Жарнама
Мәдениет

Ана туралы жыр

Драмада Ділдә Матайқызының ғұмыры, сондай-ақ, қазақ аналарының басынан кешкен ауыр тағдыры кеңінен баяндалады. Мұнда аштықты, қанды қуғын-сүргінді, революцияны, Ұлы Отан соғысын бастан кешірген жылдардағы азаматтармен қатар ел аналарының тағдыры айтылады. Осылайша, жалпы қазақтың басынан өткен сұрапыл кезеңдер бір ананың тағдыры арқылы бейнеленеді. 
Ділдә әженің әкесі — Матай ерте хат танып, фәни және діни ғылымды қатар меңгерген. Бұқарада жеті жыл білім алыпты. Әкесі Қоқан Дәрібайұлы мешіт ұстаған, имам болған. Патша заманында тоғыз жыл ел басқарғаны да сахнада сомдалады. Сол кезеңдегі зобалаң күндерді көз алдыңа алып келді. Жиылған жұртшылықтың тебіренгені соншалық, көздеріне жас алды. Жиырмасыншы ғасыр әдебиетіне соны серпін әкелген жазушылар Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин сынды қазақ зиялыларының «халық жауы» атанып, атылып кетуі де драмада көрініс тауып, көпшілікті бейжай қалдырмады.
Қойылым күздің найзағайлы, жаңбырлы қара суығында жаяулатып келетін ана мен перзентінің бейнесінен басталды. Сахнада қосымша биік жол жасалған, онда кейіпкердің кешегі күні көрсетілсе, сахнаның алдында бүгінгі күн бедері бейнеленді. Суретшісі — Тимур Қоесов.
Небір зұлмат кезеңдерде де азаматтары мен балаларына адал болған, оларды жеткізіп, адам қатарына қосқан қайратты аналар аз емес екені драмада кеңінен айтылады. Туынды тәрбиелік тағылымға бай. Өйткені, бүгінгі аласапыран уақытта туған баласын өзекке теуіп, қиындыққа шыдамай, шаңырағын шайқайтын ұл-қыздарымыз көбейіп келеді. Бұл ащы да болса шындық. Спектакльде осындай шамырқана ашыну мен тәрбие туралы толғаныс бар. Мұны қазақтың анасы Данагүлдің рөлін сомдаған актриса Хадиша Қуанышева жоғары деңгейде жеткізді. Сондай-ақ, Данагүлдің анасының рөлін Ғазиза Әліпова, әкесі рөлінде Сәбит Қожабеков ойнады. Драманың басынан аяғына дейін жанып жүріп өнер көрсеткен Жомартбек Жасталапов, Бекет Зинуллин, Мырзабек Махуов, Нұрбек Сиезхан, Әміржан Нұрлан, Қанат Ізетов, Архат Мұхамәжитов, Асылбек Бәделге деген халықтың ықыласы ерекше байқалды.
Сахнада кішкентай балалардың қаңбақты қолына ұстап ойнауы, желді қайталап көрсетуі жиі байқалды. Бұл — сол кездегі халық тағдыры болса, қойылым соңында жастардың ұстап шыққан шамдары – «өткеніміз — жанды, өлгеніміз — тірілді» деген әдемі ойдың астары еді. «Басыңа іс түспей тұрып, бостандықтың қадірін біл, кедейлік келмей тұрып, байлықтың қадірін біл, кәрілік келмей тұрып, жастықтың қадірін біл, өлмей тұрып, тіршіліктің қадірін біл» деген философиялық тәмсілдер де көрермен санасына шым-шымдап еніп жатты.
Бұған дейін талай-талай жазушылардың шығармаларында бейнеленіп келген ана портреті алғаш рет сахнада сомдалды. Қойылым аяқталғанда, көпшіліктің көкейінде «Қазақ анасына тұрғызылар ескерткіштің түр-сипаты ашылған бірінші қойылым өтті» деген қуаныш байқалғандай еді…
Ділдә МАТАЙҚЫЗЫ,
«Ана туралы жыр» драмасының авторы:
— Қойылым кітабым бойынша жоғары деңгейде шықты деп ойлаймын. Бүгінгі бейбітші-ліктің бізге оңай келмегендігі, қиыншылықпен қол жеткізгеніміз шынайы көрсетілді. Әсіресе, қазақ анасының бейнесін көргендерім, естігендерім арқылы баяндадым. Ал, анаға арнап ескерткіш орнату – бұл жалпы адамзаттық парыз деп санаймын. Осындай спектакльдерге жұртшылық келіп, сабақ алса деймін. Бүгінгі ұрпақ тарихымызды құрметтеп қоймай, тәлім ала отырып, бақытты ғұмыр кешкей деген тілегімді білдіремін.
Рақымжан ОТАРБАЕВ, жазушы-драматург:
— Ділдә апаның «Ана туралы жыр» деген ой-толғамдары бар кітабы желісінде жазылған қойылым қойылды, қуаныштымын. Ана туралы әңгіме қозғасақ, жазушы Ғабит Мүсіреповтің ана жайлы жазған үш-төрт туындысы және бұдан басқа бірлі-екілі жазушылардың ана туралы жазған шығармалары бар. Соның ішінде «Ана туралы жыр» пьесасын дүниеге әкелген Ділдә Матайқызына бөлекше құрмет көрсетуіміз керек. Астананың төрінен, қазақтың анасына деп ескерткіш қою керек деген идеяны алғаш айтқан Ділдә апамызға алғысымды айтамын. Астананың төрінде тұрғызылатын сол ескерткішті көруге Жаратқан Иеміз нәсіп еткей!
Асылбек ЫҚСАН,
қоюшы режиссер:
— Ділдә апайдың жазған дүниелері арқылы қазақ қыздарының образын ашып көрсетуге тырыстық. Расында да, қазақтың қыздары қай кезде де рухы жығылмай, шаңырағын биік ұстап, ер-азаматтарға сүйеу болған. Иә, қазақта «қызға қырық үйден тыйым» дегенмен де, олардың ой еркіндігіне тұсау салынбаған. Әрқашан дана аналардың өзінің ойын еркін жеткізуі, дала демократиясының, қазақ қоғамындағы демократияның көрінісі деп ойлаймын. Анаға ескерткіш қою — өте орынды айтылған ой. Әдебиетте, драматургияда да ана бейнесінің биік деңгейі сомдалмай келген-ді. Бәріміз де анадан тудық, сондықтан, осы қойылым арқылы аналарға деген сүйіспеншілікті әрбір перзент сезінсе, спектакльдің жетістігі деп санаймын.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА,
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button