Атырауда халықаралық күй фестивалі басталды

...Na yiz aza dombyira Мәдениет

Атырауда басталған күй атасы – Құрманғазы Сағырбайұлына арналған ұлт-аспаптар оркестрлерінің халықаралық фестиваліне қатысушы Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен және Қазақстанның әр түкпірінен келген домбырашылар алдымен облыс орталығындағы күйшінің ескерткішіне гүл шоғын қойды.

????????????????????????????????????

Атырау аймағында осыдан 60 жыл бұрын 500 адамнан құралған өнерпаздардың ұлт-аспаптар оркестрі күй төкті. Сол кезде Бүкілодақтық фестивальға дайындалған біріккен оркестрді ұйымдастыруда есімдері аңызға айналған абыздарымыз баршылық. Соның бірі облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, кезінде аталған оркестрде өнер көрсеткен айтулы өнерпаз Қатимолла Ризуанов шара барысында сөз сөйледі.

– Бүгін Атырауда үлкен күй мерекесінің шымылдығы ашылуда. Сонау 1952 жылы Алматыда өткен фестивальға 100 адам қатысқанда бұл үлкен жаңалық болып еді. Одан кейін 500 адамдық оркестр өнер көрсетті. Исатай-Махамбет алаңында  – 600, одан әрі мың адамдық оркестр құрылды. Өткен жылы Астанада өткен шарада 3000 адам бір мезетте күй шертті. Сондай-ақ, Елбасының Домбыра күнін белгілеуінің де маңызы ерекше. Бұл басқа атаулы күндерден өзгеше реңкте дараланады. Себебі, бұл – рухани жаңғыру мен кемелденудің жемісі. Демек, домбыраның киесін сақтау – баршаға парыз, – деді Қатимолла Ризуанов.

Бұл пікірді Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі, Атырау облысының Құрметті азаматы Айтқали Жайымов та қостады.

«Қасиетті Атырау топырағында домбыра ұстаған дүлдүлдердің бас қосуы – Құрманғазы бабамыздың ұлылығына құрмет. Домбырашылар қай жерде бас қосса да Құрманғазының күйі асқақ күмбірлейді. Бұл – ұлы бабамыздың артына өлмейтұғын құдіретті күй қалдырғанының айғағы. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» деп Қадыр ақын жырлағандай, қазақтың әр үйінің төрінде домбыра ілулі тұрады. Қазақтың бұл өнері ешқашан тозбайды», – деді Айтқали Жайымов.

Фестивальға қатысуға ниет білдірген 15 оркестр ұжымы облыстық халық шығармашылығы орталығында өнер көрсетті. Концерт шымылдығы Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің өнерімен ашылды. Бұл күні Қырғызстанның «Мөл-мөл» фольклорлық этнографиялық оркестрі, Ресейдің «Скиф» квартеті және Көкшетаудан келген К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі, ақтөбелік А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптары оркестрі өнер көрсетті. Сондай-ақ, Павлодар, Ақтау, Қостанай, Астана қаласынан келген өнер ұжымдары Құрманғазы бабаның күйлерін Атырау сахнасында күмбірлетті.

Өзбекстанның «Согдиана» мемлекеттік камералық халық аспаптары оркестрі, атыраулық «Нарын», талдықорғандық М.Төлебаев атындағы, Орал қаласынан келген Дәулеткерей атындағы және Алматыдан Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары  оркестрлері мен қызылордалық Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары оркестрінің өнері бүгін жалғасады. Атырау облысында  екі күнге созылатын күй додасы ертең Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Жайық» спорт-мәдени кешенінде қорытындыланып, оркестрлер шеруі ұйымдастырылады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА,

Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз