Атыраулық жас домбырашылар Ташкент қаласында өткен халықаралық конкурстан бас жүлдемен оралды

347589363 592435219537367 3668699039439949220 n Мәдениет

Махамбет ауданына қарасты Алға ауылының жас домбырашылары Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласында өткен халықаралық конкурстан бас жүлдемен оралды. Бұл туралы аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлайды.

«Жұлдыз арт Қазақстан» атты халықаралық конкурста бағын сынаған Алға ауылының «Әлқисса» ансамблінің домбырашылары қарсыластарынан оза шауып, биіктен көрінді. Ансамбльде «Балдырғандар» және «Ақжелең» тобы бас жүлдені иеленді. Ал жеке орындауда Аруна Нысанбай Д.Нүрпейсованың «Науысқы» күйін, Алмат Өтеу Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқымын», Орынбай Түгел А.Еңсеповтің «Шашуын», Мадияр Жанғабыл Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйін орындап, 1 орынды қанжығаларына байлады.

-Бұл балалардың шет елге алғаш рет шығуы. Бұған дейін республика көлемінде өткен жарыстардан бірнеше рет жүлде алған. Балалардың Өзбекстанға баруына ауылдық «Мәдениет үйі», ауыл тұрғындары және ата-аналар қолдау көрсетті,- деді үйірме жетекшісі Алмагүл Ермекова.

Айта кетейік, «Әлқисса» домбырашылар үйірмесі 2020 жылы ашылған. Қазір үйірмеде 8-15 жас аралығындағы 65 шәкірт білім алуда. Үйірме жетекшісі Алмагүл Ермекова Республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаты, «Үздік ұстаз» аталымының иегері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз