Жарнама
Мәдениет

Наурызды қалай тойлаймыз?

Наурыз мейрамының өмірдегі де, көңілдегі де орны өзгеше. Әдетте оны Ұлыстың ұлы күні, қыдыр дарыған қадір таңы атайды. Дегенмен бүгінде Наурыз мейрамын қалай тойлап жүрміз? Бұл күннің маңызын ұрпаққа сіңіру үшін қалай атап өтілуі керек? Мейрам қарсаңында Ұлыстың ұлы күнінің астарына үңіліп көрген едік.

Үлкендердің айтуынша, наурыздың  22-сінен бастап алғашқы үш күнде жер-көкті жарып, ерекше дыбыс естіледі екен. Бірақ, мұны қой мен оны бағып жүрген шопан ғана еститін көрінеді. Халық арасындағы аңыз бойынша, бір күні Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына келген сәтте, жер дүниені жайлаған топан су кері қайтады. Сол сәт жер бетіндегі барлық тіршілік атаулы көк аспаннан түскен қазаннан бірге дәм татады. Содан, бұл күн – Ұлыстың ұлы күні деп аталып кетеді.

Наурыз мерекесі қар еріп, қатынас азайған, мал арықтаған, жуанның жіңішкерiп, жiңішкенің үзілер, ұзынның қысқарған шағына тура келеді. Осындай кезеңде де қазақ қонағына «Сен ет деме, мен кет демеймін» деген игі тілек білдіреді.

Бұл күні бүкіл жер-дүние, айнала табиғатқа тіршілік лебі жеткен жаңа күн мен жаңа жылдың бастауында тұрып, қытымыр қыстан аман шыққанына Жаратқанға тәуба қылған. Қуанған. Алдағы күннен тілек тілеген. Жеті түрлі дәмнен көже қайнатып, дастарханына барын жайған жұрт ағайын-туғанмен қуана көрісіп, ойын-сауық, өлең-жырдың тиегін ағытқан.

Жанұялық мерекеге айналдырсақ…

Бүгінгі Наурыз – мемлекеттік мереке деңгейінде аталып өтіледі. Яғни, Наурыз – жалпыхалықтық мейрам. Десек те, Наурызды тойлауда шапан киіп, айналдыра киіз үй тігіп, ас ішіп, аяқ босатудан аса алмай жүргеніміз рас.

«Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Атырау облысының Құрметті азаматы Қатимолла Ризуанов – Наурызды алғашқы мерекелеу жылдарында іс басында жүргендердің бірі. Оның айтуынша, ол кез кеңестік одақтың іргесі сөгілмеген, солай десе де қазақ халқы келешегінен үлкен үміт күткен, ел тәуелсіздігін ерекше аңсаған кезеңі-тұғын.

– Осының әсері шығар, 1988 жылы жұртшылық 62 жылдан кейін алғашқы Наурыз мейрамын айрықша бір толғаныспен, қызығушылықпен қарсы алды. Жергілікті жердегі әрбір мекеме-кәсіпорындарда Наурызды өз алдына, өз қадір-қалінше, негізінен өз төңірегінде тойлады. Көжесін, бауырсағын үлестірді, концерт қойды, батагөйлер батасын берді. Басшылар жағы әр жерге бөлініп қатысып, аралады. Тұрғындарды құттықтайтын. Осылайша, алғашқы мереке шашыраңқы өтсе де ол әркімнің кеудесіне өзінің жылылығын, шуағын қалдырғандай болды, – деп еске алған Қатимолла Ризуанов әз-Наурыздың жанұялық мерекеге айналатынына сенімді.  

Наурыз бен оның тарихы туралы айтқанда, алдымен, Қыдыр баба және Ұмай ана жайлы сөз қозғауға тиіспіз. Көсемдеп ат жеккен күміс арба немесе шанамен Қызыр бабаның келуімен бастап Жаңа жылды қарсы алуға байланысты рәсімдер мен ойын-сауықты, өнер сынын қамтуды қалыпқа түсіруіміз керек шығар. Бірнеше ай бойы көрме ретінде ашық тұратын киіз үйлерден қалашық тұрғызып, онда ұлттық ойын түрлерінен көріністер көрсетіліп, келушілерге ұлттық дәмдер ұсынатындай жаңалықтар да қажет…

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында облыс тұрғындарынан әз-наурыз күні туралы ойлары мен пікірлерін, ұсыныс-тілектерін де тыңдап қайттық.

1200 0 7cc458a0df07dc6377058698bd338204

Оқырман ойы тоғысқанда …

Алтынай Жалжанова, мұғалім (Қызылқоға ауданы):

– Ұлыстың ұлы күні көрісуден басталады. Бұл мейрамның өзіндік ерекшелігі – көрші-көлем, ағайын-тумалармен қол алысып, төс қағыстырып көрісіп, жасы үлкендерден бата алуда. Бала күнімізде кешкісін үй жинап, тазалап, көрісуге арнайы дайындалатынбыз. Анам түнде шелпек-бауырсағының ашытқысын дайындап қоятын. Сол күні үй-ішімізбен ерте тұрып, төрге көрпе төсеп, дастархан жаятынбыз. Көрші-көлемді аралап кететініміз тағы бар. Ауылда бұл күн осылай аталып өтілетін және бұл мейрам  22-ші наурызға дейін жалғасатын. Қазір де солай, бауырларыма мерекемен құттықтап қоңырау шалсам, «көрісіп келіп жатырмыз» немесе «үйде қонақ бар»  деп жатады. 

Эльмира Ғұмарова, төтенше жағдай саласының қызметкері:

–  Көрісу мейрамы бұрын еліміздің батыс өлкесінде ғана аталып өтілетін еді, қазір өзге өңірлерде де көрініс тауып келеді. Бұған іnstagram, facebook секілді әлеуметтік желілерді қарап отырып көзім жетті. Тереңірек үңілсек, Наурыздың мәні мен маңызы әлдеқайда ауқымды ғой. Бұл мерекенің  дүниетанымдық, ұлттық мәні бар екенін ұғынатын кез келді. Мәселен, шырша бір-екі ай бұрын құрылып қояды ғой, сол секілді Наурыздың нышандарын да көшелерге ертерек іліп, қамданған  артық етпейді.

Роза Мырзабаева, ардагер мұғалім:

– Бүгінгі Наурыз мемлекеттік мереке деңгейінде аталып өтіледі. Ал, мемлекеттік мереке дегеніміз, жалпыхалықтық мейрам. Десек те, Наурызды тойлауда шапан киіп, айналдыра киіз үй тігіп, ас ішіп, аяқ босатудан аса алмай жүрген сияқтымыз. Мұндай жасандылықтан арылатын кез жетті. Шыршаның алдын ала  құрылып қоятыны секілді, біз де Ұлыстың ұлы күніне ертерек қамданғанымыз дұрыс болар еді. Ұлттық құндылықтарымызды насихаттау шаралары ұдайы жүргізіліп отырса деген тілегім бар.

Динара Қарабалина, Атырау қаласының тұрғыны:

– Қаз-қатар киіз үй тігіп, жайнатып жайылған дастарханнан басшылар ғана ауыз тиетін мереке жалпыхалықтық мейрамның арнасына жатпайды. Мүмкін, бірнеше ай бойы көрме ретінде ашық тұратын киіз үйлерден этноауыл тұрғызып, онда ұлттық ойын түрлерінен көріністер, келушілерге ұлттық дәмдер ұсынатындай жаңалықтар ойластыру керек те шығар. Бұл хан да, қара да теңесетін күн емес пе?!

Жантілек Мұратұлы, Исатай ауданының тұрғыны:

– Наурыз мерекесі жақындағанда ұлттық нақыштағы киім еске түседі. Мойындауымыз керек, сәукеле, тақияны, бүрмелі көйлек пен камзол-кәжекейді тек Ұлыстың ұлы күні ғана шарқ ұрып іздейміз. Ұлттық киімдер тек этнографиялық сипатта қалып қойды, оны тек мереке кезінде ғана киіп шығамыз. Ұлттық бас киім, шапандардың заманға сай үлгісін жасап, тек мерекелік шараларға ғана лайықтамай күнделікті киюге арнап тігілсе дұрыс болар еді. Бағалалары да қарапайым халықтың қалтасына сай қойылса, тележүргізушілер, өнер жұлдыздары да киіп жүрер болса, трендке айналары сөзсіз. Мерекені тойлау барысында ұмытылып бара жатқан «Селтеткізер», «Ұйқыашар» ырымын жасап, жастар арасында оны жақсы дәстүрге айналдырса артық етпес еді.

Р.S. Иә, мерекені тойлау барысында ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтарды қайта жандандырғанымыз жөн-ақ. Сондай-ақ, Наурызда адамдар балаларына, бір-біріне сыйлық жасаса құптарлық шара болады. Осы орайда, балаларға сыйлықтар тартуды ұйымдастырса, оның мәні артар еді. 

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button