ӘН ҚАНАТЫНДАҒЫ АЛТЫНЖАР САПАРЫ
Оның үстіне бұл жолғы сапардың жөні тіптен бөлек. Көптен көкейінде қайнап, өзегін өртеген жай бұл. Күй қағаны Құрманғазы жатқан Ресей жеріндегі Алтынжарға талай барған. Күйшінің басына керемет кесене тұрғызылғаны, келушілер үшін арнайы мұражай, қонақүй салынып, далалық әсем сахна жасақталғаны көңілге шуақ сыйлайтыны рас. Құрманғазы атындағы мәдени орталықтың жұмысы да көзге көрініп тұр. Оның директоры Нұржан Сәмиғоллаұлы Медетов те жан-жүрегімен ұлтжанды азамат, қашан көрсең де қазақ өнері, күйші мұрасын насихаттау жолында ебіл-себілі шығып жүгіріп жүргені.
Осының бәрін көзбен көріп, өзге елдегі қандастарымыздың тірлігіне қызығып, өзінше марқайған. Бірақ… әлденеге көңіл құлази берді. «Апырау, неге? Маған не жетпейді осы?..». Ілкіде өзі де түсінбеді. Алтынжардағы тірлік ойдағыдай, сонда неге алаң? Құрманғазы жатқан жерге екі рет барғанда да осы бір сауалға дендеп жауап таба алмаған. Ақыры, үшінші жолы барған бетте дөп басты.
Барлық кітап атаулыда осы уақытқа дейін жарияланып жүрген Құрманғазының сақалы белуарына түскен суреті екен көңілден шықпай жүрген. Композитор Илья Жақанов осы бір талғамсыздау бейнеленген портретке әуелден жатырқай қарайтын. Жүрегін ән тербеген, сезімтал жан ұлы күйшіні басқаша елестетін. «Кішкентайдан» бастап «Сарыарқаға» дейін небір асқақ та, тылсым күйлерді күмбірлете төгіп өткен талайлы тағдырлы Құрекеңнің образы ашылмай тұрғандай көрінетін де тұратын. Композитор болмысын композитор ғана шынайы тани алса керек, ойында әбден пісіп-жетіліп, санасында берік қорытылған Құрманғазы бейнесін суретке салдыру идеясы Илья Жақанұлына Алтынжарға сол жолғы сапарында келген еді.
Содан Атырауға оралысымен Мәскеудің В.И.Суриков атындағы мемлекеттік академиялық көркемсурет институтының түлегі, белгілі қылқалам шебері, өзі шығармашылығын жоғары бағалайтын Қамбарбек Амановқа қолқа салған. Әрине, қандайма өнер туындысының дүниеге келуі, жарыққа шығуы белгілі бір мөлшерде қаржыны да қажет етеді ғой. Бұл жолы демеуші болуды өтінген Илья ағасының қолқасына әуелден өнер десе ішкен асын жерге қоятын азамат, Атырау облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің бастығы Құрманғали Тасмағамбетов те бірден келіскен. Сөйтіп, композитордың өзі бас кеңесші болып, Қамбарбек суретші іске кіріскен…
Табаны күректей үш жылда ұлы күйші Құрманғазының Илья Жақановтың ойынан шыққан жаңа портреті де дайын болды. Бұл күні кеше Атырауда мың адамдық оркестр күй тартқан тарихи күндерде алғаш рет көшеге, стадионға ілінді. Ойындағы орындалып, көңілі жайланды.
Енді, міне, осы жаңадан сомдалған Құрманғазы бейнесін оның өзі мәңгілік ұйқы құшағында жатқан Алтынжарға, сондағы мәдени орталыққа апарып сыйға тарту үшін жолға шыққалы отыр. Бұл сапардың жөні бөлектігі де осында. Ән тербеген жүректің алабөтен алабұртуы да осыдан…
II
Алтынжарға сапарлау ойын Астрахан жаққа бірге барған кезінде Құрманғазы ауданының әкімі Амангелді Барақатовқа құлаққағыс еткен-ді. Ол бірден-ақ:
— Ілаға, мына ойыңыз тамаша екен. Сіз сол Құрекеңнің суретін Алтынжарға апарар сапарыңызда оның есімін иеленген ауданда сіздің жұртшылықпен кездесуіңізді, жақсы бір өнер кешін ұйымдастырайық, — деп өз ұсынысын айтты. «Апырай-ә, ондай болса, сөз бар ма…» деп композитор да мәз болып қалды. Шынында да, Құрманғазының басына бара жатып, Құрманғазы ауданын аттап өту әсте мүмкін бе?!
Содан аудан басшылығы белгілеген межелі күні жанына бір топ рухани ізбасар інілерін, атап айтқанда, белгілі жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты Рахымжан Отарбаев, белгілі журналист, ақын, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Төлеген Берішбай және осы жолдардың авторын қосшы етіп ерткен Ілағаң Құрманғазы аудандық мәдениет сарайында қызықты да, мағыналы кездесу өткізді. Халықтың өзіне деген құрмет-қошеметін көрді, «Еділ-Жайық», «Жайлаукөл кештері» әндерінің туу тарихын әңгімеледі. Елдің де ерек өнер иесін сағынғаны, әсем әндер әуезіне шөліркеп қалғаны айқын аңғарылған, соның әсерінен жүректерден небір ыстық лебіздер ақтарылған ғажайып күн еді бұл. Сыртта күздің ақ нөсері нұр боп құйып тұрса, іште қазағының Ильясына деген ыстық ықыласы арнасынан аса төгіліп тұрды. Әсіресе, ауыл-аймақтың құдды бұрынғының билеріндей көрінетін елтұтқа ағасы, өзі ауыл шаруашылығы саласының қайраткері, өзі жазушы, өзі зерттеуші-ғалым Өмірзақ Қажымғалиев тебіреніспен сөйледі.
Ілағаң өзімен дос-жар Өмірзаққа әркез сүйсіне қарайды. Өзге түгілі, өзінің бала-шағасына қадірі жоқ кейбір шал-шауқандарды көріп көңілі құлазығанда, ылғи да осы Өмекең ойына оралады. Қашан көрсең де сырбаз да, салиқалы, ойлы да, зерделі ол кейінгіні өнегелі ісімен баурап алады. Асып-тасқанын көр-мейсің, үлкенге ізетті, кішіге қамқор. Өмірден көргені де, түйгені де мол. Әсіресе, арғы-бергі тарихтан, өнер шежіресінен де пікір таластыратындай хабары жетік.
Кездескен сайын ыстық қауышып, көсіле сырласатын Өмірзақты композитор қолқа сала Алтынжар сапарына да бірге ала жүрді. Жолшыбай Еділ мен Жайық арасындағы әр жотаның тарихы әр қырынан түгенделгеніне куәміз. Бірі аймақтың шежіресін жанын сала зерттеп, енді бірі осы өңірдегі ән мен әншінің ғұмырнамасын қайта жаңғыртып жүргендіктен, шертер әңгіменің де құйқалы екендігі қапысыз. Тек тыңдар құлақ, құйып алар, түйіп алар зерде керек.
Шекараға жеткенше бір толастамаған әңгіменің арасынан әлсін-әлі әнге де кезек беріліп қояды. Мұндайда жаның жадырап, бойыңды ерекше бір әуен әлдилейді.
Самалы жұпар жазғы
бір кеште
Ойласам болды Ыстықкөл жақты,
Айтылған сырлар түседі еске
Оятқан сонда ақ махаббатты…
«Әсел» әнінің жүректі билеген ғажайып сырлы әуезі бұл. Жан-дүниеңізді бірден баурап алады. Қайырмасы тіптен ерек, тұла-бойыңды балқытып, елітіп ала жөнеледі:
Тулайды жүрек толқындай
шалқып,
Аңсайды жүрек өзіңе тартып.
Сағынтқан әнім –
Әселім жаным!..
Ең сүйініштісі сол, өзінің әндерін Ілағаң әлі күнге өзі шырқайды ғой. «Жетпістен астым, шау тарттым» дегенін де құлағымыз естіген емес, қайта «жетпіс бес дегеніңіз – үш жиырма бес» деп жас жігіттей шашын сілкіп қойып, әсем әндерін бірінен кейін бірін әуелетеді-ай келіп. Пай-пай, «Ағады Ертіс», «Жайлаукөл кештері», «Алматы кешінде», «Ақ қайың», «Даниярдың әні», «Асылым», «Толағай», «Балқантау»… қай-қайсысы да жүрек қылын шымырлататын сыршыл әндер ғой! Тыңдай бергің келеді, тыңдай бергің… Қалай ыңылдап қосыла кеткеніңді де байқамайсың. Ән тылсымының, ән болғанда да шынайы өнер туындысының құдіреті деген осы!
III
…Ганюшкиннен басталған нөсер жауын Алтынжарға жеткенше бір толастамады. Күн ұясына бата композитор Илья Жақанов бастаған үркердей топты ұлы күйші кесенесі басындағы Құрманғазы атындағы мәдени орталықтың қызметкерлері құшақ жая күтіп алды. Жаңбыр әлі төпеп тұр. «Нұр ғой бұл, нұр ғой…» деді Ілағаң бір сәт тебірене. Кім білсін, сезімтал жүрек тағы бір әсем әуенді толғатып тұр ма?..
Бір ғажабы, таңертең алтын күн шапағын төгіп, кеше мүлдем жауын болмағандай айнала мейлінше жарқырап тұрды. Мәдени орталықтың директоры Нұржан Медетов:
— Илья аға, сіз келеді деп әр ауылдан зиялы деген ақсақалдарымызды шақырып қойдым. Алды елең-алаңнан келіп те жатыр, — деп қонақ күту қарбаласымен шапқылап жүр.
Нұржан Сәмиғоллаұлы аузын ашса көкірегі көрінетін аңқылдақ жігіт екен. Ол сөз арасында мәдени орталықтың көмекке зәру екендігін, ресейлік қандастарымыздың ішінде қалталы кәсіпкерлер болғанымен, олардың ұлттық мәдени және тарихи мұра, ұлттық өнер, жалпы ұлттық құндылық жөніндегі түсініктерінің әлі де төмендігін қынжыла айтты. Ал, көршілес жатқан Құрманғазы ауданымен қарым-қатынастың жақсы екендігіне, көп шараларға сондағы қазақ бауырлардың көмектесетіндігіне ризалығын да жасырмады.
Көп кешікпей негізгі шара да басталды. Нұржан айтқандай, жиналғандар негізінен ауыл ақсақалдары болып шықты. Қазақ жерінен келген қонақтарға «қош келдің» айтылысымен ортаға шыққан жасы алпысты алқымдап қалған Марфуға Ұлықпанова деген қандасымыз «Еділ-Жайықты» шырқай жөнелді:
Құлпырады дала, гүлдейді орман,
Емізеді егіз Еділ мен Жайық.
Ақ шағала айдын, ақталған арман,
Тербеледі кеме, ойнайды қайық.
А-а-а, ағады шалқып,
Аққулары қалқып,
Еділ мен Жайық!
Шырқалады әндер,
жан жүрек іңкәр,
Сылқылдайды сұлу
Еділ мен Жайық.
Әуелейді адам, самғайды сұңқар,
Шығандарға, шыңға
қанатын жайып!
Бұл композитордың өзі үшін күтпеген тосын сый болды. «Еділ-Жайық» сынды кең тынысты шалқыма әнді ансамбльдің сүйемелдеуінде кәнігі өнерпаз әуелетсе, таң қалмассың. Ал, тұрқы тым қарапайым, тұрымтайдай әйелдің жанды даусымен ғана толқын-толқын боп ағылған сырлы әуез Ілағаңды ерекше толқытты. «Мына орындаудан әнімнің ел арасын кеңінен жайлап кеткендігін бір аңғарып марқайсам, Марфуғаның даусынан елді аңсағандықты, сағыныш сазын қоса сезінгендеймін» деді Илья Жақанов.
Енді бір сәт Атыраудан осы Алтынжарға қарай байыз таптырмай құстай ұшырған негізгі миссияны атқарар сәт те жетті. Ілағаң жол бойы қаптаулы келген портреттің орауын жазды. Суреттен домбырасын қолына ширыға ұстаған, жанарынан тұңғиық сыр тұнған Құрманғазының жаңа бейнесін көрген көпшілік ду ете түсіп, дүркірете қол соқты.
— Міне, суретші Қамбарбек Амановтың менің кеңесшілігіммен сан мәрте өзгеріске түсіп, сан мәрте толықтырылып, ақыры шарықтау шегіне жеткізіле дүниеге келген Құрекеңнің жаңа портреті осы. Сонау көз ұшында ол ғұмыр кешкен Нарын құмы бейнеленген, бұл – ұлы күйшінің өмірден өтерге жақын кезіндегі образы, — деген Илья Жақанов өзімен бірге ала келген екінші полотноға назар аударды. – Ал, мына суретте қос батырымыз Исатай мен Махамбеттің ат үстіндегі ақылдасу сәті көрініс тапқан. Бостандық жолындағы ерлердің кезекті шайқас алдында шиыршық атқан болмыстары мұнда да сәтті ашылғаны қапысыз.
Жиналғандардың қошеметтеуімен Ілағаң Құрманғазы атындағы мәдени орталықтың директоры Нұржан Медетовке суреттерді табыс етті.
Тағы да ән қалықтады. Бұл жолы красноярлық үш жігіт – Расул, Мансұр, Сайд «Жайлаукөл кештерін» тамылжыта шырқады. Ерекше шабытпен, жастық жалынмен орындалған ән тұла бойды балқытып, көңілді шалқытты. Ілағаң еріксіз орнынан көтеріліп, бұл туындының туу тарихынан сыр қозғады. «Орыстың «Подмосковные вечера» әні халық арасын кеңінен жайлап кеткен дүбірлі шақта көңілімде «шіркін-ай, осындай бір ән жазар ма еді» деген балауса арман бүршік жарған еді. Онда енді ғана өнер баспалдағына аяқ артқан жаспыз ғой. Көңіл өрекпиді. Шәмшінің мен үйленгенде жан жарым Тиышқа арнап «Бәрінен де сен сұлу» әнін, өзімнің «Меңді қызды» шығарып жүрген шағымыз. Ақыры, арада жылдар өтіп, осы «Жайлаукөл кештері» өмірге келіп, сонда ғой Шәмшінің айтатыны: «Илья, сен сөзіңде тұрдың» деп…» деді композитор.
Бұдан кейін Ілағаның жанындағы өзі жазушы, өзі ғалым Өмірзақ Қажымғалиев сөз алып, ресейлік қандастарымыз үшін бүгін бір айрықша күн болып отырғанын атап айтты.
— Сіздер бүгін есімі алысқа кеткен қазақтың дарынды композиторымен жүздесіп қана отырған жоқсыздар, қазақтың өнерімен, тіпті қазақтың шынайы болмысымен қауышып отырсыздар, — деді ол. — Өйткені, Илья Жақановтың сыршыл әндерінің қайсысын алып қарасақ та, ұлттық нақыш бар. Жаныңа жібектей жұмсақ тиіп, терең әсер етеді. Даусыз халықтық шығармалар! Жаңағы «Еділ-Жайықты» қос өзенді тел емген екі ел халқы ғана емес, бүкіл дүниежүзіндегі қандастарымыз түгел шырқайды. «Еділ-Жайықты» рухы зор гимн десе де болады…
Қандас бауырлар алдында осылайша тебірене сөйлеген Өмірзақ аға өзінің «Дариға-дәурен», «Жанкешу», «Мақашпен қауышу» атты кітаптарын мәдени орталыққа сыйға тартты. Ал, Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Абдрахман Муса жүрекжарды тілегінен соң, көпшіліктің қолқалауымен халық әні «Ақбақайды» шырқай жөнелгенде сүйсінбеген жан қалмады. Мұндай өнер атқамінер азаматтардың көбінің бойынан табыла бермейді ғой. Біз жол бойына Абдрахманның тал бойына көп соны қасиеттерді тоғыстырған сегіз қырлы, бір сырлы жігіт екенін айқын таныдық. Бір айта кететін жай, ол бұдан жиырма жыл бұрын облыстық жас өнерпаздар байқауында «Еділ-Жайықты» орындап, бас жүлде алған екен. Қандай сәйкестік десеңізші, енді, міне, композитордың өзінің алдында ән шырқап тұр.
Жалпы, бұл күні Алтынжарға әннен нөсер жауғандай болды. Ілағаның өзі төл туындыларын бірінен соң бірін орындаса, ресейлік қаракөздеріміз де қалыс қалмады.Мәдени орталықтың «Атамұра» халықтық аспаптар ансамблінің орындауында Құрманғазының күйлері күм-бірледі. Сондай-ақ, Ардақ Мұхамедиярова, Қайрат Қазанбаевтар әннен шашу шашса, Салтанат Сатова «Қара жорға» биімен көрермен көңілінен шықты. Туған топырақтан жырақта ғұмыр кешіп жатса да, олардың ұлттық өнерге, ән-күй, билерімізге деген ерекше іңкәрлігі сезіліп тұрды.
— Біздің Құрманғазы атындағы мәдени орталықта 70 адам жұмыс істейді. Өз ансамбліміз, оркестріміз бар, жоғары білімді музыканттарымыз, танымал әнші, күйшілеріміз жанымызда. Қазақтың ұлттық мейрамдарының бірде-бірін атаусыз қалдырмаймыз, — деп мақтанышпен айтты орталық директоры Нұржан Медетов те.
…Алтынжарлықтармен қимай қоштасқан Илья композитор бастаған топ әсем әуен қанатында елге бет түзеді. Баяғының Біржаны мен Ақаны да осы Ілағаңдай ел аралап, әуезді әндерімен жұртын сусындатып жүрді ғой. «Бұл да бұрынғы саңлақтар өмірінің сабақтастығы ғой» дерсің еріксіз…
IV
…Атырауға қайтар жолда композитор тағы да терең ойға шомды. Ән қанатында қалықтап Алтынжарға да барды. Қайтар жолда құрманғазылықтар тағы да құшақ жая тосып, басқан аяғын жерге тигізбеді. «Мақаш» өндірістік кооперативінің төрағасы Жеңіс Әбілқайыров көш жерден тосып алып, ауылында қонақ етті, астына ат мінгізді. «Елдің ықыласы қандай таза, қандай ыстық еді. Бұл маған алға қарай да зор жауапкершілік жүктейді ғой…» деп тебіренді Ілағаң.
Рас, осынау өнер жолындағы жанкешті ғұмырында өзінше біршама шаруаның басын қайырды. Шаршадым деген жоқ, болдым-толдым деп те айтқан емес. Енді ше, бүгінде екі-үш ән шығарған әлдекімдер кең дүниеге сыймай күмпіп жүрсе, бұл екі жүзден астам әннің авторы атанса да, баяғы қарапайым қалпы. Композиторлығы өз алдына, сол әндерінің туу тарихын мөлдіретіп жазған жазушылығы, ел жадынан жоғала бастаған өнер туындыларының жаңғыртушы-жоқшысы ретіндегі зерттеушілігі тағы да бір төбе.
Былтыр Астанадағы «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Зәуреш» атты кітабына батыс өңіріне тән көптеген әндердің туу тарихы мен тағдыр-талайынан сыр шертетін еңбектері топтастырылған. Сол жинақтағы «Тәңірберлі Молдабай», «Мәриям туралы ән», «Гүлжансары», «Долана-ай», «Маңғыстаумен қоштасу» және басқа да тарауларды жазу үшін қаншама шаршап-шалдыққан сапарлар, қаншама ой толғаған ұйқысыз түндер жұмсалды десеңізші.
Ал, өзі осы ақ Жайықтағы атақонысқа келгелі бергі уақытта тарихты аңтаңдағынан аршып қопарғаны өз алдына, «Әйтеке бидің толғауы», «Ойыл толқыны», «Құлсары», «Оралдың ерке самалы», «Ағады Жайық, ағады», «Доссор вальсі», «Мақаттың ерке бұлбұлы» және басқа да сезім қылын шертер тамаша әндер жазды.
«Мына сапар, халықтың осыншама қошеметі мені қазіргіден де биік табыстарға құлшындырады, бойымдағы барымды елім үшін аямақ емеспін» деп іштей өз-өзіне серт беріп келеді композитор. Құдды қалың елі – қазағы үшін басы жерге тигенше домбырасынан күй төгіп өткен Құрманғазының бүгінгі сойының серті дерсің…
P.S. Осылайша, Алтынжар сапары көңілге көп сыр ұқтырды. Біріншіден, өнер сабақтастығы үзілмепті. Кешегі өткен Құрманғазысының жансыз бейнесінің өзіне бөлекше мән, ерекше маңыз беру – кейінгі ізбасарларының көргенді ісі. Екіншіден, шекара асып бар-ғанда ондағы елдің де ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтауға деген ұмтылысы көңіл қуантты. Үшіншіден, шетелдегі қандастарымыздың атақоныстарын аңсайтыны, Қазақ елінің тілегін тілеп отыратыны айқын аңғарылды. Осындай іңкәрлік пен бауырмалдық барда тарыдай шашылған қазақтың мынау жаhанда басы бірігіп, өркениет көшінде әлі-ақ өзге жұртты шаң қаптырарына имандай сенесіз.
…Ең бастысы, күллі адамзат баласына түсініктілігімен ортақ музыка тілі әлемді шарлап жүр. Оған ешқандай өзен де, теңіз де, мұхит та кедергі емес. Ән қанатындағы Алтынжар сапары Илья Жақанов әндерінің де ел-елді аралап кеткендігін риясыз паш етті. Шынында да, Құрманғазыдан Ильяға дейінгі қазақ музыкасы әлемді шарлап жүр…
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ