Нұрлан ҚАМИ: «Біздің үміт үзілмейді…»

maxresdefault Мәдениет

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ЖАҢАША ЛЕП ҚАЛАМГЕРЛЕРДІ ӨЗІНДІК ҚЫРЫНАН ТАНЫТА БАСТАДЫ. БҰҚАРА АРАСЫНДАҒЫ «ОҚЫРМАНДАР АЗАЙЫП КЕТТІ» ДЕГЕН ҚАСАҢ ПІКІРДІ ДЕ БҰЛ ЕРЕКШЕЛІК ТҮБЕГЕЙЛІ ЖОЙМАҒАНЫМЕН, БІРТІНДЕП КІТАП ОҚУҒА ДЕГЕН КӨЗҚАРАСТЫ ӨЗГЕРТЕ БАСТАҒАНДАЙ. ТЕК ШЫҒАРМА ОҚЫРМАННЫҢ ТАЛҒАМЫН ҚАНАҒАТТАНДЫРСА ҒАНА ОҚЫЛЫМДЫ БОЛАРЫ ТҮСІНІКТІ, АЛ БҮГІНГІ ТАЛҒАМ ДА БҰРЫНҒЫДАН ӘЛДЕҚАЙДА ӨЗГЕРГЕН. СОНДАЙ СҰРАНЫСҚА ИЕ ҚАЛАМГЕРЛЕРДІҢ БІРІ – ЖЕРЛЕС ЖАЗУШЫ, ДРАМАТУРГ, АУДАРМАШЫ, КИНОСЦЕНАРИСТ, ҒАБДОЛ СЛАНОВ АТЫНДАҒЫ СЫЙЛЫҚТЫҢ ЛАУРЕАТЫ НҰРЛАН ҚАМИ. ӘДЕБИ ОРТАДА ДА ҚАЛАМГЕРЛЕР ОНЫҢ ЕҢБЕКТЕРІН ҚЫЗУ ТАЛҚЫЛАП, ӨЗГЕШЕ ҚЫРЫНА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН ЕРЕКШЕ АТАП КӨРСЕТЕДІ. ЖУЫРДА БІЗ НҰРЛАН ІЗҒАЛИҰЛЫМЕН ЖҮЗДЕСІП, БҮГІНГІ ӘДЕБИЕТ ПЕН ӨЗІНІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ЖӨНІНДЕ ОЙ БӨЛІСКЕН ЕДІК. СОНЫ ГАЗЕТ ОҚЫРМАНДАРЫНЫҢ НАЗАРЫНА ҰСЫНУДЫ ЖӨН КӨРДІК

– «Беймезгіл». «Көк қақпа». «Шал»… Туындыларыңыздың тақырыбын неге осылай ерекше қойдыңыз?

– Шығарманың атауы адамның есінде оңай жатталып қалатындай жеңіл әрі мағыналы болғаны дұрыс қой. Бірақ бұл оңай емес. Бұрындары жазарын жазып алып, атауын таба алмай қиналатынмын, кейін азды-көпті тәжірибе жинап, шеберлігім шыңдала келе біртіндеп ат қоюды да меңгеріп алдым. Дегенмен әлі де қиналатын, дөп баспай, жаңылыс түсетін кездер де болады. Мысалы, Әбіш Кекілбаевтың жазушылық, қайраткерлік, азаматтық, адами тұлғасын ашуға арналған пьесам бар, сол туындым бұрын әжептәуір беделді болған, қазір тоқтап қалған «Алтын қалам» деп аталатын әдеби сыйлықтың «Үздік драматургия және сценарий» номинациясы бойынша 2016 жылғы бас жүлдесін жеңіп алды. Мен оны «Қаламгер» деп атағанмын, кейін әйгілі ақын, студенттік кезден сырлас дос Светқали Нұржан «Діл-таразы» деп өзгертті. Пьесаның мән-мазмұнын дәл сипаттап тұр!.. «Беймезгіл» – романның аты, кеңестік заманның соңғы жылдары қазақ жастарының ауылда және астанада өтіп жатқан өмірінен алынған шығарма. Жер шарының алтыдан бір бөлігінің астан-кестенін шығарып, дүниені төңкеріп тастаған социалистік идеологияның шикілігі танылып, жалғандығы сезіліп, басшылардың алаулатқан-жалаулатқан ұрандары шылғи өтірік екеніне халық енді-енді көз жеткізе бастаған, арманынан алданып, өмірдегі бағдарынан айырылып қалған, бойларына сыймай жүрген бұла күшін қайда жұмсарын білмей дал болған жастардың ғазиз басын тауға да, тасқа да соққан кезі еді ол. Соның ақыры 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне ұласты. Сол дәуірді зерттеген туындым ғой. Меніңше, сәтті атау. Ал «Көк қақпаға» келсек, оның неге бұлай аталғанын әңгімені оқыған кез-келген адам түсінеді деп ойлаймын. Өйткені, халқымызда «көк» деген теңеу әдетте қасиетті, кепиетті, киелі, тылсым сырлы деген сияқты мағынада қолданылады. Демек бұл – қасиетті, киелі қақпа, оны ашу оңай емес, ал егер аша қалсаң талай сырға қанығасың, көптеген жәйттердің мәнін ұғасың дегенді ишаралау. «Шал» деген туындым – кәдуілгі қазақтың қара шалы туралы қысқа ғана хикаят. Өткен ғасырдың бірінші ширегінде өмірге келіп, халқымызға көз аштырмай, бірінен соң бірі тайқы маңдайынан төмпештей берген сұрапыл нәубеттердің дәмін бір кісідей-ақ тартқан шерменденің өмір шежіресі. Осы жерде бір жәйтке тоқтала кетейін: соңғы кездері біреулер «Бауыржан Момышұлы айтыпты» деп бірдеңені бықсытып жүр. Жасы ұлғайған адамды қазақ шал, қария, ақсақал, абыз деп жіктейді-мыс. Солардың ішінде ең төменгі сатыда тұрған, сөзінде бәтуа, ісінде береке жоқ, үлкендік ұлағаттан жұрдай жетесізін «шал» дейді екен. Бұл «Естімеген елде көптің» кері! Бауыржанның ондайды айтуы мүмкін емес, айтса да сол жердегі тыңдаушыларды сынау үшін немесе біреулерді қағытпақ болып әдейі айтқан шығар. Әйтпесе, қазақ үлкендерді өзімсініп «біздің шалдар» дейді, ескілікті әңгімені «шалдардан қалған сөз» дейді. Мысалы, Абайды әлі күнге дейін «қара шал» дейміз. Бауыржан осыны білмеп пе?! Енді біреулер кәдуілгі «шал-шауқан» деген тіркесті екі жарып, жақсы адам – шал, жаман адам – шауқан деп бөлмек болады. Олай болса, «кемпір-сампыр», «қатын-қалаш», «келін-кепшік», «балашаға», «жігіт-желең» дегенді де солай жіктейміз бе? Күлкілі ғой бұл!..

– Сіздің «Көк қақпа» атты прозалық еңбегіңізді қазақ әдебиеті классиктерінің бірі Тахауи Ахтановтың «Күй сарынымен» теңестіреді. Бұл тым ұшқары емес пе?..

– Күй – халқымыздың рухани байлығы, ұлттық рәмізі, қазақты басқа ұлттардан ерекшелендіріп тұратын ең басты құндылықтарымыздың бірі. Өткеніміз бен кеткеніміз, бүгініміз бен ертеңіміз, келешегіміз бен болашағымыз, арман-мүддеміз, қуаныш-қайғымыз, мұң-шеріміз түгел киелі де кепиетті қара домбыраның көкейінде сақтаулы тұр. Тахаң екеумізді біреулер шендестіріп жатса, бұл тек халқымыздың күйге деген құрметі деп қабылдау керек шығар. Ол кісінің әңгімесі белгілі бір күйдің қалай шыққаны туралы таза көркем дүние, ал мендегі күй – ата-бабамыз ғасырлар бойы тірнектеп жиып, кейінгіге аманаттап қалдырған рухани қазынамызды қасиетті жеріміздің жайлауы мен қойнауындағы материалдық игіліктерді айнала торып, аш қасқырдай жалаңдап жүрген ішкі-сыртқы ашкөздерге тонатып алмайық, қайткен күнде де асылымыздан айырылмаудың амалын қарастырайық деген емеурін ғана. Шығарманы оқығанда тереңіне бойлай білгенге не жетсін.

– Қазіргі қалам ұстағандардың көпшілігі «күйдім», «сүйдім» деген арзан сезімге құмар. Ал, сіздің шығармаларыңызда өзгешелік бар. Тіпті, әріптестеріңіздің бірі «ұлт рухын жазушы қаламгер» деп бағалапты. Себебі неде?

– Махаббат – асыл сезім. Әр қаламгер оны өзінің шама-шарқына қарай жырлайды. Менің «Тау қызы» деп аталатын әңгімем – махаббат туралы. Сосын «Қыз Данайдың қырғыны» деп аталатын хикаятымның басты өзегі де сол. Өзге шығармаларымның тақырыбы негізінен елдік, ерлік, азаматтық, отаншылдық болғандықтан, махаббат тақырыбы кеңінен қамтылмайтыны рас. «Көк қақпа» атты жинағымды оқып шыққан соң бір досым «мына кітап қазақтың рухын көтеру үшін жазылған екен» деп еді, алдыма ондай мақсат қойдым ба, жоқ па – анығын білмеймін, бірақ халқымыздың самарқаулыққа, бойкүйездікке бой алдырып бара жатқаны мазалайтыны рас. Автордың көкейінде жүрген жәйттер шығармасынан міндетті түрде көрініс табады ғой. Әлгіндей баға бергендер соны айтқан шығар.

– Қазіргі әдебиетте құндылықтан гөрі мансап құмарлық басым тәрізді. Шынында да, бір кезде әлем әдебиетінің классиктерін туғызған қазақ сөз өнері өзінің құдіретінен айырылып бара жатқан жоқ па?

– Иә, кеше ғана «өнер алды – қызыл тіл» дейтін халық едік, қазір сол қазынамызды өзіміз талан-таражға салып, тонап-шашып, бүлдіріп, білгенімізді істеп жатырмыз. Және осы былық пен бүліктің басында сөз мамандары – ақын-жазушылар мен журналистер, артистер мен актерлер тұр. «Болады ма», «қояды ма», «бару керекпіз» деген сөздер газет-журналдарда, теле-радио эфирінде өріп жүргені былай тұрсын, енді көркем әдебиеттің бетіне, кітаптарға көше бастапты. Ең сорақысы, соның бәрі егемендік алып, өз қолымыз өз аузымызға жеткеннен кейін басталды және жаппай қолданысқа түсіп кетті. Неге? Әлде бізде «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» қалмаған ба? Бақылаушы, қадағалаушы органдар, қызметтер бар емес пе? Әлде жоқ па?.. Бірақ сенің сұрағың бұл туралы емес, қазіргі ақын-жазушылардың көпшілігі әрлі де нәрлі сөз маржанынан түзілген өнер туындысын өмірге әкелуден гөрі биліктің көзіне түсіп, материалдық игілік пен қоғамның жоғарғы сатысынан орын алуды көздейтіндігі жайында болса керек. Амал не, ондайлар да жетіп артылады. Сөз өнерін жетілдіре түсуді емес, құлқынын ғана ойлағандар алға шығып тұрғанда әдебиет қайдан дамысын!..

– Мұхтар Әуезовті танытқан «Абай» романы. Ал, Зейнолла Қабдоловтың бағын ашқан Әуезов. Сол сияқты Нұрлан Қамидың атын шығарған белгілі туындысы қандай?

– Менің шығармаларымды бірінен-бірін бөліп алу қиын-ау, сірә. Бірақ атым шықты деп ойламаймын, бұл күндері жүрегіңді сығып, сыздықтаған қаныңмен жазған шынайы шығармалар емес, қолында билігі бар шенді-шекпенділерді жағалағыш пысықтар мен әдеби алаяқтардың шалажансар шатпақтары бәйгенің алдын бермей тұр. Дегенмен «алмас пышақ қап түбінде жатпас», ертең-ақ жарқырап шығар. Өз ойымша, басты шығармам әлі жазыла қоймаған сияқты.

– Сіз қазіргі ұлт әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар қаламгерсіз. Ал, туған жеріңіз – Кең Жылойыңыздың алдында перзенттік парызыңызды өтей алдыңыз ба?

– «Меккеге жаяу арқалап апарсаң да анаңның ақ сүтін ақтай алмайсың, бұл оның бір түндік ұйқысының өтеуі ғана» деген аталы сөзді кеңірек қарастырар болсақ, туған ана мен туған жердің алдындағы парызын ешкім де толық өтей алмайды. Біздікі – тек соған ұмтылу, қал-қадарымызша тырысу ғана. 2019 жылы өзім туып-өскен өңірде болған оқиғалардың желісімен «Қыз Данайдың қырғыны» деп аталатын хикаят жазып шықтым, сол туындым биыл «Бибі Ана» баспасынан кітап болып басылғалы жатыр. Жылыой өңіріне азды-көпті қатысы бар тағы екі хикаят қостым. Әзірше берерім сол ғана. Айтпақшы, «Беймезгіл» деп аталатын романымның бірқатар кейіпкері осы өңірде туып-өсіп, еңбек еткен жандар.

– Жерлестеріңізбен ертеңнен күтер үмітіңіз бен келешекке деген сеніміңізді бөліссеңіз, әлде бұл ішкі құпияңыз ба?

– Үміт пен сенім қиялы ұшқыр, арманы асқақ әр адамның да болашаққа бастайтын, биіктерге самғайтын қос қанаты ғой. Өз басым адал сүт емген, өзінің емес, еліміз бен халқымыздың қамын ойлап, болашаққа бастап барар арда туған бір азамат билік басына келгенін көрсем деп үміттенемін. Ал, сенімім мынау – сол күнге мен жетпесем де басқалар жетеді, келер ұрпақтың көзі ашық, көкірегі таза, жүрегі нұрлы болады. Бұған еш күмәнім жоқ! Қазақтың қасиетті топырағынан сондай бір перзенттің шықпауы мүмкін емес. Сол бір атты күндерді жақындата түсуге қаламымның ұшымен, қиялымның күшімен қызмет етуге мен де барымды салып бағармын, иншалла! Ал менде ешқандай құпия жоқ, дәл қазір көкірек сарайымның төрінде төрт романның материалы тұр, қайсысы қашан жарыққа шығарын Жаратқан жалғыздың өзі ғана білетін шығар. Біздің үміт үзілмейді, әйтеуір. – Ашық әңгіме-дүкен құруға уақыт тапқаныңыз үшін бек рахмет!

Сұхбаттасқан Назарбек ҚОСШИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз