ЕДІЛ МЕН ЖАЙЫҚТЫ ӘНІМЕН ЖАЛҒАҒАН
С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде өткен шараны, оның директоры Берік Тілегенов жүргізді. Әр адамға сөз берер алдында І.Жақановтың шығармашылығы мен шыққан биігі жайында сөз қозғап, таныстырып отырды. Сазгерді алғашқы болып құттықтаған аудан әкімі Амангелді Барақатов құрманғазылықтар атынан «қош келдіңін» айтты
— Ілия ағамыз — ел рухы мен болмысынан жаралған, Тәңір берген талантты аялай білген, тамаша қаламгер жазушы, қазақ жерін талмай шарлап, сергек кезіп, өнер тарихын зерттеген ғалым, дала мұңы мен сырын ән әуеніне айналдырған дарынды композитор. Ұлтымыздың өз дәуірінде болмыс табиғатына лайық жетілген тұсы елуінші жылдардың аяғында өзінің әндерімен жұртты елең еткізген сыршыл сазгер Ілия Жақанов іле-шала әдебиет саласында да сәтті қадамымен танылды. Содан бері тарих, зерттеушілік, көркемсурет саласында, ән әлемінде жемісті еңбек етіп келеді. Музыка тарихының алтын қорына қосылған көптеген лирикалық әндердің авторы. Еліміздің 12 таланты туралы жазылған әңгіме-новеллалары, романдары өнерсүйер қауымның жүрегіне жол тапқан туындылар екені сөзсіз. Әсіресе, оның қазақ музыка өнерінің тарихын зерттеп, насихаттаудағы айрықша еңбегін жоғары бағалаймыз, — деген Амангелді Кеңесұлы Ілия Жақановқа шапан жауып, ат мінгізді.
Раушан Сәрсенова орындаған “Теміртау түні” әніне ризашылық білдірген Ілия ағамыз, оның 2001 жылы Теміртау қаласында жазылғанын, аталмыш қалада Елбасымыздың жастық шағы өткенін еске салды.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, белгілі драматург Рақымжан Отарбаев: — Кеше бұл қазақ бәйгеге ат қосып, әрқайсысы бір-бір аттың тілеуін тілеп отырған. Ал бүгін ел боламыз десек, алдыңғы ағалардың тілеуін тілеп, соның басы-қасында жүруіміз қажет. Өнер бәйгесінде, әнде, зерттеушілікте, шығарма жазуда қайта-қайта озық шыққан ақбоз тұлпар бүгін ортамызда. Бұл Ілақаңды мен білгелі — 30 жыл. Алматыда бұл кісі Қазақ радиосының музыка редакциясының бас редакторы кезінде, біз әдеби драманың кішкентай ғана қызметкері едік.
Халқымызда “Өзі зордың көлеңкесі зор” деген бар, біз ағамыздың көлеңкесін саялаймыз. Бішкекте 5 жылдай дипломатиялық жұмыста болғанда бұл кісіні жаңа қырынан тани түскендеймін. Неге десеңіз, Қырғызстан теледидары мен радиосынан Ілақаңның “Әселім”, “Жайлаукөл кештері”, “Даниярдың әні” атты шығармалары үнемі беріледі де жатады. Ілия аға жайында әуезді әңгіме айтып, дарынын құрметтейтіндердің бірі – әлем әдебиетінің алыбы Шыңғыс Айтматов еді. “Сенің мына Ілия ағаң ғажап қой” дейтін ол кісі. Ағамыз қазақтың рухын асқақтатып, парасатын биіктетіп, “Парасат” орденімен марапатталса, қырғыздар бізден бұрын “Дәнекер” орденімен ұлығылап, Қырғыздың қайраткері атандырды. Сөйткен ағамыз туған топырағына келіп, елімен қауышуда. Туған топырағыңыз дейтінім, арғы атаңыз Шора осында туған, зираты біздің жерде. Өңірімізден 3-4 ғасыр бұрын көшкендерден жалғыз сіз ғана “Елім, жерім” деп аруанадай арқырап жетіп, қасиетті Құрманғазы жеріне қадам бастыңыз. Сіз қазаққа 40-50 жылдан бері тамаша туындылар сыйлаудасыз. Сәтті сапарыңыз болсын!
— Ілиядай алып дарын иесі ағамызды елге шақырып, қошемет көрсетіп жатқан аудан басшылығына көп рахмет. Қай аудан, қай облыс еліміздің осындай тұлғаларын халқымен қауыштырып жатырғанын көрдік? Әндерін әртүрлі концерттерде айтатын шығар, кітапханаларда және т.б. жерлерде кездесулер ұйымдастырар. Шығармаларынан үзінділер оқыр. Бірақ, сол дарынды перзентін еліне шақырып, осындай құрмет көрсететіндер некен-саяқ. Бүгінгідей шара ұйымдастырғандарыңызға ризамыз. Аға, ұзақ жасап, өзіңізді сыйлайтын елдің құрметіне бөлене беріңіз, — деді шын жүректен шыққан жылы лебізін ақтарған “Атырау-Ақпарат” ЖШС директоры Төлеген Берішбай.
Өз сөзінде облыстық “Атырау” газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов: — Үлкен шара ұйымдастырып, қошемет көрсетіп жатқан аудан басшыларына, ауылдың зиялы ағаларына, Ілия ағамызға қосшы боп келіп жатырғандықтан үлкен рахмет айтамын. Менің бір әріптесім, “Алматы ақшамы” газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай Жақанов туралы өзінің кітаптарында “Жоқ іздеген Жақанов” деп жазыпты. Ол – өнер туындыларын зерттеп жүрген журналист. Шынымен де, бұл аға — жоқ іздеген Жақанов. “Жоқ” дегенде дүние байлығын немесе өтпелі нәрсені іздемейді. Өнердің көзі – қат туындыларын тауып, жоғалуға жақындаған жақұттарды зерттеп, қайта жаңғыртып, оның тарихын халыққа жеткізіп жүрген үлкен тұлға. Соңғы 5-6 жыл көлемінде іргелес біраз елде болдым. Сонда Ілақаңа деген халықтың қошеметі ерекше екенін байқадым. Туған жерінде Сарысудың Ақтоғай ауылына да бардым. Қандай жерде туып-өскенін, дарынның қалай дарығанын сол жердің сұлу табиғатын көргенде еріксіз мойындайсың. Ілия Жақанов халықтың қошеметін өзінің еңбегімен тапты. Сондықтан Ілақаңды менің ойымша мақтаудың қажеті жоқ, біз онымен мақтануымыз керек деп есептеймін, — деді.
“Оралдың ерке самалын” шырқаған Нұрлан Мертаевтың да өнері көңілінен шыққан сазгер, әннің Оралға барғанда “Еділ-Жайық” циклінен жазылғанын баяндады.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев аудан ардагерлері атынан ұзақ өмір, шығармашылық табыс тілеп, шағын ескерткіш сыйлығын І.Жақановқа табыс етті.
“Жайлаукөл кештері” әнін Жалғас Сағындықов орындағаннан кейін ән авторы Ілия ағамыз оның орыстың “Подмосковные вечера” әніне еліктеп жазылғанын қызықты әңгімеледі.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Гуманитарлық академиясының академигі Өмірзақ Қажымғалиев өз сөзінде: — Жақында бір кітаптарды қарап отырсам, Ілекең Президенттің құшағында тұр. Сол фотоны көргенде: “Ілекең Президенттің құшағына сыяр, басқа адамның құшағына сыймайды-ау” деп ойладым. Өзін емес, дарынын айтып отырмын. Себебі, 200-дің үстінде әнді өмірге келтірген. Қандай әнін алып қарасақ та, ұлттық нақыш бар. Жібектей жұмсақ тиіп, жақсы әсер етеді. Өйткені онда арман, махаббат ұялаған. Терең мағыналы, биік шыңдай керемет. Оның өлеңдері – халық жүрегіне жол тапқан шығармалар. Тек сазгер ғана емес, еліне қадірменді жан.
Президенттің өзі Ілекеңмен қосылып ән айтқан. Басқа кім мұндай құрметке қол жеткізген еді? Осындай тұлғаның ауданымызға ат басын бұрғанының өзі — үлкен дәреже. Ілекең туралы қалай айтсақ та, оған қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Кезінде Кеңестер Одағының үздік журналисі атанса, бүгінде музыканы зерттеген еңбегі үшін өз саласының Корифейі десек те жарасады, — дей келе, “Мақаш” ӨК төрағасы Ж.Әбілқайыровпен бірге І.Жақановқа ат мінгізді.
Қайыржан Сидәлиев есімді талапкер оқушы І.Жақанов шығармасынан үзінді оқыды. Өнерпаз Ж.Сағындықов “Әселім” әнін орындады. Сахна төріне көтерілген М.Әуезов орта мектебінің директоры Жұмақай Ғұмаров, Д.Нұрпейісова атындағы саз мектебінің директоры И.Хабибуллин жүрекжарды тілектерін жеткізді, сыйлықтарын табыс етті. С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары Ж.Нәрешов пен З.Қуанышқызы сазгердің “Нені ойладың”, “Асылым” әндерін көрерменге тарту етті.
Кездесудің басты кейіпкері сазгер Ілия Жақанов өз сөзінде: — Менің атыма қаншама жылы сөздер айтып жатырсыздар, ол үшін бәріңізге рахмет. 60 жылдық торқалы тойым Ақтөбе мен Атырауда өтті. Сонда әріптесім, жазушы Мұхтар Мағауин маған: “Тама деген – үлкен ел. Тарихы әріде жатыр. Қонысы Жайық бойында екен ғой. Сізге көрсетіп жатырған құрметі қандай керемет. Ілеке, сіз мені еліме алып барыңызшы. Қанша ай болды, біздің өлке басшылығы, мені танитын бір пенде бой көрсетпеді. Өз өлкеме өзім бара алмай жүрмін” деді мұңын шағып. Міне, осындай сұмдықты естідім. Мағауин атақты жазушы. Қазақтың тарихын көтеріп жүр. Өзіндік жолы, орны, абыройы бар.
Атырауға келгелі құрметті барлық жерден көріп келемін, -деп тебірене сөйлеген Ілия ағамыз өзінің бір топ кітаптарын аудан әкімі А.Барақатовқа, жазушы Ө.Қажымғалиевке, аудандық мәдениет үйінің директоры Б.Тілегеновке сыйлады.
Ертеңіне І.Жақанов бастаған ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері көршілес Астрахан облысына аттанды. Онда Кіші арал елді мекеніндегі Сейіт баба басына барып, Алтынжардағы Құрманғазы мұражайында болып, қандастарымызбен дидарласты. Келгеннен кейін Мақаш селолық округінде болып, тұрғындармен кездесті.
Қанат ҒҰМАРОВ,
Құрманғазы ауданы.