Жарнама
Мәдениет

Наурыз — көктем, тамаша!

Тек адамзат қана емес, табиғаттың да жасарып, бой түзейтін шағы – Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы Наурызнаманың онкүндігі «Жаңару» күнін Атырау тұрғындары да ерекше көңіл-күйде атап өтті. Исатай-Махамбет алаңына жиналған жұртшылық ән айтып, жыр тыңдап бір жасап қалды. Қытымыр қысты артқа тастаған ағайын өткенге салауат айтып, бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, ақшаңқан киіз үйлерге бас сұғып,  ұлттық тағамдардан дәм татып, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады. 

Төл мерекені тойлау барысында «Наурыз – жаңару мен жаңғырудың бастауы» мерекелік концерті жиылған жұртшылықты бір серпілтіп алды. Алдымен, Музыкалық білім беру кафедрасының студенттік оркестрі орындаған Түркештің «Көңілашары» мен Сейілхан Құсайыновтың «Мереке» күйлері көпшіліктің көңіліне көрік берді. Әрі қарай «Саф» студенттік театры және дәстүрлі ән мамандығының студенттері Бақдаулет Ишан, Балғымбек Күшікбай, Аяулым Сүгірова, Фариза Саламат халық әндерінен шашу шашты. 

«Ұлыстың ұлы күні – наурыз мерекесі туралы білеміз. Бүгін мұнайлы мекенде қызмет етіп жүрген шет ел азаматтары жиналдық. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарымен қанықтық. Өзіміз еңбек етіп, бала-шағамызды асырап жүрген елдің тарихын, ұлттық құндылықтарын сыйлау парыз саналады. Тамаша мереке. Ұлттық салтқа, әдет-ғұрыпқа адалдық таныту — құптарлық жайт. Бүгінгі той — қазақ даласын мекендеген түрлі ұлттың да ортақ мерекесі. Оны мұнда жиналған көпшіліктің тек қазақтар емес екендігінен де білуге болады», — дейді түрік елінің азаматы Әли Серт. 

Бұл күні ән де айтылды, би де биленді. Ұйымдастырылған шаралар Наурыз мейрамының ізгілік мәнін түсіндіру, жалпыадамзаттық құндылықтарды өркендету мен нығайтуға бағытталды. Ал, студенттер мен олардың ұстаздарының өнерібұқараны бір серпілтіп тастады.  

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button