Жарнама
Мәдениет

«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен кітапхана»

*24 қазан – Кітапханашылар күні

Кітаптың ерекшелігі, оқыған оқиға, суреті көз алдыңызда ғана емес, санаңызда сақталып, жатталып қалады. Заман дамыған сайын технологияның түрі шығып, қарқынмен дамып жатса да кітап құнын жоғалтпақ емес. Өйткені, оның айтары ішінде. Бойлаған сайын, ойлап, бірге өсе беретініңіз анық.

Ал, кітапхана, сөз жоқ, руханияттың ордасы. Әбіш атамыздың өзі де «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен кітапхана» деді емес пе?! Сол себепті де, кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, дамыту ең маңызды міндеттің бірі. Ал, жұртшылық қандай кітап оқиды, таңдауы қандай? Кітапханашылар күні қарсаңында Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхананың басшысы Сара Измұханбетовамен сұхбаттасқан едік.

– Сара Салахиденқызы, қазіргі уақытта кітапхана қорында қанша кітап бар және олардың санын арттыру қалай жоспарланып отыр? Оқырмандарыңыздың сұранысындағы кітаптарды қайдан аласыздар?

– Қазіргі таңда кітапхана қорында 361 046 дана кітап бар. Кітапханада арнайы жыл бойы оқырманның қанағаттандырылмаған өтінімдер картотекасы жүргізіледі, яғни оқырмандардың сұранысына сай кітап қорында жоқ кітаптардың тізімі жасалады. Сол бойынша жергілікті бюджеттен қаржы сұрап, бөлінген қаржыға ҚР «Мемлекеттік сатып алу» заңына сәйкес конкурс жариялап, конкурсты жеңіп алған баспа немесе жеке кәсіпкер сұраныс берген кітаптарымызды жеткізіп береді.   

– Қазір екінің бірінің қолында ұялы телефон, қажетті ақпаратты да сол гаджеттен оқып алады. Десе де өңір оқырмандарының белсендігі туралы да айтып берсеңіз. 

– Қазір жастардың кітапқа көзқарасы бөлектеу. Кітап оқитын да, оқымайтын да адам әр кезеңде болған. Десек те, кітап оқу мәдениетін тек қана ұстаз немесе кітапханашы ғана емес, ата-аналар, тіпті қоғамның әр мүшесі қалыптастыруға жауапты. Осы салада жүргеніме 30 жылдан асыпты. Осы уақыт ішінде оқырманмен де, автормен де үнемі байланыстамын. 10 жыл бұрынғы оқырманның кітапқа деген көзқарасы мен қазіргісінің арасында өсу, даму бар. Оқырмандардың ішінде жаңа кітапты іздеп жүріп оқитын белсенді оқырмандар аз емес.

– Сіздің пікіріңізше, қазіргі оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығы қандай деңгейде?

– Жас ұрпақты кітап оқуға қызықтыру негізінен отбасынан қалыптасады. Үйінде бір кітап оқып көрмеген балаға мектепте мұғалім, болмаса кітапханашы әсер етеді дегенге сенбеймін. Әр отбасында әкесі, анасы балаға кітап оқуды үйретуі керек. Әр бала ата-анасынан көргенін істейді. Біздер кітапханашылар өз тарапымыздан түрлі шаралар ұйымдастырып келеміз. Мәселен, кітапханада кітап талқы, оқырман конференциялары, әдеби кеш, түрлі ақпараттық сағаттар өтіп тұрады. Әр шарада 20-30-дан жастар келіп, жоқ дегенде бір кітап оқып, соны өздері талдап, рухани әсерлерін айтып отырады.

Балаға арнайы уақыт бөліп, кітап оқуға үйреткен жөн. Соңғы уақытта кітап оқуға деген қызығушылығы бар кез-келген адам оның пайдасын сезініп жатқаны белгілі. Екі ауыз сөздің өзін көркем тілмен жеткізетін халықпыз, бірақ соңғы кезде жасыратыны жоқ, тіліміз шұбарланып барады. Ал, кітап оқуды насихаттау арқылы қазақтың көркем тілін қайтара аламыз. Бір сөзбен айтқанда, кітап оқу, кітап оқуды насихаттау – үздіксіз жүретін үрдіс. Президент айтқан кітап оқу мәдениетін орнықтыру, қалыптастыру және оны ары қарай үздіксіз жүргізе беру қоғамның белсенділігін қажет етеді. Ол белгілі бір уақыт арасында шешіле салатын мәселе емес.

–  Кітапханаңызда қандай жаңа қызметтер немесе технологиялар оқырмандарға ұсынылуда?

– Қазір облыстық кітапханада арнайы кітапханалық Web-РАБИС бағдарламасының: «Кітап қорын толықтыру», «Каталогизатор», «Іздеу және тапсырыс беру», «Кітап берілімі» және «Оқырмандарды тіркеу» модулдары бойынша оқырмандарға қызмет көрсету процесі автоматтандырылған. Кітапхана құжаттарын: кітаптар мен мерзімді басылымдарды сандық форматқа көшіруге арналған «Элар скан» атты екі кітап сканеріміз бар. Келесі жылы кітап сканерінің жетілдірілген соңғы моделін алуды жоспарлап, жұмыстанып жатырмыз. 

Кітапханада оқырман-пайдаланушыларға дәстүрлі қызмет түрлерімен қатар электронды ақпараттық қорлар арқылы қызмет көрсетіледі.

– Кітапхананы цифрландыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда? Электронды кітаптардың оқылу жағы қалай?

–  Мемлекеттік «2007-2009 жылдарға арналған ақпараттық теңсіздікті төмендету» бағдарламасы аясында қолдау көрсетілген «Қазақстандық электронды кітапхана–Қазақстан кітапханасы» Мемлекеттік электронды кітапханалық қорын құру» жобасына сәйкес, өңір кітапханаларындағы құжаттарды сандық форматқа көшіру жұмысы басталғаны белгілі. Осыған орай қорлардағы өлкетанулық және қазақстандық сирек басылымдар сандық форматқа көшірілуде.

2023 жылдың басынан есепті кезеңге дейін облыс кітапханаларындағы 2 556 135  дана кітап қорының сандық форматқа көшірілгені 52153 дана басылым. Оның ішінде 1142   дана кітап (барлығы өлкетану бағыты бойынша), 51011 дана мерзімді басылымдар мақаласын құрап отыр. Мазмұны жағынан өлкетану бағытындағы баспа өнімдері сандық форматқа көшірілуде.

Облыс кітапханалары, жалпы ел кітапханалары цифрландыру жүйесіне әлі толық көшкен жоқ. Қазіргі таңда біздің кітапханамыздың электронды каталогын қалыптастыру жұмысы жүргізілуде, жыл аяғына дейін аяқтап, кітапхана сайтына орналастыруды жоспарлап отырмыз. Өлкетану бағытындағы әдебиеттерді сандық жүйеге келтіріп, сирек кездесетін, қайта басылымы жарияланбаған кітаптардың электронды нұсқалары дайындалды. Өңірімізде осы уақытқа дейін жарық көрген шығармалардың электрондық нұсқасын порталға орналастыру авторлық құқыққа келіп тіреледі. Бұл бағытта жергілікті авторлармен жеке келісім-шарттарға отырып, төл шығармалары сандық форматқа көшірілуде.

– Көбіне қандай жанрдағы кітаптарға сұраныс жоғары? Мүлдем сұраныс жоқ, беті ашылмаған, парақталмаған күйі қалып кететін кітаптар бар ма?

– Трендтегі кітаптар, аудармалар, бестселлерлер болсын, әлеуметтік желіні пайдаланатын жастар жаңа заман жанрын сұрайды. Бірақ, классикалық шығармалар әлі де сұраныстан түскен жоқ. Дегенмен, қордың жасақталуы кезінде жаңа заманның оқырманының жаңа жанрлар, іскерлік, қаржылық сияқты жаңа тақырыптарға қатысты талабы барынша ескеріледі. Сонымен қатар қорға келіп түскен кейбір кітаптарды оқылмайды деп қордан шығарып тастай алмаймыз. Себебі, кітапхана – кітап қорын сақтап, болашаққа жеткізуші орын. Ол кітаптар қазір болмаса кейін өз оқырманын табады.

– Ауылдық аймақтардағы оқырмандармен жұмыс қалай жүзеге асырылады?

– Жалпы Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана облысымыздағы 139 көпшілік кітапхананың әдістемелік орталығы ретінде жұмыс жасайды. Ауыл-аймақтардағы, басқа қаладағы оқырмандардан түскен сұраныстар (құжаттар көшірмелері, скан нұсқалары жасалып) телефон, электрондық пошта, ватсап арқылы орындалады.

Кітаптың өзі керек болған жағдайда «Қазпошта» арқылы немесе мүмкіндігіне қарай өздері келіп алып кете алады.

– Балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы бағдарламалар бар ма?

– Қазіргі таңда балаларға, жасөспірімдерге арналған шығармалар қазақ тілінде тапшы. Бірақ, шығарма тапшы деп қол қусырып отыруға тағы болмайды. Баланың оқитын дүниесін кітапханашы, ұстаз, ата-ана бірлесіп таңдасып, талғамын қалыптастыруға көмектесуі керек. Кітапханаға экскурсияға кішкентай балалар келген  болса, ол үлкен әдебиетті оқуға баспалдақ деп ойлаймын. Жалпы, руханият ордасында балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі іс-шаралар өткізіліп жүр.

– Оқу мәдениетін насихаттау бағытында қандай шаралар ұйымдастырылып жатыр?

– Оқу мәдениетін насихаттау бағытында биыл түрлі жобалар қолға алынды. Соның бірі «Кітапханадағы кешкі кездесу» жобасы. Жоба мақсаты: Белсенді жастардың ортасын қалыптастыру, кешкі уақытты тиімді өткізуге жағдай жасау, жас оқырмандардың кітапқа қызығушылығын арттыру. Жоба барысында «ЖырLINE» поэзия кеші өтті. Кешке жастардың және орта буын өкілдерінің қатысуы өте жоғары болды және тұрғындар қайталап өткізіп тұруды ұсынды.

Сонымен қатар түрлі (дәстүрлі және жаңашыл) шараларды ұйымдастыру арқылы кітапханаға мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік осал топтағы жандарды тарту мақсатында «BIRGEMIZ» кітапханалық жобасы өз жұмысын жүргізіп жатыр. Бұл жоба аясында жазушы Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» атты хикаят-монологын, психологиялық, мотивациялық жанрда жазылған шығармасын талқылау арқылы қазіргі психологиялық, мотивациялық әдебиеттерге шолу жасалды. Сондай-ақ, «Тең қоғам» әлеуметтік жобасының мүшелерінің қатысуымен де түрлі іс-шаралар өткізілуде.

– Кітапхана сөресіндегі ең көне және ең көп оқылған кітаптар қандай?

– Кітапхана сөресіндегі ең көне кітап 1873 жылы жарық көрген Ф.М.Достоевскийдың толық шығармалар жинағы. Ал, ең көп оқылғаны – М.Әуезовтың «Абай жолы».

– Аталған кітаптардың көпшілігі қай кезеңге және қай тілдерге тиесілі?

– Жалпы, кітапхана қорында 348 дана сирек әдебиет бар. Олардың ішінде қазақ ақын-жазушыларының, орыс классиктерінің, шетел жазушыларының шығармалары жеткілікті. Шығармалар қазақ, орыс, ескі славян тілдерінде жазылған.

Бұл кітаптар қалай сақталады және оларды көріп, оқуға кімдер қол жеткізе алады?

– Сирек кітаптар қоңыр салқын бөлмеде жабық әйнек сөрелерде сақталады. Оқырман тек кітапхананың оқу залында ғана отырып оқи алады, үйге берілмейді.

– Ерекше қордағы кітаптарды цифрландыру бойынша қандай жұмыстар жасалуда?

– Сирек әдебиеттер қатарындағы 128 кітап цифрландырылды. Оның ішінде 17 кітап КАЗНЭБ порталында орналасқан.

– Қазіргі таңда әр салада маман тапшылығы жайында көп айтылады. Бұл мәселе сіздерде қалай?

– Әдебиеттің бірден-бір насихаттаушысы – кітапханашы, адамның жанына азық беретін – кітапхана. Жасыратыны жоқ, қазір кітапханашы мамандар тапшы. Салада жастар аз.

Себебі, жастар бұл салаға қызықпайды. Мұның бәрі әлеуметтік мәселеге келіп тіреледі. Көп жерде қалыптасқан стереотип бойынша біз айтылмай қаламыз. Десе де соңғы жылдары кітапхана саласы мен кітапханашылар туралы жақсы пікірлер бар. Соның ішінде сала мамандарының жалақысын өсірумен қатар, аталған мамандыққа жаңа мазмұн беру керектігі, кітапханашы мамандығына гранттар бөлуді және IT мамандарды да кітапхана саласына тарту маңызды екендігі айтылып жүр. Бұл мәселе біртіндеп шешіледі деп сенуге болады.

Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button