ШЕРУДЕН ОРАЛҒАН ШАНДОЗДАР

Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай Елордада өткен Жеңіс шеруіне қатысушы атыраулық он екі соғыс ардагері мамырдың 10-ы күні таңертең ұшақпен Атырауға келді.

Атырау әуежайында қарт майдангерлерді қарсы алуға облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Дүйсембаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Ризуанов, қала әкімінің орынбасарлары және басқа да ресми адамдар мен ардагерлердің туыстары келді. Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның үрмелі аспаптар оркестрінің орындауындағы «Жеңіс күні» әнінің әуені ырғағында ұшақ басқышынан түсіп келе жатқан ардагерлерді гүл шоқтарымен қарсы алды. Туған топыраққа табан тіреген майдангерлердің қай-қайсысының да көңілдері көтеріңкі, жүздері жарқын. Бәрі де Астанадағы Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар мерекесіне арналған әскери шерудің өте жоғары деңгейде өткендігін, одан мол әсер алғандығын айтып жатыр.

Қарт майдангер Орынғали Қарасаев: «Мен Тәуелсіз еліміздің берік қорғаны болуға лайықты әскери күшіміздің барына, қуатты техникасы мен оларды тізгіндеген сарбаздарының шыңдалған шеберліктеріне тәнті болдым. Бұл техникалар мен әскери ұшақтарды қазақ жігіттерінің басқарғандығы қуантады» десе, жылыойлық ардагер Әбдірахман Елеубаев: «Жеңіс мерекесі қарсаңында Елбасы Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталуым, бұл мемлекеттік награданы Астана төріндегі салтанатта Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының қолынан алуым – менің ең бақытты сәтім болды. Бейбітші-лігіміз баянды болсын. Кейінгі ұрпақтарымыз соғысты көрмесе екен», – деген тілегін жеткізді.

Әуежайдың VIP залында майдангерлер Астанадағы әскери шеруден алған әсерлерімен бөлісіп, өздеріне барлық жағдай жасаған жергілікті билік өкілдеріне ризашылықтарын білдірді.

Бақытжан ХАМИТҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз