«Дала бояуы»: ұлттық өнердің сырлы әлемі
Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, белгілі қылқалам шебері Сәрсенбай Әлиевтің 70 жылдық мерейтойына арналған «Дала бояуы» тақырыбындағы шығармашылық көрмесі өтті.
Іс-шараның мақсаты — Сәрсенбай Сәлменұлының бейнелеу өнеріндегі шығармашылығын насихаттау, қылқалам шеберінің жеке және өнер музейі қорында сақталған туындыларымен көрерменді кеңінен таныстыру.
Автордың тың туындылары қойылған көрменің салтанатты ашылу рәсімінде облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов мерейтой иесін құттықтап, Алғыс хат табыс етті.
Қазақстан Суретшілер және Еуразиялық Дизайнерлер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Тұран» халықаралық көркемөнер сыйлығының лауреаты, қауымдастырылған профессор Қуандық Мәдіров, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, Еуразия Дизайнерлер Одағының мүшесі Отарбай Кендр құттықтап сөз сөйледі.
Шығармашылық көрмеге Сәрсенбай Әлиевтің бір топ әріптестері, замандастары, өңірдің әр түкпірінен қыл қалам шеберлері өздерінің жүрекжарды тілегін жолдап, жиналған көрермен автордың туындылары қойылған көрмені тамашалады.
Тоғжан ЕРМЕК