CЫРЛЫ САЗ, СИҚЫРЛЫ СУРЕТ

Бүгінде облыс мәдени өмірі мазмұнды шараларға толы. Соның бірі – атыраулық суретшілер Светлана Гузева мен Надежда Эксузьянның Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы өнер мұражайында біріккен шығармашылық көрмесі. Бұл жолы көрмеге қойылған барлық 33 сурет Атырау өңірінің табиғатына, әсем қала тынысына арналды.

Оған суретшілердің достары, мектеп оқушылары мен қала қонақтары қатысты. Көрме шымылдығын суретші Надежда өз жанынан жазған лирикалық өлеңдерін оқумен ашты. Әр сурет туындысының өзіне арналған жыр-шашуы бар екен. Қалаға келген күз өнер тамған он саусақтан таңбаланып шықты дегенге бірден сену қиын-ақ. Көрмеде осындай шара ұйымдастыруды қос суретші дәстүрге айналдырған. Ондағы мақсаттары – көп қырлы туындыларының сырын ашып, жұртшылыққа кеңінен таныстыру.

Павлодар аймағының тумасы Н.Эксузьян Атырау қаласында 36 жылдан бері тұрып келеді. Мәскеу халықтық шығармашылық университетінің «сәндік, станоктік кескіндеме және графика» бөлімін бітірген ол сурет салуды 14 жасында бастап қолға алған. Алғаш көрмесін 1980 жылы Атырау қаласында ұйымдастырған екен.

– Күзгі сарынмен сурет салуды жаным сүйеді. Мақтанғаным емес, бірақ менің «Үйге апаратын жол» атты туындым әлем сыншыларынан жоғары бағасын алған. Көбіне суретті әуен тыңдап отырып тыныш жерде саламын. Әннің өзі қандай сурет салу керектігіне жол сілтейді. «Как Петр арапа женил», «Свой среди чужих, чужой среди своих» атты кинофильмдердің музыкасы арқылы көптеген туындылар дүниеге келді. Бұл көрмеге «Таңғы шұғыла түсі», «Үш тілек», «Дала гүлдері», «Дельфиниумдер», «Көкнәр», «Күн империясы», «Гүлденген эвкалипт», «1983 жылдың көктемі», «Бақыт құсы», «Нұрлан Абдуллин» сияқты туындыларымды ұсынып отырмын, – дейді Н.Павелқызы. 

Оның көрмеге қойылған суреттерінде жапырақтар, құмырадағы гүлдер, жас сұлулардың және қолына мысығын ұстаған өз қызы Марианнаның бейнелері әдемі суреттелген. Көптеген шығармалары Калининград, Қазан, Мурманск, Саратов қалаларында және өзіміздің Атырауда сақтаулы. Тағы бір ерекше атап өтетін жай, көрмеге Надежданың қолдан тоқылған әдемі бұйымдары да қойылды.

Ал, Қара теңіз жағалауында өскен Светлана Гузева 12 жасында Атырауға қоныс аударып, осында мектепті аяқтаған екен. Сөйтіп, сол кездегі Гурьев педагогикалық институтының биология-химия факультетінде білім алады. Биология пәнінен №1 мектепте, Кіші өнер Академиясында оқушыларға дәріс берген. Оның туындыларындағы шеті-қиыры жоқ теңіз, Тұрғындар қалашығындағы ағаш қылтимасы бар ескі үйлер, есіктен сығалап тұрған періштенің кейпі көрген көздерді тамсантпай қоймайды.

– Шығармашылық жолымды өз таныстарымды бейнелеуден бастадым. Қабілеттілік менің бойыма атам мен суреттерді кестелеген әжемнен дарыды. Мен қала, теңіз, балалар, гүлдерді сол кездегі сезінген албырт күйіммен майлы бояудың көмегімен бейнелеп шығамын, – дейді ол. Қалаған жандар көрме суреттерін кез келген уақытта сатып алуларына болады. Шара соңында аталмыш өнер мұражайының басшылығы сырлы сурет өнерінің қос сұлуына Алғыс хат табыстады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суреттер автордікі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз