«АҚ КӨГЕРШІННІҢ» ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ

«Ақ көгершін» фестиваль-байқауы жыл сайын талай    талантты өренді көпшілікке паш етуіге ықпал жасап келеді. Биыл бұл байқау Алматыда оныншы рет өткізілді. Оған еліміздің әр түкпірінен жеті жүзге  жуық өнерлі балдырған қатысты. Ылғи дарындылар жиналған бәйгеден атыраулық өнерпаздар да олжалы оралды.

 

Байқауға Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының жанынан құрылған «Фантазия» балалар вокалдық-эстрадалық студиясының өнерпаздары қатысып, лауреат атанды. Жетекшісі – Любовь Иванова.

Байқау шарты бойынша студия мүшелері Әмір Айтқалиев, Гаухартас Сағитова, Санат Асуат вокал жанрынан  «а, капелло»  түрінде, кейін жеке дауыста ән орындады. Гаухартас Сағитова «Қазақ елі осындай» әнімен екінші дәрежелі дипломант атанса, орта жастағылар арасында Әмір Айтқалиев «Я нарисую страну»,  итальяндық «Санта Лючия» әнін орындап, үшінші дәрежелі дипломмен,  лауреат атағына ие болды.  Ал, ең кішкентай жастағы бүлдіршіндер арасында өнер көрсеткен Санат Асуат та көрермендер қошеметіне ие  болып,  үшінші   дәрежелі  дипломға ие болды.

 «Баланың бас ұстазы – ата-ана» дегендей, балаларының өнерін шыңдап, олардың биіктен көрінуі үшін ата-аналары жағдай жасап жүр. Әмірдің анасы Салтанат Ерубаеваның айтуынша,  ұлын төрт жылдан бері вокал сыныбына қатыстырып келеді. Әмір фортепианода да шебер ойнай алады. Үш жасынан бастап, үлкен сахналарда ән айтқан немересінің талантын байқап, оны алғаш рет атасы Марат Ерубаев өзі жетектеп музыка үйірмесіне алып барған. «Бала өсіп келе  жатқан жас шыбық секілді, оны қай жаққа бағыттасаң, солай бейімделеді. Біз де ұлымыздың қабілетіне қарап, өнер жолына бағыттадық. Талантсыз бала болмайды, оны ата-ана алдымен бақылап, перзентіне жол көрсету керек  деп ойлаймын», – дейді Әмірдің  анасы.

Ал, байқаудың ең жас жүлдегері Санат Асуат – отбасында үш қыздың ең кішісі. Апалы-сіңлілі қыздардың үшеуі де музыка мектебіне қатысады. Студия жетекшісі ата-аналардың сөзін құптап: «Биыл аталған студияның құрылғанына он жыл толып отыр. Бұл аралықта студия шәкірттері талай бәйгелердің алдын бермей келеді. Студияға жазылғысы келетін 6-16 жас аралығындағы өнерлі жас мектептен тыс уақытында тіркеліп, қатысуына болады. Қазір өнерпаздармен жаңажылдық және есеп беру кешіне дайындық үстінде», – дейді.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз