«Күй-Ұранның» жеңімпаздары анықталды

whatsapp image 2021 11 03 at 15.40.29 1 Мәдениет

Атырау төрінде бірнеше күнге созылған Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік және Махамбет атындағы сыйлықтардың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, күйші, дирижер, композитор Қаршыға Ахмедияров атындағы халықаралық «Күй-Ұран» домбырашылар байқауы өз мәресіне жетті.

Байқауға еліміздің әр аймағынан және Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан мемлекеттерінен де жеке домбырашылар мен үш ішекті аспап орындаушылары қатысып, бақтарын сынады. Өз мәресіне жеткен халықаралық байқаудың жабылу салтанатында мәдениет қайраткері, Қ.Ахмедияровтың шәкірті Сәлімгерей Садықов пен күйшінің зайыбы Нұрбике Жұмағалиқызы Атырау облысының әкімдігі, сондай-ақ Атырау облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының тапсырысы бойынша шығарылған өнер саңлағы Қаршыға Ахмедияровтың «Мәңгілікпен сырлассын күй ғұмырың» атты жинағының тұсауын кесті.

– Барша қазақтың Қаршығасы, тірі Құрманғазысы атанған өмірлік қосағым жайлы өткен шақта сөйлеу мен үшін оңай емес. Биыл оның 75 жылдық мерейтойына арналып, елімізде көптеген мәдени-көпшілік шара өтіп жатыр. Міне, соның бірегейі туған жерінде ұйымдастырылып, үш күн бойы Атырау көгін күйге бөледі. Сол үшін отбасымыз атынан өнер десе, Қаршыға десе, ішкен асын жерге қоятын атыраулық бауырларына көптен-көп алғыс айтып, басымды иемін. Саулығы сыр беріп, аурухананың жансақтау бөліміне түскен сайын ішіндегі сырын ақтарып: «Менің жоқтаушым – өзіңсің, Нұрбике, артымда қалатын күйлерім бір саған аманат!» деуші еді. Бұл жинақ – сол Қаршекең аманатының жемісі іспетті, қабыл алыңыздар, – деді сахнада сөз алған күйшінің жары Нұрбике Жұмағалиқызы.

whatsapp image 2021 11 03 at 15.40.28

Бұдан кейін Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, профессор Роза Айдарбаева, мәдениет қайраткері, доцент Зәмзәгүл Ізмұратова, Өзбекстанның халық артисі, профессор Форук Садыков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Карима Сахарбаева, күйшінің ұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының бас дирижері Ерболат Ахмедияровтар сахна төріне көтеріліп, күйші, дирижер, композитор Қаршыға Ахмедияров атындағы «Күй-Ұран» халықаралық жеке домбырашылар байқауының жеңімпаздарын марапаттады.

Халықаралық күй байқауының бір топ бақ сынаушысы арнайы алғыс хатпен марапатталды. Үш күнге созылған күй тойының соңы гала-концертке ұласты.

74b4a454 b633 42bd 97ea 788971547f54

Бас жүлде (700 000 теңге сыйақы)

Темір Ақбөкен (Атырау);

І орын (400 000 теңге сыйақы):

Сүндет Абдужаппаров (Алматы);

Хосиятхон Хамиджонова (Өзбекстан);

Айдын Рания (Алматы);

ІІ орын (300 000 теңге сыйақы):

Нұрлыбек Нажекенов (Атырау);

Азизахон Исламова (Өзбекстан);

Азамат Жұмағалиев (Атырау);

ІІІ орын (200 000 теңге сыйақы):

Ерболат Хайроллаев (Атырау);

Еркебұлан Соңғыбаев (Маңғыстау обл.);

Әліби Нышан (Оңтүстік Қазақстан обл.);

Арнайы диплом (65 000 теңге сыйақы):

Ерік Шәмшиден (Алматы);

Жақсылық Ажмұханов (Алматы);

Айымгүл Саматова (Алматы);

Нұрай Зинор (Алматы);

Ахмедияровтар отбасының арнайы жүлдесі (50 000 теңге сыйақы):

Нуриза Мырзакеримова (Қырғыз Республикасы);

Анворжан Норматов (Тәжікстан);

Назира Омар (Павлодар обл.).

Лиза СЕЙТІМОВА,

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз