атты кітабының тұсаукесер рәсімі болды.

Әдебиетші-ақындар, журналистер, ұстаздар және Құлсары гуманитарлық- техникалық колледжі студенттері бас қосқан кітаптың тұсаукесер жиынында мінбеге көтерілген қала әкімінің орынбасары Еркебұлан Аққұсов Жылыойда түлеп, өнер әлемінің шырқау шыңына шарықтап шыққан ғажайып әнші Ерік Құрманғалиев туралы кітаптың тұңғыш рет жарыққа шығуы және осы тамаша туындының туған топырағында тұсауы кесілуі үлкен оқиға екенін айтты. Ол осы кітапты көп іздене жүріп, дүниеге әкелген автор – Маржан Ершуға ілтипатын білдіре отырып, аудан әкімдігі атынан оның иығына камзол іліп, гүл шоқтарын ұсынды.

Жарыққа шыққан жаңа туынды хақында өз ой-пікірлерін ортаға салған ақындар – Гүлзада Ниетқалиева, Сәулеш Шәтенова, «Дарын» әдебиет бірлестігінің жетекшісі Нұрдәулет Ақназаров даңқты жерлесі – ғажайып әнші Ерік Құрманғалиевтың мәңгілік өмірі енді басталғанын айтып, жылыойлықтарға осындай жақсы дүние сыйлап отырған  Маржан Ершуға жырақта жүрсе де, туған жерінен тамыр үзбей, өлең жинақтарына өзі өскен өңірді, оның тарихын темірқазық етіп алғанына ілтипат-ықыластарын білдірді. Бұл ретте Төремұрат, Рсалы батыр туралы, «Асалы-Көкетай», «Күй-ана» сынды көшелі туындыларын тілге тиек етті.

Бұдан кейін Астананың «Фолиант» баспасы әзірлеген Ерік Құрманғалиев өмірнамасынан слайдтың көрсетілуі жиналғандарға ерекше әсер қалдырды. Еріктің өнер әлемін бас идірген тірі дауысы! Сиқырлы сазға толы әннің нәзік иірімі өзіне баяу, еріксіз ұйытып тарта беретін қасиеті бар екен. Карузоны елти тыңдап, үніне іңкәр болған балалық шағы, қайғысыз қара су ішкен қара шаңырағы, Алла Пугачевамен дуэтке қадам, «Баттерфляй» қойылымы дейсің бе, жинақы көрініс берген бұл бейнекөрініс те, түсіне білгенге – құнды дүние.

 

Қаржау ОРАЗБАЕВ,

меншікті тілшіміз,

Жылыой ауданы.  

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз