Атырауда жас ақындар мүшәйрасы өтті (+ФОТО)

img 20220511 wa0049 ФОТОГАЛЕРЕЯ

Биыл – қазақтың батыр қызы, ұшқыш Хиуаз Доспанованың туғанына ғасыр толды. Ұлы Отан соғысында қаһармандығымен көзге түсіп, жау әскерін жермен-жексен еткен қазақ қызы туралы білмейтін адам жоқ.

Атырауда Халық қаһарманы, ұшқыш Хиуаз Доспанованың 100 жылдығына арналған облыстық жас ақындар мүшәйрасы өтті. Байқаудың бірінші кезеңінде қатысушылар қанатты қыздың кемеңгерлік тұлғасын, батылдығы мен ерлігін насихаттайтын өлеңдерін оқыды. Ал, екінші кезеңде жас ақындар ел бірлігі мен татулығын арқау еткен жыр шумақтарын байқау барысында жазып, оны импровизациялық қабілетпен оқып беру керек болды.

Жыр жауһарларының өрілген өткір ойлары әділқазылар алқасына ұсынылып, барлығы 14 қатысушының еңбегі сараланды. Дода қорытындысы бойынша Нұрдәулет Жылқышы (Қызылқоға ауданы), Еркебұлан Зинеденов (Исатай), Нұрлыбек Амандықов (Жылыой ауданы)  – III орын иеленсе, Бөгетбай Иманғали (Атырау қаласы) мен Әзілхан Құралбай (Махамбет ауданы) – II орынды орынды қанағат тұтты. Ал, Ақтілек Абаева (Құрманғазы ауданы) – I орынға лайықты деп танылды. Бас жүлдені  қарсыластарынан бәсі басым болып, өлеңі жоғары бағаланған Фариза Жетпісбаева (Атырау қаласы) қанжығалады.

Жыр мүшәйрасының басқа қатысушылары да арнайы дипломдармен марапатталды.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз