БАЛАНЫҢ ҚУАНЫШЫ – ҮЛКЕННІҢ ЖҰБАНЫШЫ

Қашаннан да бір-біріне сый-құрметін, көмегін, қамқорлығын аямаған халқымыз «Мектепке жол» атты жалпы республикалық қайырымдылық акциясына да түсіністікпен қарап, жүйелі іске жұмыла кірісті. Жыл өткен сайын республикада, соның ішінде Атырау аймағында да  қайырымдылық акциясына атсалысып, көмек көрсетушілер қатары артып келеді.

 Оған аймағымыздағы мұнай компаниялары, бизнес құрылымдары мен банктер, мемлекеттік органдар мен жеке кәсіпкерлер сүбелі үлес қосып отырғандығы белгілі. Республика бойынша акцияны өткізудің алты жылы ішінде 2 миллионға жуық бала 8 млрд. 300 млн. теңгеге материалдық көмек алған. Акцияға демеушілер мен меценаттар тарапынан 3,3 млрд. теңге көмек көрсетілді.

Мұндай игілікті шараға жас ұрпақты оқыту, тәрбиелеу, білікті маман дайындау ісімен тікелей араласып, өзіндік үлес қосып отырған жоғары оқу орындары да шет қалмақ емес. Солардың бірі, 60 жылдан аса тарихы бар батыс аймақтағы іргелі оқу орны – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті. Университеттің физика-математика факультетінің профессор-оқытушылар құрамы акцияның әлеуметтік маңыздылығын жоғары бағалай отырып, бұл маңызды шараға жыл сайын белсене қатысады. Айталық, биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында факультет деканы Б.Кенжеғұлов пен бір топ ұжым мүшесі Сабыр Қазыбаев атындағы облыстық №1 мектеп-интернаттың 80 оқушысына оқу құралдары салынған портфельдерді сыйға тартты. Білім күні мерекесіне орай оқушыларға тәттілер де таратылды. Интернат тәрбиеленушілері үшін ұйымдастырылған бұл игі іс интернаттың педагогикалық ұжымы мен оқушыларына қуанышты көңіл-күй сыйлады.

Елбасының: «2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда. Сондықтан, оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды…» – деген Жолдаудағы тапсырмаларын орындау барысында факультет ұжымы мұндай игілікті шараға үнемі ұйытқы болып, өзіндік үлес қоса беретін болады. 

Ардақ БАТЫРХАНОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті физика-математика факультеті деканының орынбасары.

 

* * *

«Мектепке жол» акциясы аясында «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы да бірқатар қайырымдылық шараларын қолға алды.

«Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әзмұханов партия филиалы ғимаратына жиналған аз қамтылған отбасы балаларын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

– Балалар – еліміздің болашағы. Осы акция аясында көп балалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына және жетім балаларға өз көмегімізді ұсынып отырмыз. Бұл партияның «Бақытты балалық шақ» және «Бақытты отбасы» жобалары шеңберінде қолдау табуда», – деп, оқушыларды оқу құралдарымен қамтамасыз етуге қаржылай көмек көрсетіп, партияның саяси доктринасы жазылған құжатты қоса табыс етті.

Белгілі болғандай, жаңа оқу жылы қарсаңында «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалына мектеп жасындағы балаларын мектеп формасы, оқу құралдарымен қамтамасыз етуге көмек сұрап, 40-қа жуық арыз түскен. Қажеттілікке қарай оның 90 пайызы қанағаттандырылған.

Жиын соңында Атырау қаласының тұрғыны Әлия Түсіпқалиева көрсетіліп жатқан мұндай қолдауға ата-аналар атынан ризашылық білдіріп, алғысын жеткізді.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз