Жарнама
Мәдениет

Кәрима САХАРБАЕВА: «Домбыраны мектепте оқыту  керек»

Қиындықта сүйеу, қуанышта көңіл қанаты болған қара домбыраның қоңыр үні – қанымызда, бебеулеген сарыны – санамызда сақталып, қазақтың ұлттық кодында таңбаланған. Сондықтан атадан балаға аманат болған асыл мұраны қадір тұту – баршаның борышы. Батыс аймақтың күйшілік дәстүріндегі қыз-келіншектер арасында Дина күйшінің ізбасары, сазгерлік өнерді қатар меңгерген Зәмзәм Есжанованың (1913-1993) «Ізбасар жастардың өсіп келе жатқанына қуандым, жігіттердің жолы бөлек, қыздарымның домбырашы-күйшілерінің көбейе беруін тіледім» деген тілегі бүгінде қабыл болғандай.

Ал, күйді шебер орындай білуден гөрі осы ғажайып та сұлу өнерді зерттеуден өмір бойы танбаған еңбекқор қыз-келіншектер де аз емес. Солардың арасында есімі ерекше аталатындардың бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Білім беру ісінің үздігі, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Атырау облысының Құрметті азаматы Кәрима САХАРБАЕВА.

Жуырда ғалым-ұстазбен кездесудің сәті түсіп, өнер саласындағы кейбір түйткілді мәселелер жөнінде әңгіме-дүкен құрған едік. Ендеше, мархабат!

– Кәрима Сүндетқызы, әрбір иірімінде сұңғыла сыр жататын күй-құдіретті перне санамай, бүкіл жүйесін бұзбай тарту үшін сол әуен бойға бала кезден сіңуі керек секілді. Олай десек, домбыраның үні сізге сәби кезіңізден, тіпті құрсақтан бойыңызға дарығандай…

– Құдіреті мол қазақтың күй өнері қадым заманнан дарабоз дарындардың табиғат берген, тектен дарып, құлақтан-құлаққа жеткен орындаушылық үрдісі арқылы ХХ ғасырға жеткені мәлім. Ал, рухани асыл мұра абыз Ахмет Жұбановқа жетіп, одан бері ұстаздарымызбен бізге жалғасты ғой. Жазба мәдениеті жоқ күй киелі болмаса ықылым заманнан бері құрып бітер еді. Бұрынғы күйші ұлылардың баршасы – дүние есігін ашқанда күй жаялығына оранып туғандар, нәресте шағынан құлақтан кіріп, бойын алған әз әуез көкірегіне қонақтаған. Әрине әркімнің ішкі жан-дүниесі, тәңір берген дарыны да әртүрлі, бірінен біріне жалғасқанда өзгеріс болатыны ақиқат. Бірақ керегеден сығалап жүргеннің өзінде көрген-білгенін дәл қабылдап алатын құймақұлақ, қырағы көз мықтылар да болған.

Ахмет Қуанұлы жазып қалдырған мына бір ақиқатты айтайын. Бұл дерек академиктің еңбектерінің көбінде кездеседі. 1933-1934 жылдары Ахмет Жұбанов ел ішіндегі дарабоз орындаушыларды Алматыдағы «Өнершілер слеті» шарасына жинап, шідер үзген шеберлерін жұмысқа қалдырыпты. Қазіргі Құрманғазы атындағы ұлттық оркестрді құрып, дәстүрлі өнер мұраларын солар арқылы жинақтап, музыкалық білімде кәсіби бетбұрысқа бастайды. Күй өнерінің тарихын, өткен күйші-композиторлардың туындыларын хаттап, дұрыс-бұрысын анықтау ісінде де осы елден келген таланттардың пәтуасына сүйенген.

1936 жылы адамға жұғысқыш атыраулық композитор, күйші Смағұл Көшекбаевты ел ішін аралауға жіберіп, Құрманғазының төл шәкірттері Дина шешейді, келесі жылы солақай домбырашы Меңдіғали Сүлейменовті Алматыға алдыртады. Құрманғазы күйлерінің эталондық нұсқаларын анықтау мақсатында екеуін күй тартыстырып: «Қайсыңыздың орындауыңыз ұстазыңызға ұқсайды?», — деп сұраған екен. Сонда күйдің анасы Дина шешеміз: «Меңдіғали тура ұстазша орындайды», — депті. Ал Меңдіғали күйші болса: «Ұстазша орындау қайда-а-а-а, оның қолында домбыра қайысша иленіп кететін» деп, талантқа тән қарапайымдылықпен имене үн қатады. Одан кейін аңыз күйші Оқап Қабиғожин мен Дина шешейді домбыра тартыстырып, «Серпер», «Сарыарқа», басқа да күйлерді тыңдайды. Мұнда да Дина шешей: «Балам, менің алуымда бір шалалық болған шығар, Оқаптың орындағаны дұрыс», — деп соңын күлкіге айналдырып жіберген көрінеді. Өйткені Дина ұстазынан озып, жеке күй шығару және орындаушылық үрдіс қалыптастырған ұлы ғой. Ал, Оқап күйді Құрманғазы бабамыздан тікелей үйренбеген, оның төл шәкірттері Мәмен, Тоғайбайлардан дәріс алған. Бұл екі шәкірті де мықты болып тұр.

Танымал таланттар Оқап Қабиғожин мен Қали Жантілеуов жас кезінде әжептәуір әнші болған. «Бір күні Мәмен мен Динаның күй тартысын күні бойы тыңдадық та, екеуміз де тамақты жыртып ән салуды қойып, күйге көштік», — деген Қали атамыздың бір кездесудегі естелігі есімде қалыпты. Сол Оқаптың нұсқалары бүгінде оркестрде де, жеке орындауда да эталондық үлгі болып қалыптасқан. «Құрсақтан күй дарыған» деп осындай күйшілерді атау керек шығар.

Алдымнан құрсағанда белес бөгет,

Еңсемді көтеремін елес жебеп.

Ойлаймын осы жігіт күй құдайы

Кәдімгі Құрманғазы емес пе деп? — Фариза ақын Қаршыға күйші туралы текке жырлаған жоқ қой, содан ол «Тірі Құрманғазы» атанды. Осылайша халық Сәдуақас Балмағамбетовты «Тірі Қазанғап», Бақыт Қарабалинаны «Тірі Дина», Рысбай Ғабдиевты «Күй қағаны», Әзидолла Есқалиевті «Алтын домбыра», Айтқали Жайымовты «Домбыраның Паганиниі» деп өткен бабалардың өзіне балады. Бұлар – құрсақтан күйге бұланғандар және күйді заманауи үнмен ұштастырған дарабоздар, ол анық.

Ал, домбыраның маған құрсақтан дарығандығы туралы теңеу артықтау болар, бірақ сәби кезімізден осы бір киелі аспапқа аңсарымыз ауғаны шындық. Әке-шешеміз өнерді, өнерліні өте құрмет тұтқан жандар, бізді қолымыздан қаққан жоқ.

Бірде, қалаға көшіп келген соң үйге туыс ағамыз, атыраулық композитор Мақсым Меңкешов келді. Ол кезде Шымкенттің мәдениет институтында оқитын, ән шығарып, баян, домбырамен қостап айтатынын да білеміз. Демалысы бітіп, ертең Шымкентке ұшуы керек еді. Көрші тұратын құданың үйінен баян аспабын сұрай барсақ «Бұзып тастайсыңдар» деп бермеді. Намыстанған әкем қорадағы сауын сиырын бұзауымен базарға апарып сатып, базардан баян, ленталы магнитофон, бас-басымызға домбыра сатып әкелді. Мақсым ағаның ұшу билетін ауыстырып, үш күн ән-күй тыңдап, жаңа әндер және ініміз екеуміз баян үйреніп, қазіргі тілмен айтсақ, нағыз «мастер класс» болды.

Мұның бәрі отбасылық тәрбие ғой. Музыкаға келуімнің де басты себебі әкемнің өнерліні құрмет тұтып, бізбен кездестіруі шығар.

– ХХ ғасырдың дүлдүл домбырашыларын, небір шебер ұстаздардың көзін көріп, олардың күй тартысын тыңдап, тәлім-тәрбиесін де алдыңыз. Десе де солардың ішінен қайсысын ұстаз тұтасыз?

– «Өнерді үйрен де жирен» демекші, менің жүрегімде әрқайсысының өз орыны бар. Алғаш рет домбыраны өз апам Күләштан үйрендім. Өнерге құштарлығымыз сондай, қораға қозы қырқуға барғанда да қолымызда домбыра жүретін, ол үшін апамның таяқ жеген кездері де болды (күледі!).

Нағыз кәсіби домбыра өнеріне бет бұрғандағы ұстаздарым – училищеде Тілеш Бәділов, Боздақ Рзаханов, консерваторияда Хабидолла Тастанов, аспирантурада Құбыш Мұхитов. Еңбек жолымды бастағаннан күйтану, орындаушылық өнерде Қаршыға, Айтқали ағаларымның тәлімін мәңгілік мәйегім деп есептеймін. Олардың еңбектерін, өнерлерін, азаматтық тұлғаларын мақтан етіп, қадірлеймін, құрмет тұтып, әрқашан басымды иемін.

– Күйдің жинақталуы мен оның ғылыми жүйеленуі – қатар жүретін үрдіс. Шебер күйшілер, руханият жанашырлары жайлы көп зерттедіңіз. Құнды еңбектеріңізге арқау болған жандардың сіз үшін жаңалық болған, біз білмейтін тағы қандай қырлары бар екен? Қазіргі жас буын арасынан көзге түсетін кімдерді атауға болады?

– Әрине, жас кезде зерттеудің не екенін білдік деп айта алмаймын. «Алдымыздағы үлкендер зерттеуі керек, күйді де нотаға солар түсіруі тиіс» деп ойладық. «Үлкеннің бетіне тіке қарау жақсылық емес» деген қазақи тәрбиеде өстік қой.

Академик А.Жұбановтың көзін көріп, Алматыға шақырту алған жерлес күйші-композитор Зәмзәм Есжанова туралы дипломдық жұмыс қорғап, консерваторияны қыздар арасынан тұңғыш үздік бітірген менің күйтануға, рухани мұраны зерттеуге қабілетімді байқаған ұстаздарым 1980 жылы аспирантураға түсуге ұсыныс жасады. Бірақ аспирантура әлі ашылмаған еді. Анам ауылға келгенімді қалап, қолымнан жетектеп тұрған Құрманғазы атындағы оркестрдің басшысы Шамғон Қажығалиевке де, «Қазақконцертке» шақырған Әзидолла ағайыма да келісім берген жоқ. Жолдамамен Гурьев музыка училищесіне келіп, көтермеақымды алған соң екі күннен кейін аспирантураға шақырту алдым. Ол кезде жолдаманың жолы ауыр, ректор Ғазиза Ахметқызы Жұбанова Гурьевке өзі хабарласып, мәселені шешіп берді. Сөйтіп, Алматыға келгеніме жарты ғасыр болыпты, аспирантурадан кейін негізгі жұмысқа қалдырды.

Консерваторияда домбырашы, жалпы барлық орындаушылық үрдістегі мамандықтарға зерттеуді, тіпті күйді нотаға түсіруді де ешкім үйретпейтін. Өйткені ондай пән жоқ, өзгесінің бәрі орыс тілінде. Домбырашыларға композиция мамандығынан да хабардар етпейді, себебі әннен бастап күрделі аспаптық шығармалар, симфония, опера жазуды үйрететін арнайы мамандық бар. Сондай қиын шақта бізге сүйеніш болып, осының бәрін өз бетімен үйреткен – консерваториядағы домбыраның алғашқы профессоры, ұстазым Хабидолла Тастанов. Нота жинақтары жоқ болғандықтан, емтихан бағдарламасына жаңа күйлер енгізіп, оны фольклор ғылыми-зерттеу лабораториясынан табуды көздеп, жетекшісі Науша апайға жетектеп апарып таныстырып, тіпті іздеуді де үйрететін. Біз Абдулхамит Ысқақұлы екеуміз жаңа күй іздеуге осылай келдік. Тапқан дүниемізді ұстазымызға апарып беретінбіз. Ол жазғы демалыста өз еліміздегі атақты күйшілерді іздеп тауып, күйлерін үйреніп, барлық дерегін жан-жақты білуге жоспар жасап береді. Менің күйтанушылыққа қызығушылығымды оятып, ой салған ұстаздың көрегендігі. Осы қасиетті шама-шарқымша шәкірттеріме сіңіруге тырысып келемін. Атыраудың тумалары Тұмат Мерғалиев, Қаршыға Ахмедиярұлы, Айтқали Тілепқалиұлы сынды күйтану тарландарының берген тәлімінде шек жоқ.

Меніңше, олардың бәрі де заманына сай өз ісінің білікті мамандары, өнерге деген адалдығы, еңбекқорлығы мен жанкештілігі кіршіксіз. Бірақ әркімнің түйсігі, орындаушылық деңгейі мен теориялық білімі әртүрлі. Біріншіден, күйге өміршеңдік беру үшін күйтанушының өзі мықты орындаушы болуы керек. Осы ерекшелікті әсіресе Қаршыға мен Айтқали ағаларымнан байқадым. Айтқали Тілепқалиұлы – бұл бағытта алғаш қалам ұстатқан ұстазым. Қаршыға аға әуелі күйді іздеп, бүкіл тарихы мен деректерін жинап хаттайды, бойына сіңіріп орындап концерт береді, тыңдарманның сынағынан жақсы өткеннен кейін кітабын шығарады, үн-бейне таспаға жазады. Мұның барлығы – үзілмейтін керуен тартқан жұмыс.

Бұрынғы уақыттағы күй түсіру өлшемі, жазылуы қарапайымдау болатын. Бір жағынан мұны домбыра білмейтін басқа ұлт өкілдері бастағандықтан да болар, олардың кейбірінің күй туралы пікірлері де осы өнердің құдіретін түсінбейтіндігін аңғартушы еді.

Жазып алатын техника жоқ, оның үстіне нота сауаттылығының деңгейі төмен уақытта жалғыз Ақаңның қатты қиналғанын енді ғана біліп жүрміз. Қазір неше түрлі техникалық құрал бар, нотаны компьютермен жазамыз. Алайда бәріміз жабылып жүргенде, абыздың түйемен, атпен айлап, поезбен жүріп жеткен жерлеріне кейде жете алмай, «жалғыз атқарған жұмысының жартысын да еңсере алмадық-ау» деген ойдан өзіміз ұялатын кездер де болады. Қазаққа Алла Ахмет Қуанұлын бермегенде бабалар алдында ұятты болар едік.

Күйде нотаға түсе бермейтін, құлақпен келетін құпиялар өте көп. Сондықтан орындаушы шебер болуы тиіс. Күйдің нотаға түсірілуінде терең білім болуы шарт. Осының бәрін игере білген жандарды өз басым пір тұтамын.

Ал, батыс күйшілік мектебі, оның ішінде Атырауда жастардың ішінде Қуаныш Жұмағали, Сәлімгерей Садықов, Темірбек Хайдардың зерттеушілік ізденісін қолдаймын.

– Негізінен оқу орындарында күйдің көбі нотамен үйретіледі. Қазіргі оқыту әдісінде табиғи құймақұлақтық дағдысы қолданыла ма?

– Дұрыс аңғарып отырсың, екі мәселе де көптен қызу пікірталас туғызып келе жатыр. «Күйді нотамен оқытып, есептетіп табиғатынан, дәстүрден айырдыңдар, күйшілер қалыпқа түсіп қалды» деп музыка тарихы мамандарының домбырашыларды айыптағанына біраз уақыт болды. Бірақ бала күнінен қанға сіңген қасиет ешқашан жойылмайды. Алайда кейде бірқалыптылық немесе оркестрде ұзақ отырған күйшілердің дыбыс әуезіне салақтығы кездесіп жатады. Бұл – үздіксіз жұмыстың жоқтығы.

Қанша жыл оркестрде отырып, күйшілік қасиеттерін сақтаған Қали күйші бастаған Рүстембек, Қаршыға, Айтқали, Бақыт апалар, Айгүлдер жалғастырған мықтылар бар ғой. Олар – нағыз құймақұлақ, табиғи таланттар. Нота жазбасының күйдің тіршілік үнін, мазмұнының арқауын, иірім, әуезін, қала берді әр күйшінің көкірек күйін толық бере алмайтыны шындық. Бірақ онсыз талай мұрадан көз жазып қалар едік қой. Нотаға түсіру арқылы А.Жұбанов бастаған үрдіспен алғашқы шәкірттері, орта буын қанша асыл мұраны сақтап қалды.

Күйді хаттау – үлкен сауаттылық. Кәсіби өнерде оның әшекей-өрнегі (мелизм), дыбыс табиғаты (нюанс), мазмұнымен арқаулас екпіні мен өлшемі, перне тілін сөйлетер дәстүрлі саусақ басу реті мен қағыс жүйесінде мәселе тұнып тұр. Нотамен үйренгеннің өзінде орындаушыдан бұрынғының үнін, иірім-қайырымын естігенде, «Әй, күйші ғой!» деп риза болып қаламыз. Мұндай қасиет ауыл балаларында жиі кездеседі. Бұл жерде де ауыл, қала деп бөлетін болдық. Қаланың балаларын «асфальттың балалары» деп атау қалыптасқан, бірақ олардың ішінде де ұңғыттары бар. Сол себептен нотамен қатар құймақұлақтық әдісін қолданғанымызға да біраз уақыт болды.

Біздің кезімізде әттеген-айлар көп болды ғой. Сабақтың бәрі орысша, нотаны сызғышпен сызып, қара сиямен бірнеше күн жазатынбыз. Сол қиындықты қазіргі ұрпақ көрмесін деп, әсіресе «Халық музыкасын» басқарған жылдары ұжыммен ақылдаса отырып, арнайы «Суырып салма», «Қазақ әдебиетіндегі күй өнері», «Компьютермен нота теру», «Домбыра үйрету әдістері» тәрізді пәндер оқу бағдарламасына енгізілді. Өзге сабақтар да түгел қазақ тілінде оқытылады. Консерваторияда «Репертуар қоры», «Шертпе күй шеберлігі», «Қазанғап мектебі» пәндері, мамандықтың өзінде күйлерді құлақпен үйретіп келеміз. Қазіргі ұрпақ бақытты ғой.

– Қазақ музыкасының ұлы реформаторы Ахмет Жұбанов домбыраны оркестрге қосу үшін дыбыс мөлшерін әлемдік өлшеммен бірдейлендірді. Әсіресе күйді оркестрге түсіріп тартуда нотасыз шабыт биігіне көтерілудің қиын екені рас. Осы арқылы күй өнері жаңа деңгейге көтеріледі деп айта аламыз ба, бұл бағытта біз неден ұтамыз?

– Оркестр үндестігі көп дауыстылық – жаңа бағыт, жаңаша үрдіс, оған халықтың құлағы үйренген. Домбыраның пернесін хроматикалық жүйеге көшірді. Тек домбыра емес, басқа ұлттық аспаптар да дамытылды. Оркестрдің дыбыс палитрасын үлкен сахналарда жалғыз домбыра бере алмағанымен, талай күйшілер жеке орындап қошеметке бөленіп жүр. Бірақ дамудың ешқандай сатысына қарсы тұруға болмайды. Қазақ оркестрі небір шетелдік классиканың күрделі жанрларын да орындап жүрген жоқ па?!

Күй оркестрмен орындау арқылы жаңа биікке баяғыда-ақ көтерілген. Біз бұл бағытта заманауи жан-жақтылығымызбен ұтамыз. Тек күй өнерін ұдайы дамытып отыруды дирижерлер жақсы түсінгені абзал.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Домбыра үйрену сабағын мектепте факультатив ретінде оқыту керек», — деген еді. Біз де газет бетінде домбыра сабағын мектепке бірыңғай оқытылатын пән ретінде енгізуді көтеріп жүрміз. Сіздің ойыңызша бұған қалай қол жеткіземіз?

– Меніңше, мемлекет басшысының әрбір тапсырмасы нақты шешімін табуы керек. Бұл бағытта да науқаншылдық бар. Қазір студиялар саңырауқұлақтай қаптап кетті, әрі онда балалар ақша төлеп оқиды. Оның нәтижесін тексеріп жатқан да ешкім жоқ.

Егер арнайы пән ретінде бір сынып жасындағы балаларға енгізілсе, ой және бой ерекшеліктерінде аса көп айырмашылық болмас еді. Егер топқа емтихан тапсырып өткен балалар саны отыз-қырық оқушыдан аспаса, домбыраны құймақұлақтық, сан жүйесінен бастап, нотамен де үйретсе, кейін музыка маманы болмаса да өзіне керекті ән-күйін жинақтардан үйреніп алады. Сонда құлағы қазақтың ән-жыры мен күйін аңсайтын ұрпақ өсер еді.

Негізі музыкамен айналысқан балалардың математика, тіл, басқа да салаларға жетік болатынын тәжірибеде көріп келеміз. Әр қазақ домбыра білуі шарт. Сондықтан домбыра үйренуді жалпы білім беретін мектепке негізгі пән ретінде енгізіп, оны қазынадан қаржыландырса дұрыс болады деп ойлаймын. Оған Абдулхамит Райымбергеновтің «Мұрагер» бағдарламасы дайын тұрған оқулық болар еді.

– Шілденің бірінші жексенбісі – «Домбыра күні» деп белгіленгеніне он жылға жуықтады. Осы арқылы домбыра арқалаған талантты жастарға демеу көрсеттік. Телеарналарда азайып кеткен ұлттық музыка жобалары қайта жандана бастады. Мол тәжірибеңізден күйді насихаттаудың жүйелі дамуына алып-қосар ұсынысыңыз бар ма?

– Айналайын-ай, ұсынысты күнде айтып жүрміз, бірақ оны тыңдайтын құлақ бар ма?!

Елде таза қазақ тілді, күйді насихаттайтын бірде-бір телеарна жоқ. Егер осы насихат теледидар мен радиодан тәулік бойы айтылса, «дәмі жоқ» эстрадалық әндер мен сериалдарға тыйым болар еді ғой. Мен тәрбиелік мәні бар кейбір эстрадалық әндерді, жалпы бұл өнердің саусақпен санарлық мықтыларын түбегейлі жоққа шығарудан аулақпын. Арасында жақсы жобалар да жоқ емес, бірақ өмірі қысқа. Оның үстіне жоба авторлары кейде нағыз орындаушыларды таңдай алмайды. Оларға біздің ақыл-кеңесіміздің қажеті де жоқ, өздері ғана бағынатын «шарттары» бар. Сосын ешбір сыни көзқарас айтылмайды.

Сондықтан дәстүрлі музыка, әсіресе күй тақырыбында жеке арна ашылмаса, біздің шырылдаған үнімізді жоғарыдағылар естімейді деп ойлаймын.

– Қазақтың қара домбырасын үйретіп, оны насихаттау жолында аянбай тер төгіп келесіз. Бұл бағытта әлі береріңіз де көп қой. Дегенмен, орындалмаған арманыңыз бар ма?

– «Арман алдамайды» дейді біреу, енді біреу «арманға қол жетпейді» дейді. Меніңше, арман – шексіз қиял әлемі, ал армандамайтын адам – қанатсыз құспен тең, адамзат құлқынан ада тіршілік. Әйтсе де ойлағаныңның бәріне қол жете бермейтіні де рас. Шын таланттардың да кейде жолы болмай жатады, оның себептері де көп.

Әрине, армандау – алдыңа мақсат қоя білу. Егер осы жолдағы еңбектің өзіңнің де, елдің де кәдесіне асқаны – армандаған мақсат-жоспардың орындалғаны, көздеген меженің алдамағаны деп түсінемін. Бүгінде елдің қажетіне жараған азды-көпті еңбегіме, талантты шәкірттерім мен өсіп келе жатқан бала-шағама қарап, осыған көзім жеткендей болады.

Дейтұрғанмен, «күйдің Отаны» саналатын Атырауда елді өнерімен таңғалдыратын өнерпаздардың басын қосса, шіркін. Күй мен мұнайдың өз жерімізден шығатынын айтып мақтанамыз. Бірақ басқа облыстар 1000, 1500, тіпті жақында Астанада 3500 домбырашы бір мезетте күй орындап, Гиннес рекордтар кітабына еніпті. Ал, осындай шараны республика бойынша тұңғыш рет 1958 жылы ұстазымыз Сейілхан Құсайынов Гурьевтің стадионында ұйымдастырып еді. Оған қолдау жасаған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов болатын. Бұған сурет те, тарихи дерек те жеткілікті.

2006 жылы Алматының бас алаңында 400, кейін 600 домбырашыны Қаршыға Ахмедиярұлымен бірге ұйымдастырғанбыз. Енді Атырауда 4-8 мың домбырашының бір мезетте басын қоссақ деген арман ерте басталған.

Міне, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы келе жатыр. Соған орайластырып, халық күйі «Кеңес», Дина шешейдің «Жеңіс», басқа да патриоттық тақырыптағы күйлерді домбырамен орындатса деп армандап жүрмін.

«Атырауда домбыра тартпайтын адам жоқ» екенін академик Жұбанов та айтып кетпеп пе еді. Ендеше, жалпы білім беретін және өнер мектептері, жекеменшік студиялар, музыка колледжі, университет, оркестр, ансамбльдер, әртүрлі мекемелердегі таланттар, ардагерлер, басқа да өнерпаздардың басын қосып, Атыраудың шын мәніндегі күйдің Отаны екенін неге дәлелдемеске?!

Кейде менің ой-жоспарларымды пысықайлар қолданып кетіп жатады, мейлі іске асса болғаны да. «Қазақстан» ұлттық телеарнасында, әр облыста күнделікті дәстүрлі музыка, күй шалқып жататын арна болса, шіркін-ай. Республика бойынша қордаланған бұрынғы және қазіргі заман күйлерінің жинақ альбомын шығарсақ.

Арман арқалаған жоспар, орындалуы мұнарлы үміт өте көп. Себебі олар  бұрыннан жоспарланып әлі шешімін таппаған мәселелер. Қорытындысы қол жеткізбей тұр.

– Әйел адамның ең бірінші міндеті – келін, жар, ана болу десек, оның әрқайсысының көтерер жүгі де аз емес. Отбасы мен ағайын-туыстың ұйытқысы болу да бір міндет. Қазақ әйелдерінің өзі сүйген мамандығын да игеріп, қоғамнан да орнын тауып, елге, ұлтқа қызмет жасауы жағынан нағыз ерлікке пара-пар әрекетін атап өткен жөн. Сіз де осынша міндетті бір бойына сыйдырған сегіз қырлы, бір сырлы жансыз. Мұның сыры неде?

– Айналайын Еркеназ, әйел затына Тәңірден бұйырған парыздардың бәрін де жанұядан дарыған тәрбиелік ұстанымыммен атқардым. Атам мен енем қадірлеп, бірге тұрмасам да, демалысқа барғанда күтіп отыратын. Басқа келіндері болса да, он перзент сүйген енем марқұм бала-шағасына «Менің қазанымды ұстайтын осы келінім болады» дейді екен. Атам Қалилаханов Тәңірберген – тарихшы, жазушы, ақын Сараны тірілтіп, Әсет Найманбаев, Ілияс Жансүгіров, басқа да айтулы қайраткерлерді зерттеген әрі өнерлі, ел басқарған адам. Ауылға барғанда қазан-ошақтан гөрі, жұмыстарын оқытып, пікірімді сұрайтын. Шәйдан кейін енем екеуі домбыра тартқызады, соған қарағанда жағымды келін болған шығармын.

Марқұм отағасының мамандығы аудитор, бірнеше жоғары білімі болды. Өте ұстамды, білімді, жанұяға жайлы жан еді, менің жұмысыма да көмектесіп, үш баламызды тәрбиелеуде ерекше үлесін қосты.

Келін де, жар да, ана да, маман да болып, консерваторияның үлкен факультетін он алты жыл басқаруыма да еңбекқорлық пен адалдыққа, адамдарды алаламауға үйреткен әке-шешемнің тәлім мектебі, ұстаздарымның және осы жылдарда жанымда болған жақсы адамдардың тәрбие-өнегесі ықпал еткен шығар. Өнер саласында небір бірегейлермен жұмыстас, таныс болдым. Басқару оңай болған жоқ, тіл таба білдім, тіке айтып жақпай қалатын нашар мінезім де бар. Дегенмен еліме риясыз, бар болмысыммен шама-шарқымша қызмет етіп келемін. Бағасын да халқым берер.

– Атырауға жиі келіп тұрасыз ба? Сізді мақтан тұтатын, өнеріңізді жоғары бағалайтын жерлестеріңізге қандай сәлем жолдайсыз?

– Әрине, туған жерге кім-кімнің де аңсары ауып тұрады. Тек туысқандардың той-топырына бара бермеймін, уақытым шектеулі. Бізді шақыратын дәстүрлі музыка, күйшілердің конкурстары, мерейтойлары тәрізді шараларға қатысамын. Ол да кейбір жылдары мүлде сирек. Бірақ жан-тәніммен елімді жақсы көремін, атыраулық болғанымды аса мақтан тұтамын.

Нарынқұмда туып-өсіп, домбырамды арқалап күншығыста жүргеніме жарты ғасыр өтсе де, Атырау үшін бір кісідей еңбек сіңіріп келемін деп ойлаймын. Тәлім берген шәкірттерім өте көп. Атыраудың өзінде 40-қа жуық шәкіртім бар. Бард ақын Табылдының да алғашқы әндер жинағын шәкіртім Сәлімгерей Садықовпен бірге қаттап, «Өлке» баспасының қолдауымен шығарып беріп едік. 780 беттік «Атырау – ән-күй мұхиты» атты жинағымды Алматы ғалымдары энциклопедия немесе монография деп атайды. Сондай-ақ «Мұнайлы өлке жақұттары» көптомдығының бес томдығын құрастырып, Атырау өңірінен шыққан барлық музыканттар туралы жазғанмын. Бұл – менің туған жерге тұрғызған ескерткішім, перзенттік парызым деп ойлаймын. Одан басқа 30-ға тарта еңбегім бар. Атырауға қатысты кез келген мәселеде қол ұшын созып, ақыл-кеңесімді аямаймын. Тіпті колледждегі ұстаз шәкірттерім өз оқушыларын шеберлік сабақтарына жібереді, тыңдап, бағдарламаларын жасап әркез көмектесемін. Күймен боздаған боталарды ұлы керуенге ілестіруге жанымды салып келемін.

Соның бәрін бағалағаны деп ойлаймын, кеш болса да былтыр облыс әкімі Серік Шәпкеновтің қолынан «Атырау облысының Құрметті азаматы» деген атақ алдым. Мен үшін бұл зор дәреже, басқа ресми марапаттарымнан да ыстық көрінеді.

Елдің амандығын тілеймін. Өткен жылы су тасқыны болғанда қолдан келген көмегімізді жіберіп, күндіз-түні хабарласып отырдық. Көлденеңнен аман болайық. Атырауымның абыройы асқақтай берсін!

– Риясыз әңгімеңізге көп рақмет, Кәрима апа. Өміріңізде шұғылалы сәттер көп болып, қазақтың өнері өрлей бергей!

– Айтқаның келсін, айналайын!

Сұхбаттасқан Еркеназ ҚАЛИЖАН

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button