КӨПЕН КӨКТЕМДЕ КЕЛЕДІ!..

«Атыраулықтар «ғали» деген тіркесті жиі қолданады. Атырауға Көпен болып келіп, Көпенғали болып кері қайтып барам». Бұл белгілі журналист, сықақшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығы мен халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері және сатиралық «Ара» газетінің редакторы Көпен Әмірбектің мұнайлы өлкеге бір кездері келгенде айтып кеткен қалжыңы болатын. Енді араға 15 жыл салып, ағамыз Атырау өңіріне тағы да ат басын тіреді. Елге келгенін ести сала, оны редакциямызға шақырып, сұхбаттасуды жөн көрдік.

 

Көпен аға, ең алдымен, Атырауға келудегі мақсатыңызбен бөліссеңіз.

– Ата-бабамыздан қалған «қарға тамырлы қазақ» деген бір дана сөз бар. Осыдан бірер ай бұрын Атырау өңіріндегі Құлсары қаласынан қыз алып, құдандалы болдық. Енді сол құдаларымыз басқа өңірдің қызын алып, қан араласып, келін түсіріп жатыр. Осы жолы Атырауға құдаларымызбен қуанышпен бөлісуге келдім.

Ал, мұндағы шығармашылық бағытта жұртшылықпен жүздесуге қашан келмек ойыңыз бар?

– Осы жолы облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанмен кездейсоқ кездесіп қалған едім. Ол да: «Аға, қандай бұйымтайыңыз бар?» деп сұрады. Мен келген мақсатымды айттым. «Қазіргі таңда көңілді тапқыштар клубы, әзіл-сықақ театрлары бүгінгі жастардың көзқарастарына, қалауларына сай өнер көрсетуде. Алайда, Евгений Петросян, Михаил Задорнов, Михаил Жванецкий сияқты орыс театры сахнасынан түспейтін айтары мол ғажайып сатираны ел сағынады. Сондай қазақ сатирасын да ел аңсайтын секілді. Атырауға шығармашылық мақсатпен келсеңіз» деген ұсынысын жеткізді ол. Осы орайда, маған бір ой келді. Сол ұмытылып бара жатқан «Көпен келе жатыр» деген тақырыппен тоң жібіп, қар еріп, бәйшешек гүл жарып, көктем жеткен мезгілде Атырауға келуді ұйғарып отырмын. Өзіммен бірге қазақ тілінде еркін сөйлейтін Өзбекстанның, Қырғызстанның сайыпқыран сатириктерін ертіп әкеліп, халықаралық дәрежеде күлкі кешін өткізуді жоспарлап отырмыз.

Өзіңіз атын атап өткен «Көпен келе жатыр» пародия театры да Атырау сахнасында өнер көрсететін бола ма?

– Міндетті түрде бірге келеді. Бірақ, алдымен, үлкен дайындық жұмыстарын жүргізу қажет. Шынын айтқанда, қазіргі таңда сатирамыз отбасы – ошақ қасы, қыз бен жігіт, кемпір мен шал тақырыптары шеңберінен ұзап шыға алмай қалды. Үлкен қоғамдық мәні бар, әлеуметтік жүк арқалаған, әдемі, әспетті әзілдер бүгінгі таңда жоғалып кетті десе де болады. Сондықтан, тек ел аралау үшін ғана емес, халықтың көкейінде жүрген көзқарастарды, жүректің түбінде жатқан біраз нәрселерді әдемі тілмен сахнаға шығару маңызды. Көркем дүниенің маңызын халық санасына сіңіре білсең, бұдан асқан бақыт жоқ.

Сіз өндіріс саласымен қоса, өнері де кеңінен дамыған бұл өңірде бұрын-соңды болдыңыз ғой…

– Иә, осыдан 15 жыл бұрын осында болып, алты-жеті ауданды аралағанымыз бар. Атырау қаласында да дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде «Көпен келе жатыр» атты әзіл-сықақ кеші өтті. Сол сапардан соң журналистерге берген сұхбатымда: «Атыраулықтар кез келген есімге «ғали», «қали» деген тіркестерді қоса береді. Мәселен, Берікқали, Сәрсенғали, Исламғали және тағы басқалар. Мен де Атырауға Көпен болып келіп, Көпенғали болып кетіп барам» деген едім. Содан кейін батыс өлкесінен шыққан достарым мені Көпенғали деп атап кетті.

Негізінен, 1979 жылы Атырауға ең алғаш рет ат ізін салдым. Сол кезде азуын айға білеген саяси-сатиралық «Ара» журналында фельетоншы болып жұмыс жасап жүріп, облыс прокуроры О.Боранбаевтан сұхбат алып кеттім. Бұдан кейін 1983 жылы Атырау өңірінде «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш» газетінің) апталығы өткен болатын. Қызылқоға ауданына барып, халықпен кездестік. Топ құрамында Алаштың ақын қызы Фариза Оңғарсынова, белгілі жазушы Мереке Құлкенов, күйші Шәміл Әбілтаев, белгілі спорт журналисі Сұлтанғали Қаратаев, атақты палуан Әбілсейіт Айқанов та болды. Тайсойған, Миялы, Сағыз елді мекендерін аралап, малшылармен, еңбекшілерімен кездесіп, ерекше әсер алып қайтқан едім. Кейін бұл жолсапарымды қағаз бетіне түсірдім. Атырау  менің туған жерімдей болып кетті десе де болады. Өйткені, мұндағы халық ешкімге ұқсамайтындығымен, бірмінезділігімен, кез келген адамды өз ыңғайына қарай түсіріп алатын қасиетімен ерекшеленеді. Осы жерде мекендеген батыр бабаларымыз секілді өзгелерден ерекшелеп тұратын қасиеттері анық көрініп тұрады. Мұндай қасиет менің жаныма жақын.

– Сіз бір сөзіңізде, «Жайықтың жағасынан бір кесірткені ұстап алып, Алматыға алып келсе, бес жылдан кейін крокодил болып кетеді» депсіз…

– Атырау өңірі, расымен сондай. Уақыт өткен сайын халықта өсу, даму анық байқалады. Абай атамыз «Адам өлген күні өлмейді, ұмытылған күні өледі» деген. Бүгінгі күні «Хабар» арнасында дүниеден өтсе де, ізі сайрап жатқан қазақтың біртуар тұлғалары жайлы «Көзкөрген» бағдарламасын жасап келеміз. Жуырда еліміздің Әнұраны авторларының бірі, осы өңірден шыққан Жұмекен Нәжімеденов, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова, кино мен театр өнерінің көрнекті өкілі Нұрмұхан Жантөрин аталған бағдарлама кейіпкерлері болды. Оларды еске алу мақсатында облыстан бірқатар адамдарды хабарға шақырдық. Солар арқылы да бұл жердің тірлігін жақсы білеміз.

– Қазақ сатирасын ғаламторға енгізу жөніндегі бастамаңыз қалай жүзеге асып жатыр?

– Мен «Мың бір мысал» деген еңбек жазғанмын. Кейін ойлап қарасам, мың бір мысалымның төрт-бесеуі ғана газет бетінде жарық көрген екен. Қалғаны тек кітапқа енді. Ал, кітап көп болса бір-екі мың таралыммен ғана шығады. Он жеті миллион халыққа қайтсең де жетпейді. Сондықтан, сол мысалдарымды сайтқа жариялау үшін дайындап жатырмын. Сондай-ақ, жақында 416 бет болып «Көрмейін десем көзім бар» атты кітабым жарық көрді. Соның ішіндегі дүниенің 99 пайызы баспасөзде жарияланбаған. «Батпанқұйрық» атты тағы бір кітабым шыққалы тұр.

Кезінде М.Әуезовтің 20 томдығы, С.Мұқановтың 10 томдығы, ал, Ғ.Мүсіреповтің 5 томдығы шықты. Сол кезде көбі «Ғабеке, мұныңыз қалай болғаны? Басқалар том-томдап кітап шығарып жатқанда, сіз неге бес-ақ том шығардыңыз? деп сұраған екен. «Бес томның өзі де көп. Осыдан жиырма жылдан кейін мұның ішіндегі екі әңгімені халық оқитынына кім кепіл?» деген екен Ғабит Мүсірепов. Кейін ол бес томын сұрыптап, қысқартып, үш қана томға сыйдырды. Сондықтан, біз қазір 20-30 томдап кітап жазуға әуес болып барамыз. Оларды өзім көше сыпыратын машинаға теңеймін. Мұндай машиналар кәшегіне дейін қарамай, қоқым-соқымдардың бәрін қатарынан жинай береді.

Осы уақытқа дейін Асқар Тоқмағамбетов, Шәмші Қалдаяқов, Асқар Тоқпанов, Садықбек Әділбеков, Оспанхан Әубәкіров, Мырзатай Жолдасбеков, Темірбек Қожекеев, Заманбек Нұрқаділов секілді танымал тұлғалармен сұхбаттасыппын. Бұл сұхбаттардың мазмұны терең болатын. Тілімнің ұшымен емес, жүрегімнен шыққан дүниелер арқылы Президент сыйлығының екі мәрте лауреаты атандым. Осы орайда, айта кетсек, мен ешқашан сатирадан мұндай марапатқа қол жеткізбеген екенмін.

– Алайда, халық сізді мықты сатирик ретінде де жоғары бағалайды. Әңгіменің орайы келгенде, туындап отырған тағы бір сұрақ: Сатира жанрында қалам тербеуге Сізге не әсер етті?

– Мектепті бітіргеннен кейін аудандық халық театрында әртіс болып қызметке орналастым. Көптеген спектакльдерде бас рөлдерді сомдап, тек анда-санда ғана Асқар Тоқмағамбетов, Оспанхан Әубәкірұлының сықақтарын оқып тұратынмын. Ал, өзім сатира жазам деп ешқашан ойлаған емеспін. Бір жылы көктемде Оңтүстік Қазақстан облысындағы бір ауданға барып концертімізді қойдық. Әдеттегідей сахнаға шығып, «Асқар Тоқмағамбетов «Май мұрынға – май шелпек» деп сықақтың авторы мен атауын хабарлап жатқанымда алдыңғы қатарда отырған бір әжей: «Осыдан басқа сықақтарың жоқ па? Келген әртістердің барлығы осыны оқи береді екен. Әй, шырақтарым, басқа сықақ айтсаңдаршы» деп айқай салмасы бар ма?! Жүрегім тоқтап қала жаздады. Сол сықақты оқып, сахнадан кеткенше асықтым. Кейін ойласам, расымен де, сол кезе қамшының шашағындай үш-төрт сықақшы бар еді. Жұрт жақсы қабылдайтын бірер сықақты бірімізден кейін біріміз шиырлап қоя береді екенбіз. Содан кейін ешкім естімеген сықақ жазу идеясы туындады. Содан «Жігіт деме» және «Бөсбелік» атты екі сықақ жаздым. Сахнаға шығып оқығанымда жұрт өте жақсы қабылдады. Осы күнге дейін әзіл-сықақ жазуыма сол қария әсер етті деп айтып келемін. Сондықтан, оны ұстазым деп бағалаймын. Кейін сықақтарымды Қалтай Мұхамеджанов «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялап, мен одан сайын құлшына түстім. 

– Сонда Сіздің бала күнгі арманыңыз қандай мамандық иесі болу еді?

– Менің негізгі бала күнгі арманым – суретші болу. Сурет сала берем, бірақ, шықпайды. Газет-журналдардан «көркемдігі жетіспей жатыр, әлі де іздену керек» деген мәтінде келген  «қара қағаздар» легі толастамады. Алайда, мен де дегенімнен қайтпадым. Мектепте 6-7 сыныпта оқып жүргенімде бір сурет салғаным есімде. Біздің ауылда велосипед жоқ, тек байлардың балаларында ғана болатын. Сондықтан, әр жерден дөңгелегін, рөлін, шынжырын тауып, құрастырып, «велосипед» жасаймыз. Бірақ, ол жарты күнге ғана жетеді де, сынып қалады. Сондай құрама велосипед туралы сурет салғанмын. Екі-үш бала қарап тұр, велосипедтің  дөңгелегінің орнына трактордың дөңгелегін, рульдің орнына қошқардың мүйізін, отыратын жеріне басы мүжіліп қалған ер тоқымды бейнелеген едім. Осы суретімді шығару мақсатында оның мазмұнын арттырайын деген ниетпен астына төрт жол өлең жаздым:

«Спортшымыз Арнабек

велосипед құрап жүр,

«Сенде рама бар ма?» деп,

көрінгеннен сұрап жүр.

Жинай-жинай әр тұстан

велосипед құрады,

Шықса, бірақ, жарысқа,

орта жолда тұрады».

Дегенмен, өлеңімді жариялап, суретімді шығармай қойыпты. Сөйтіп, ақыры бірде-бір суретім шықпай кетті. Сатира жанры менің маңдайыма жазылғанын осылай түсіндім.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз