Жарнама
Мәдениет

Мүшел жаста сүйікті затын сыйға беру дәстүрі қайдан келген?

Қазақ халқының ұғымында мүшел жасты адам ғұмырын есептеудің үлгісі санайды. Мүшел жастың ерекшелігі неде, неге мүшел жасты «қатерлі, қауіпті кезең» деп санайды, мүшел жасты тойлауға бола ма? Бұл сауалдарға этнограф-ғалым, тарихшы Болат Бопайұлы жауап берді, — деп хабарлайды kaz.inform.kz.

— Мүшел жас қайдан шықты?

Мүшел жас — адам өміріндегі белгілі бір кезеңдерді білдіретін түркі халықтарында кең тараған түсінік. Бұл ұғым ежелгі түркі, моңғол және шығыс халықтарының күнтізбелік есептеу жүйесімен байланысты пайда болған. Түркілер он екі жылдық циклмен өмірді өлшеп, әр он екі жылды бір мүшел деп есептеген. Бұл жүйенің негізі ежелгі шығыс астрономиясына барып тіреледі. Түркі халықтары Күн мен Ай қозғалысына негізделген есептеу жүйесін қолданып, адам өмірінің өзгерістерін табиғи циклдермен байланыстырған. Сондықтан мүшел жастың әрқайсысы белгілі бір өмірлік өзгерістер мен сынақтарды білдіреді.

—   Әрбір мүшел жастың маңызы бар ма?

— Адамның өмірі 12 жылдық кезеңге бөлінеді және әр мүшелде адам өмірінде елеулі өзгерістер болады деп есептеледі:

1-мүшел (13 жас) — бала шақтан жасөспірімдік кезеңге өту. Денеде физиологиялық өзгерістер орын алады.

2-мүшел (25 жас) — жастардың ересек өмірге толық аяқ басуы, өз орнын іздеуі.

3-мүшел (37 жас) — орта жасқа жақындау, өмірлік тәжірибенің жиналуы, күрделі шешімдер кезеңі.

4-мүшел (49 жас) — дене қартаюға бет бұра бастайды, өмірлік даналық қалыптасады.

5-мүшел (61 жас) — қарттықтың алғашқы кезеңі, өмірдің мәні туралы ойлар тереңдейді.

6-мүшел (73 жас) — ұрпаққа аманат қалдыру, өмірдің сараптамасын жасау кезеңі.

7-мүшел (85 жас) — кәрілік шағы, өмірлік тәжірибенің ең биік шыңы.

Әр мүшел адамның денсаулығы, мінез-құлқы, дүниетанымы мен өмірлік бағытына айтарлықтай өзгеріс әкеледі деп есептеледі.

— Мүшелге қай кезде кіреді?

— Мүшел жасқа адам туған күнінен бастап емес, келесі жылдың алғашқы күнінен бастап кіреді. Яғни, адам 25 жасқа толса, ол мүшелге туған күнінен кейін емес, келесі жылдың басынан бастап кіреді деп есептелген. Бұл мүшел есебінің көшпелі халықтардың дәстүрлі күнтізбесіне негізделгенін көрсетеді.

— Мүшел жасты тойлауға бола ма?

— Адамдар мүшел жасты ескеріп, ерекше көңіл бөледі, бірақ оны кеңінен атап өтпейді. Қазақ халқында мүшел жаста сақтық шараларын жасап, садақа беру, жақсы амалдар жасау, бата алу сияқты дәстүрлер бар. Бұл адамның жаңа өмірлік кезеңге өткенін ескеріп, қорғаушы рухани амалдар жасау деген түсінікпен байланысты.

— Мүшел жас пен ғылымның байланысы туралы не айтар едіңіз…

— Ғылым тұрғысынан алғанда, мүшел жас пен адамның психологиялық және физиологиялық даму кезеңдері арасында байланыс бар. Мүшел жас өзгеріс кезеңдерімен сәйкес келеді. Мәселен, психологтар адамның 12-13, 24-25, 36-37, 48-49, 60-61 жаста белгілі бір дағдарысты кезеңдерді бастан кешетінін дәлелдеген. Гормондық және биологиялық өзгерістер де болады. Әсіресе 12-13 жастағы жасөспірімдік кезең, 24-25 жастағы жеке тұлғалық қалыптасу, 48-49 жастағы климакстық кезең сияқты өзгерістер ғылыми түрде дәлелденген. Бұдан бөлек, психологиялық рефлексия бар. 36-37 және 60-61 жас аралығы адамның өміріне қайта қарау, өз мақсатын қайта бағалау кезеңдерімен сәйкес келеді.

— Сүйікті заттарын мүшел жаста тарату қайдан келген дәстүр?

— Қазақта мүшел жасқа толған адам өзінің сүйікті немесе бұрыннан пайдаланған заттарын таратады. Бұл дәстүрдің бірнеше мағыналық негіздері бар. Мұны жаңа кезеңге өту символы деуге болады. Ескі заттардан бас тарту — жаңа өмірге қадам басудың белгісі. Жаңа мүшелге өткенде адамның өмірінде өзгерістер болады деген сенім бар. Жақсылық жасау және аманат қалдыру маңызды. Өзіне жақын адамдарға сыйлық беру арқылы рухани тазару және игі тілек білдіру. Бұл дәстүр адамның өткен өмір кезеңімен қоштасып, жаңа кезеңге дайындалуын аңғартады.


— Неге мүшел жас қауіпті деп санайды?

— Мүшел жаста адамға қауіп төнуі мүмкін деген түсінік көшпелі халықтарда кең таралған. Мұның себебін физиологиялық өзгерістермен байланыстырған. Мысалы, 12-13 жаста жыныстық жетілу, 36-37 жаста эмоционалды күйзелістер пайда болуы мүмкін. Өмірлік өзгерістер кезеңі: 24-25, 48-49 жас аралығында адам өмірінде маңызды шешімдер қабылдайды. Осы кезеңдерде қиындықтар туындайды деп есептелген. Психологиялық әсер: Ата-бабадан қалған сенім бойынша, мүшел жаста сақ болу керек деген ой адамға жүйке қысымын тудырады, бұл да белгілі бір қауіпке әкелуі мүмкін.

— Кейбіреулер мүшел жаста өмір туралы ойлана бастайды. Мұны қалай түсіндіруге болады?

— Мүшел жаста адамдар өмірін сараптан өткізіп, болашағы туралы терең ойға беріледі. Бұл құбылыс психологияда «дағдарыс кезеңі» деп аталады. Адам өзінің өткен кезеңдерін талдап, болашаққа бағыттарын айқындайды. 25, 37, 49 жас аралығында адамдар мансап, отбасы, денсаулық, өмірлік құндылықтарын қайта қарастырады. Қазақ халқы мүшел жаста садақа беру, қайырымдылық жасау, жақсылық істеу сияқты амалдар адамның рухани дамуына көмектеседі деп сенген.

Мүшел жас — тек қазақ халқында ғана емес, бүкіл түркі әлемінде ерекше мәнге ие. Оның түп-тамыры ежелгі күнтізбелік жүйелермен, астрономиямен, адамның биологиялық даму заңдылықтарымен және психологиялық өзгерістермен тығыз байланысты. Ғылым мен дәстүрді ұштастыра қарасақ, мүшел жас — адамның өмірлік кезеңдеріндегі заңды өзгерістердің көрінісі. Сондықтан бұл ұғымды қорқынышпен емес, өмірдің жаңа белесіне өту мүмкіндігі ретінде қабылдаған жөн.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button