Сербиядан – қос медаль

124387283 2894602124093493 815736098467628009 o Жаңалықтар

Газетіміздің өткен санында  Сербия елінің Нови-Сад қаласында  самбо күресінен өткен әлем чемпионатында қос атыраулық өрен жеңіс тұғырына көтерілгенін хабарлағанбыз. Көк туымызды биікке көтерген осы екі саңлақ  сәрсенбі күні Атырауға оралып, Х. Доспанова атындағы халықаралық әуежайда оларды тума-туыстары мен спортшылар қауымы салтанатты жағдайда күтіп алды.   

Әлем біріншілігі төрт күнге созылып, осы сында жасөспірімдер арасында спорттық  самбо күресінен 52 келі салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз Абылайхан Мейрамбекұлы үш кездесу өткізіпті.

– Алғашқы сында Болгар елінің балуанынан басым түссем, екінші белдесуімде Азия чемпионы деген атағы бар өзбекстандық спортшыны қапы қалдырдым. Ал, ақтық кездесуде молдовалық Лулиан Арапанды айқын басымдылықпен жеңдім, Осылайша «Әлем чемпионы» атандым,  – деді  Абылай Мейрамбекұлы.

Бүгінде 18 жасқа толған Абылай бұған дейін Қазақстанның чемпионы әрі Индия елінде өткен Азия чемпионатында  алтын медаль иеленген екен.  

Ал жауынгерлік самбодан 52 келі салмақта ересектер арасында сынға түскен 22 жасар Еркебұлан Қуаналиев бастапқы сында чехиялық спортшыны жеңсе, екіншісінде  Испания елінен келген жігітті оңай ұттыпты.

– Финалда өзімнен он жас үлкен Ресей елінің самбошысы Владимир Ламановпен күрестім. Былтырғы әлем чемпионатында алтыннан алқа тағынған қарсыласымды бастапқыда 4:0 есебімен ұтып жатқанмын. Алайда тәжірибесі мол  балуан менің олқы тұстарымды оңай таба білді. Нәтижесінде бір ұпай айырмасымен ғана (6:5) есе жібердім. Осы себепті қанжығама күміс медаль байланды, – деді Еркебұлан Қуаналиев.

Күміспен күптелген батырымыз осыған дейін жастар және ересектер арасында Қазақстан чемпионы, Делиде өткен Азия біріншілігінде жеңімпаз атаныпты.

Атыраулықтардың абыройын асқақтатқан қос балуанды «Барыс» балалар және жасөспірімдер дене шынықтыру клубының  директоры Асхат Жұмабеков жаттықтырады. 

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз