
Бард ақынның рухани әлемі қылқалам арқылы жаңғырды
Табылды Досымов — бард жанрын қазақпен қауыштырған алғашқы тұлға. Алты ішекті жыраулық дәстүрмен ұштастырған толағай дарынның өнері көпке мәлім. Шығармалары елдік сана мен рухты оятуға, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған халықтың бірегей ұлы биыл тірі болса 60 жасқа толар еді.
Осы ретте бүгін облыстық Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Кенептегі асау тағдыр» атты облыстық симпозиум өтті.

Шара мақсаты Табылды Досымовтың шығармашылығын түрлі өнер жанры арқылы кеңінен таныту, ұлықтау және өскелең ұрпаққа оның рухани мұрасын насихаттау болды.
Симпозиум аясында көркемсурет саласының өкілдері Табылды Досымовтың поэзиясы мен әндерінен шабыт алып, ақынның ішкі жан дүниесін, рухани әлемін бейнелеу өнері арқылы сомдады. Әр суретшінің жұмысы — ақынның шығармашылық әлемін өзінше тани отырып, оның еркін рухын, ұлттық болмысын кескіндеме арқылы жаңғыртқан ерекше туындылар болды.

Көрмені музей басшысы Төлеген Орынбасарұлы салтанатты түрде ашып, суретшілер еңбегіне жоғары баға берді. Іс-шараға қатысқан белгілі қылқалам шеберлері мен жас суретшілер, барлығы оннан астам өнер өкілі симпозиумға арнайы тың туындылар ұсынды. Атап айтқанда, Қамбарбек Аманов, Кендір Отарбай, Рафаэль Сілекенов, Темірбек Мұхтаров, Мұрат Рахметов, Елеуғали Дәукенов, Оразбай Қарабалин, Аслан Дүйсенғалиев сынды есімі елге танымал суретшілер ерекше белсенділік танытты.

Олардың үздік жұмыстары арнайы сертификатпен және 250 мың теңге көлеміндегі сыйақымен марапатталды.
Сондай-ақ жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдері мен қаламгерлер, өнер зерттеушілері ақын шығармашылығының қазақ руханиятындағы орны туралы пікірлерімен бөлісті.
Еркеназ ҚАЛИЖАН