Скрипканың сиқырлы сазы

ANU 6819 Мәдениет

«Қазақ өнерін алға жылжытып, оны барлық сахнада жаңғырту – бізге парыз. Тәуелсіз жылдар ішінде Елбасы басшылығымен жеткен жетістіктеріміз туралы білу үшін елімізді әр түкпірде насихаттау – біздің міндетіміз».

Қазақстан Республикасының Халық әртісі Айман Мұсақожаева Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Атырау жұртшылығына арнап концерт берді. Облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған шарада өнер иесі Астана қаласының «Солистер Академиясы» мемлекеттік оркестрі мен «Тарлан» фольклорлық ансамблімен бірігіп өнер көрсетті.

ANU_6819-850x567

Концерт шымылдығы «Солистер Академиясы» мемлекеттік оркестрінің сүйемелдеуімен Моцарттың «Диверисмент ре мажор» туындысымен ашылды. Оркестрге мемлекеттік конкурстардың лауреаты, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Асқар Дүйсенбаев дирижерлік етті. Одан әрі атақты италияндық композитор Антонио Вивальдидің  жыл мезгілдеріне арналған «Жаз» және «Күз» шығармалары орындалды. Күй атасы Құрманғазының «Адай», «Төремұрат» күйлері де сахна төрінде скрипканың әуенінде күмбірледі. Атыраулық өнерсүйер қауым Айман Мұсақожаеваның орындауында әлемдік классиканың қазыналары – Иоганнес Брамстың туындыларын да тыңдады. «Тарлан» фольклорлық ансамблі күй тартыс ұйымдастырды.  Қазақстандық музыканттардың өнеріне тәнті болған атыраулықтар әрбір қойылымға дүркірей қол соғумен болды. Қазақстандық танымал скрипкашы Айман Мұсақожаеваның концертін тыңдауға қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтау сөз сөйлеп,  ықылас гүлін табыс етті.

– Елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдің сахналарына шығып, ұлтымыздың атын асқақтатып жүрген өнер иесін Атырауда қабылдау – біз үшін үлкен абырой. Әлемдік дәстүрлі және ұлттық шығармалармен таныса отырып, концертті сүйсіне тамашалаудамыз. Өнеріңіз қашан да биікке шарықтай берсін. Шығармашылық табыстар тілейміз, – деді аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы.

Өнерін асқақтатып, ұлығылап жатқан барша көрерменге алғыс білдірген кеш иесі рухани жаңғыру ұлттық өнерді насихаттаудан, қолдаудан басталатынын баса айтты.

«Қазақ өнерін алға жылжытып, оны барлық сахнада жаңғырту – бізге парыз. Тәуелсіз жылдар ішінде Елбасы басшылығымен жеткен жетістіктеріміз туралы білу үшін елімізді әр түкпірде насихаттау – біздің міндетіміз. Өнерді дәріптеу мақсатында атқарылып жатқан шаралардың барлығының болашақ ұрпақ үшін маңызы зор. Жоғары мәдениетті елдің негізгі тірегі де өнерден басталады», – деді Айман Мұсақожаева.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз