Шекті мөлшерді шектеусіз тұтыну мүмкін бе?

5a6fa264ab87e335 Қоғам

Қай өңірдің болмасын, әлеуметтік жағдайы экономикасына тікелей тәуелді. Есеп-қисапқа жетік ел ғана алға жылжып, замана көшінен қалмайды. Сол сияқты әр облыстың ақша-несие нарығы да сол аумақтың хал-жағдайынан хабардар етіп тұрады. Биылғы есеп бойынша Атырауда несие алушылардың да, тиыннан теңге құрап, қор жинаушылардың да қатары өскен. Әйтсе де, несие нарығындағы сомалар депозиттен әлдеқайда көбірек.

Қарызды қайтару парыз

Бұл туралы брифингте республика Ұлттық Банкі Атырау филиалы директорының орынбасары Серік Омаров айтты. 1 қарашадағы мәлімет бойынша, облыстағы екінші деңгейлі банк филиалдары арқылы берілген несиелерде жеке тұлғалардың берешегі 382,1 миллиард теңге болса, депозит қорындағы жеке адамдардың үлесі – 291,4 миллиард теңге. Ал, мерзімі өткен берешектер көлемі былтырғымен салыстырғанда 5,2 пайызға азайған. Бұл облыс халқының өткен жылғы пандемия-дан туындаған қиындықтарды еңсеріп келе жатқанын аңғартады.

Бір қынжылтатыны – тұрғындар ипотекалық несиемен салыстырғанда тұтыну мақсатына 4 есе көп несие ресімдеген. Мысалы, биыл қаңтар-қазан айларында азаматтар тұтыну мақсатына 213 миллиард теңге, ал ипотекаға 45,2 миллиард теңге несие алыпты. Ипотекалық несиелер 2020 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, 2 есеге өскен.

Бүгінгі таңда ипотекалық несиелер бойынша халықтың берешегі – 86,8 млрд. теңге. Тәуелсіз сарапшылар «ипотекалық мақсатта несиенің көп берілуі дағдарыс кезінде халықты тығырыққа тірейді» деп топшылаған еді. Ұлттық Банктің деректеріне қарасақ, тек баспана жағдайын жақсартқандар ғана емес, тұтыну мақсатына ақша алғандардың да алдағы жағдайы мәз болмайын деп тұр. Оны жуырда «кредиттік амнистия жасалады» деген жалған хабарға еріп, Алматыдағы Ұлттық Банк филиалының алдында ұлардай шулаған халықтан-ақ байқауға болады. Мұндайда құзырлы органның «ресми ақпарат көздеріне ғана сүйенуге» кеңес бергеннен басқа көмегі жоқ.

Несие аларда өз еркіңізбен құжаттарға қалай қол қойсаңыз, қарызды да солай төлеуден басқа амал жоқ. Сондықтан, қаржыгерлер қарыз аларда қаржылық сауаттылықтың қажеттігін алға тартады.

Жаңа заң жағдайды түзеді ме?

2020 жылы қыркүйектегі Президент Жолдауынан кейін қолдану тетіктері бірнеше түрге еніп, биылғы қаңтардан бері арнайы заңға сәйкес азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін баспана алу, емделу ақысын төлеу, жеке компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін пайдалану құқығы берілген еді. Соған сүйенген 33 мыңнан астам атыраулық зейнетақы жинағынан артылған шекті соманы пайдалана отырып, игілігіне жаратты.

«Отбасы банк» Атырау облыстық филиалының басшысы Нұрбол Құрманның айтуынша, 33741 адам өз жинағынан 195 миллиард теңгеге жуық ақша алған. Атап айтсақ, 9 миллиард теңгеден астам қаржыға 2736 адам «Отбасы банктегі» бұрынғы ипотекалық қарызын жапқан. Ал, осы банк арқылы 1242 адам зейнетақы жинағын пайдалана отырып, жаңадан ипотека ресімдепті. 18315 атыраулық 155 миллиард теңгеге ипотекасыз толық төлеммен жеке үй мен пәтер сатып алған. 11 миллиардқа жуық ақша жерлестеріміздің ем-домына жұмсалыпты.

Сондай-ақ, бұған өзге банктегі үй берешегін өтеген, алғашқы жарнаға және үй құрылысына пайдаланғандарды қосуға болады.

Егер облыста 600 мыңнан астам тұрғын бар десек, оның 33 мыңнан астамы, яғни 5 пайызы ғана зейнетақы жинағынан артылған сомасын пайдаланған. Бұл, әрине, өте аз. Шекті сомаға жинағы жетпегендер қазір оны қалай алуды емес, зейнет демалысының қамсыз болуын тереңірек ойластырғаны жөн. Себебі, болашақ бүгіннен басталады емес пе?

Осы заң қабылданғаннан кейін екінші нарықтағы үйлердің құны шарықтап кетті. Алыпсатарлардың да дәурені жүріп тұр. Көптеген оқырманның көкейіндегі сауал – «Зейнетақы қорындағы қаражатты пайдаланып алған үйді сатуға бола ма?» Оған да жауап бар.

Қандай жағдайда зейнетақы қорындағы ақшаға сатып алынған үйді бірден сатуға, сыйға беруге немесе айырбастауға болады?

Біріншіден, жинақтағы артық және өз ақшаңыз толық жетсе немесе жылжымайтын мүлік ипотекасыз сатып алынса. Екіншіден, ипотекаға алып, бірақ оны өтеу мерзімі 5 жыл немесе одан да аз болған жағдайда. Үшіншіден, шекті мөлшерден асқан қаражат бастапқы жарнаға емес, ипотеканы өтеуге жұмсалса. Төртіншіден, бұрын берілген ипотекалық несиені ішінара немесе толық өтеген жағдайда еш кедергісіз жоғарыдағы процестерді жүзеге асыруға болады.

Ал, жеткілікті шектен артылған ақша 5 жылдан астам мерзімі бар ипотеканың алғашқы жарнасына жұмсалса, оны 5 жылға дейін сатуға тыйым салынады.

Шекті соманың өсуі шегерілді

Желтоқсанның басында келесі жылы шекті соманың өсетіні хабарланып, халықты біраз дүрбелеңге салды. «Тиісті шекке енді жеттім-ау» деп отырғанда оның 85 пайызға өсуі көптеген адамның арманын шорт  кескендей болды. Зейнетақы жинағын алуды ресімдейтін арнайы платформаға күніне 30 мыңнан астам өтініш түсіп, мамандарды да әбігерге салғаны анық. Құжаттан бас көтеру мүмкін болмады.

Бұл келеңсіздік мемлекет басшылығына жетіп, Президент қазіргі шекті соманың мөлшерін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін өзгеріссіз қалдыруға пәрмен берді. Тағы бір өзгеріс арнайы шотқа түскен соманы пайдалану 45 жұмыс күнінен 20 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Сол аралықта «Отбасы банк» қазақстандықтарды жақсы жаңалықпен қуантты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы орындалды, енді қазақстандықтар «Отбасы банкіндегі» шоттарына жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтарының бір бөлігін аудара алады. Бұл оларға алғашқы жарнаны тиімді түрде жинап, жақын арада қоныс тойын өз үйлерінде тойлауға көмектеседі. Ең бастысы, бұл мүмкіндікті жастар қолдана алады. Қазір зейнетақы жинақтарын алып жатқан 18-25 жас аралығындағы азаматтардың үлес салмағы – небәрі 5 пайыз. Жасы мен жұмыс өтілінің аздығына байланысты олардың жинақтары жеткіліксіз, алайда олар үшін баспана мәселесі өте қиын. Жаңа мүмкіндік осы мәселені шешуге арналған, – деді «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Арнайы порталдағы «Отбасы банкіндегі депозитті толықтыру» батырмасы 16 желтоқсаннан бастап іске қосылды. Демалыс күндері (16-19 желтоқсан аралығы) платформа қолданушылардың өтініштері қабылданып, 20 желтоқсанда жұмыс процесі басталды. Алғашқы күндері-ақ бірнеше жерлесіміз өз депозитін толықтырып, жаңа қоныстың «алғашқы кірпішін» қалады.

Әркімдікі өзіне…

Хош, «біржолғы зейнетақы төлемін «Отбасы банктегі» жинақтаушы депозитіңізге аудардыңыз» делік. Бірі жаңадан шот ашты, екіншісі бұрын ашылған шотына аударды. Бірақ «БЗТ» (біржолғы зейнетақы төлемі) белгісі бар депозит бұрынғыдан өзгерек екенін естен шығармаған жөн. Оны пайдаланудың да өзіндік тәртібі бар. Мысалы…

БЗТ түскен жинақ шотына стандартқа сәйкес 2% банк сыйақысы мен 20% мемлекеттік сыйлықақы (200 АЕК-тен аспайтын бір жылдық жинақ сомасы) беріледі. Биылғы есеп бойынша, 200 АЕК – 583400 теңге. Сіз депозитіңізге тек осы соманы салсаңыз да, 1 миллион теңге салсаңыз да, 2022 жылдың алғашқы айларында мемлекеттен 116800 теңге сыйлықақы ала аласыз. Бұл жылына бір рет қана беріледі.

Ал, 2% банк сыйақысы ай сайын депозиттегі қалдық мөлшеріне сай түсіп тұрады. Сыйлықақы мен сыйақыны ажырата білу де маңызды.

3 жылдың ішінде «Отбасы банк» депозитіне аударылған БЗТ-ны қолдана отырып тұрғын үй, аралық немесе алдын ала заеммен баспана алуды ресімдеу қажет. Егер банк клиенті бұл аралықта зейнетақының артық қаражатын пайдаланып үлгермесе, ақша автоматты түрде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, мемлекеттің сыйлықақысы мемлекетке қайтарылады.

Мұндай депозитті жауып, зейнетақы төлемдерін қолма-қол ала алмайсыз, басқа салымшыға сата да алмайсыз. Егер депозитті жабуға жұмыстансаңыз, қаржы зейнетақы қорындағы есепшотқа қайта аударылады. Тіпті, ата-ана, әйеліңіз немесе күйеуіңізге, бала-шағаңызға біріктірген жағдайда да банк шотындағы БЗТ қаражаты зейнетақы қорына жөнеледі.

Анығы – «БЗТ» белгісі бар депозитке екінші тарап жинақты өзі толтырған жағдайда ғана біріктіріп,  баспана ресімдеу мүмкіндігі бар.

Ал, сіздің басқа қарыздарыңыз үшін «Отбасы банктегі» «БЗТ» белгісі бар депозит қаржысын ешкім өндіріп ала алмайды.

Енді БЗТ есебінен толықтырылған депозитпен не істеуге болады? Үй сатып алу үшін «Отбасы банктен» заем алуға (оның ішінде бір банктік несие шарты бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізу), «Отбасы банкте заемды қайта қаржыландыруға, жекеменшік үй құрылысына (оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық сияқты нысаналы мақсаты бар жер телімін сатып алуды қоса алғанда), бөлек жер телімін сатып алуға болады.

Тағы бір талап – бөлек жер телімін сатып алсаңыз, екі жыл ішінде бас-пана тұрғызғаныңызды растайтын құжаттарды «Отбасы банкіне» тапсырасыз.

Иә, депозитке аудару мүмкіндігі туғанда біраз адам «бөркін аспанға атып» қуанды. Бірақ қуаныш ұзаққа созылды ма, жоқ па, ол жағы әзірге беймәлім. Миллиондаған сомаңыз болса, алғашқы жарнаға жету ықтималдығы жоғары. Ал аз ғана қаражатпен 3 жылда үй ресімдеу оңай соқпасы анық.

Барлық өзгерістің де тиімділігі мен қолайсыздығы қатар жүреді. Сол механизмге сай әрекет етіп, баспаналы болсаңыз құба-құп. Ал шекті сомаңыз жеткіліксіз болса, бұл мемлекеттің сараңдығы емес, «сізге берілген сигнал» деп қабылдаңыз. Зейнетақы қорыңызды толықтырудың тетіктерін табыңыз. Қалай болғанда да қамсыз қарттықтың алғашқы баспалдақтары бүгін басталуы тиіс.

Салтанат Ақтәжиева

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз