Жарнама
МәдениетЖаңалықтарФОТОГАЛЕРЕЯ

Қазақтың қара сөзін қойша өрбіткен… (+ФОТО)

Сейсенбі күні Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде қазақ ақын-жазушыларының ішінде тұңғыш рет үш тілде жарық көрген «Рахымжан Отарбаев. Биобиблиографиялық көрсеткіш» ғылыми еңбегінің таныстырылымы өтті.

Бұл – «Рахымжан Отарбаев Руханият қоры» қорының жанынан ашылған баспаның алғашқы өнімі. Тағылымды шарада облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің тілегін жеткізді.

– Қара сөздің қаймағын са — пырып, ұлт әдебиетіне ұланғайыр олжа салған хас талант, Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі, «Парасат» орденінің иегері Рахымжан Қасымғалиұлы десе елең етпейтін жан кемде-кем. Туған топырағы қасиетті Құрманғазы өлкесінен түлеп ұшып, Жұмекендер бастаған ұлы көшке ілескен қаламгер аз ғұмырында артына баға жетпес мол мұра қалдырды. Тек ана тілінде ғана емес, әлем халықтарының бірқатар тілінде сөйлеген Отарбаев кейіпкерлерінің әр алуан бейнесі, қанық бояуы, тамаша табиғаты жұртшылықты таңғалдырумен келеді. 19 қазан күні Рахымжан Қасымғалиұлы тірі болғанда мерейлі 65 жасына келер еді. Оны қадірлейтіндер үшін бұл күн естелік айтатын күн болды.

«Көңілінің кірі бар адамға ақ қағаз беруге болмайды. Көңілінің кірі жұғады. Оны өзгеге жұқтырады. Кірленген көңілді тазарту қиын». Бұл Рахымжан ағаның жүрек сөзі болатын. Шығармашылықты тағдырталайынан бөліп қарамаған Рахымжан Қасымғалиұлының кесек тұлғасы мен қаламгерлік болмысы туралы талай эссе-естеліктер мен зерттеулер жазылды. Бүгінгі жарық көрген еңбекте жазушының өз туындылары және ол туралы жазылған дүниелерге сілтеме жасалған. Бұл Рахымжан Қасымғалиұлының шығармашылығы қызықтыратын оқырман үшін аса бағалы еңбек екендігі сөзсіз. Жазушының драматургия, проза саласындағы еңбектері алдағы уақытта да үлкен насихат жұмыстарына арқау болмақ. Атырауда дәстүрге айналған Р.Отарбаев атындағы республикалық театр фестивалі де өзінің жалғасын таба береді, — деген облыс әкімінің орынбасары тың дүниенің ұлт руханиятына қызмет ететініне сенім білдірді.

img 20211020 wa0074
img 20211020 wa0066

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисов, ректордың кеңесшісі Асхат Иманғалиев және жазушының ұлы Ермерей Рахымжанұлы салтанатты түрде кітаптың лентасын қиды. Библиографиялық көрсеткіш Рахымжан Қасымғалиұлының шығармашылығын, әдеби мұрасын, қызметін сипаттайтын материалдарды қамтиды. Жазушының мұрасын насихаттауда үлкен еңбек сіңіріп отырған қаламгердің жары Сәуле Отарбаева кітапқа шығармашылығынан бөлек ол туралы әдебиеттер, фотогалерея енгізілгенін, жеке суреттерімен қатар афишалары қамтылғанын айтты.

– Библиография белгілі бір тұлғаның шығармашылығымен қоса оның өмірбаяндық, ресми құжатнамалық мәліметтерін де қамтиды. Қазақта кенже қалған сала. Бізге сонысымен де қызықты болды. Рахымжандай тұлғаны іздеушілер тек шығармашылығын ғана емес, өмірбаяндық деректерін де көп сұрайтын болғандықтан библиографияның осы түрін таңдадық. Библиография – үлкен ғылыми еңбек. Бұл көрсеткіш Рахымжанның өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдерінен басталады. Әрі қарай мемлекеттік, ғылыми атақтары және қоғамдық қызметтері, қоғамдық марапаттары, шет мемлекеттер тарапынан берілген атақ, наградалары тізбектелген. Әрине, Рахымжанның қоғам, ұлттық мінез, ұлт тарихы, ұлттық құндылықтар туралы кесек-кесек ойларын бермей тұра алмадық. Өзі «Көрген-баққан» деп атап, үзіндісін жариялап үлгерген күнделік беттерін де жариялауды жөн деп таптық. Жазушының библиографиялық көрсеткішінде әдеби сын болуы заңдылық. Бұл ретте қазақ әдебиетінің патриархы Әбдіжәміл Нұрпейісовтен басталған еңбектер топтамасы Рахымжанның шәкірті Алмас Мырзахмет сияқты жас ғалымдар еңбегімен аяқталды, — деген Сәуле Отарбаева көрсеткіштің өзіндік ерекшелігіне де тоқталды.

img 20211020 wa0071
img 20211020 wa0067

Тағылымды шара барысында университеттің журналистика факультетінің 4 курс студенті Бибігүл Таңатарға Рахымжан Отарбаев атындағы стипендияны қаламгердің ұлы Ермерей Рахымжанұлы мен қызы Айжамал Рахымжанқызы табыстады. Сондай-ақ, жазушының таңдамалы шығармаларын сыйға тартты. Шара барысында сөз сөйлеген профессор Асхат Иманғалиев университет жанынан Рахымжан Отарбаевтың ғылымишығармашылық орталығы ашылса деген тілегін білдірді.

  • «Біз Рахымжанды мақтаймыз. Ол мақтауға зәру емес. Рахымжанмен мақтанамыз!» деген ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Бүркіт Базарбаев қаламгер туралы әдемі естеліктерімен бөлісіп, оған арналып ерекше ескерткіш, облыс орталығынан орталық алаң ашылса деген ұсынысын жеткізді.
img 20211020 wa0073
img 20211020 wa0068
img 20211020 wa0072
img 20211020 wa0069
img 20211020 wa0075
img 20211020 wa0080
img 20211020 wa0085
img 20211020 wa0079
img 20211020 wa0081

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button