
«Атамның рухы қолдады мені»
Өнер – адам жанының тереңінен туындайтын құдіретті күш. Ол жүрекке ұяласа, биікке жетелеп, асқақ арманға қанат бітіретіні сөзсіз. Сондай дарын иелерінің бірі – атыраулық 19 жастағы Санат Асуат. Әзірбайжандағы әйгілі «Səs Azərbaycan–2025» («Әзірбайжан дауысы–2025») музыкалық байқауында қазірдің өзінде қазылар алқасының жүрегін жаулап алып отыр. Көптеген мемлекеттің өкілдері қатысып жатқан дүбірлі додада (ол кезең-кезеңімен өтеді) Қазақстанның атынан бағын сынаған талантты атыраулық қыз көпшілікті өзіне қаратуда.

Өнер жолындағы тағдырдың белгісі
Әр жетістік қажырлы еңбек пен табандылықтың жемісі ғана емес, кейде тағдырдың ерекше белгілерімен де ұштасып жатады. Санаттың бұл байқауға қатысуы да ерекше оқиғамен байланысты екен.
–Бұл байқауға қатысу туралы өтінішті бұдан бұрын тапсырған едім. Ал оның жауабы отбасындағы қайғылы жағдай – атамыздан айырылған күні келді. Бұл мен үшін маңызды белгі болды. Өйткені бұл жобада өнер көрсету – бала күнгі арманым еді, бірақ бірден іріктеуден өтемін деп ойлағаным жоқ. Шақырту алған сәтте атамның рухы мені қолдап тұрғанын сезіндім. Сондықтан үлкен сахнада бақ сынауға бел будым, — дейді жас өнерпаз толқынысын жасыра алмай.
Санаттың анасы Жаннат Санғалиева қызының өнер жолындағы бұл қадамын үлкен тәжірибе ретінде бағалайды.
– Санат алғаш рет ересектер санатында өнер көрсетіп жатыр. Бұл – кәсіби деңгейде шыңдалуға үлкен мүмкіндік. Балалар байқауынан айырмашылығы – мұнда әр орындаушы өзін кәсіби сахнада мойындатуы тиіс. Бұл Санат үшін үлкен жауапкершілік әрі баға жетпес сабақ, — дейді анасы.
Тәлімгер таңдауы – саналы шешім
Әр өнерпаздың сахнадағы дамуы мен кәсіби қалыптасуы оның тәлімгеріне байланысты. Санат бұл тұрғыда өз таңдауының дұрыс болғанына сенімді. Ол өзіне тәлімгер ретінде «Евровидение-2011» байқауының жеңімпазы Эльдар Гасымовты таңдаған болатын.

–Мен әзербайжандық әншілердің шығармашылығын бақылап жүрмін. Атақты әнші Эльдарды алғаш көргенде, оның командасында болғым келетінін бірден түсіндім. Оның әндері, сахнадағы өзіндік мәнері, тыңдарманға берер әсері ерекше. Одан үйренерім көп болатынына сенімдімін. Сондықтан көп ойланбастан оның командасына қосылдым, — дейді Санат.
Халықаралық байқаудың көрмей тыңдау кезеңінде барлық қазылар Санаттың орындау шеберлігіне жоғары баға берген. Эльдар Гасымов оның дауысының ерекшелігін бірден байқап, кәсіби шеберлігін одан әрі шыңдау мүмкіндігі зор екенін атап өтіпті.
– Бұл байқауға біраз шетелдік өнерпаз қатысып жатыр. Санат Асуат менің тобыма қосылды. Мен оның дауысын естіп, қатты тәнті болдым. Сондықтан еш ойланбастан таңдадым. Қазақтың қаршадай ғана қызы екен. Өте талантты жан, — дейді жерлесіміз туралы белгілі әнші.
Жетістіктер мен кәсіби шыңдалу
Өнер жолында тынбай еңбектеніп келе жатқан Санат Асуат – бүгінде Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының «Эстрадалық вокал» мамандығы бойынша білім алып жатқан III курс студенті. Ол Атырау қаласындағы «125 High School» мектебін және Дина Нұрпейісова атындағы музыка академиясының жетіген сыныбын үздік тәмамдаған.
Сонымен қатар Санаттың орындауындағы «Je t’aime» әні 2018 жылы Франция мен Бельгия радиостанцияларында ротацияға енген. Ол қазіргі заманғы түрлі композиторлардың 4 авторлық әнін жазып шығарды. Олардың бірі Македония байқауында жеңіске жетсе, екіншісі «Junior Eurovision Kazakhstan» финалында орындалған екен. 2022 жылы әнші «Шын жүректен» атты алғашқы жеке концертін өткізіпті.
Өнерден тыс қырлары
Санат вокалдық қабілетімен ғана емес, сан қырлы талантымен де ерекшеленеді. Ол дәстүрлі садақ атуға, сурет салуға және кітап оқуға ерекше қызығушылық танытады. Сонымен қатар, каратэ-до годзюрюдің 8-ші кю дәрежесіне ие болып, «сары белбеу» иегері атанған.
Иә, әңгіме кейіпкерінің өнер жолындағы бұл жетістігі – оның таланты мен табандылығының дәлелі. Қазақстандық жас әнші «Әзербайжан дауысы–2025» байқауында өзіндік өрнегін қалдырып, кәсіби деңгейде танылуға тағы бір қадам жасады. Бұл байқаудың әлі бірнеше кезеңі бар. Осы аралықта әр қатысушы өз тәлімгерімен бірге қажырлы еңбек етеді, сынға түседі.
Оның алдында әлі талай белес, үлкен асулар тұр. Жас әншінің ерекше дауысы мен сахнаға деген шынайы махаббаты оны биік шыңдарға жетелей түсері сөзсіз. Санаттың өнер әлеміндегі жарқын жолы тек сәттілік пен толағай табыстарға толы болсын!
Майра ЕРҒАЛИ