кози Логотип

«Қазақтың оюлары-ай…»

Жаңалықтар Мәдениет

«Кез келген жағдайда адамдар үшін өзекті мәселе болып қала беретін даусыз құндылықтар әрқашан болған және бола береді. Олардың қатарына руханият пен мәдени мұра жатады. Ал, осы негіз қалаушы құндылықтардан айырылып қалмағанымыз біздің ең басты байлығымыз болып табылады»                       

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

%d0%ba%d0%be%d0%bd%d0%b5%d0%bd%d0%b8%d0%bd-%d0%ba%d0%be%d0%b7%d0%b8-%d0%bb%d0%be%d0%b3%d0%be%d1%82%d0%b8%d0%bf

Ою-өрнек өнері – халқымыздың ауыз әдебиеті секілді тұнған шежіре. Ықылым замандарда ата-бабаларымыз ен далада табиғатқа қарап, ию мен қиюын келтіріп бейнелер жасайтын болған. Тұрмысқа қажетті заттар мен әшекей бұйымдары жасалуына қарай «сүйек ою өнері», «ағаш ою өнері» деп бөлген.

Сүйек ою сүйекті өңдеу арқылы жасалады.  Тағалар, қапсырмалар, ат әбзелінің әшекейлері, әйелдердің әшекей бұйымдары, еңбек құралдары Қазақстан аумағында қола мен ерте темір дәуірінен бар. Осы қолөнердің негізгі дәстүрлері ХІХ ғасырдың басы – ХХ ғасырдың аяғына дейін өзінің сабақтастығын үзген жоқ.

Сүйекпен көркем ою салу өнері күнделікті тұрмыста мей-лінше кең тараған. Соның ішінде Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстары шеберлерінің біраз үлгілері бүгінге жеткен.

Мұны біздер облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қорында жинақталған жәдігерлерден көре аламыз.

%d0%ba%d0%be%d0%bd%d0%b5%d0%bd%d0%b8%d0%bd-%d0%ba%d0%be%d0%b7%d0%b8

 Сүйек пен күміспен өрнектелген домбыра

Мұражай қорына 1975 жылы тапсырылған. Домбыра шамамен ХІХ ғасырдың басында (1800 жылдары) жасалған. Ағаш  домбыраның сыртына күміс пен сүйек пластинкаларын уақ шегелермен қаптаған. Батыс Қазақстандық үлгідегі өрнекпен  әшекейленген.

 ХХ ғасырдың орта тұсында сүйек пен жезбен өрнектелген ақбас ер үзеңгісі 

Өте сәнді етіп бірнеше бөлек ағаштардан қиыстырылып жасалған. Алдыңғы қасы биік, үшкірленіп тік келген, сүйекпен қапталған – ақбас ер.  Бұл ердің алды-арты бірдей сүйектеліп әшекейленген.

%d0%ba%d0%be%d0%bd%d0%b5%d0%bd%d0%b8%d0%bd-%d0%ba%d0%be%d0%b7%d0%b81

ХІХ ғасырдағы сүйекпен, жезбен өрнектелген шәй сандық

Көне жиһаздардың бірі. Ұзатылған қыздарға арнайы дайындалатын қол сандықтар. Бұлардың қасбеттері, екі жаны және қақпақтарының төбесі түгелдей сүйектелген.

ХІХ ғасырдың басындағы сүйектелген секер шаққыш

Бұл асүй тұрмысында секер шағуға пайдаланылған. Ағаштан жасалынған секер шаққыштың пішіні сопақша құмыра тәрізді. Сыртын сүйекпен қаптап, үстіне жезден сопақша және дөңгелек пішінді өрнектермен әшекейлеп, сыртын уақ шегемен бекіткен. Секерді шағу үшін бас жағына темірден ілмешек жасаған.

ХІХ ғасырдағы сүйектен өрнектелген ағаш төсек

Ажыратылып, құрастырылатын үй жиһазы.

ХХ ғасырдың 40-50 жылдарына жататын сүйекпен, күміспен ағашқа өрнектелген қозықұйрық ер 

Ердің басы шошайып, соңы дөңгеленіп келгендіктен «қозықұйрық ер» деп аталады.

Ою-өрнектер тоқыма бұйымдарға да салынған. Мысалы текемет, бау-басқұр, сырмақ, киіз үйлерді атауға болады. Мұражай қорында жинақталған олардың сан алуан түрлері бар. Сырмақ, ақкиіз, тықыр және түкті бау-басқұр,  қоржындар бар.

Жалпы, оюдың адам баласына тигізер әсері көп. Ол адамның ойын бір жүйеге келтіреді, денсаулыққа пайдалы жағы да бар. Жүйке қызметін ретке келтіруге, ашуды, қайғыны басуға ықпал етеді.

«Атамыз шығармашылық жұмыс үстінде жазып отырған еңбегі өнімсіз болған кезде, лезде қолына қағаз, қайшы алып ою оя бастайды. Шашыраған ойы жинақталып, жанына жігер бітіп шығармасын қайта қолға алады», – дейді Зейнеп Ахметова Бауыржан Момышұлы жайында жазған естеліктерінің бірінде.

Бауыржан Момышұлы  жас ұрпаққа былай деп батасын беріпті:

Жас ұрпақ өмірлі болсын,

Тұрмысы көңілді болсын,

Ата-анаға мейірлі болсын,

Ағайын-туысқа пейілді болсын,

Өнер-білімге зейінді болсын,

Он саусағынан өнер тамған

Оюшы шебер болсын…

Міне, атадан балаға жеткен қазақтың ою-өрнегі бүгін де жойылып кеткен жоқ. Керісінше,  заман талабына сай жаңаша жаңғырып келеді.

Светлана НҰРПЕЙІСОВА,

облыстық тарихи-

өлкетану мұражайының

қызметкері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған