Депутаттар «Атырау-Астрахан» жолының сапасына мониторинг жүргізіп бастады
«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі аймақтық кеңестің төрағасы Нұрбол Құрманның төрағалығымен кеңес мүшелері, «AMANAT» партиясы атынан сайланған Атырау қалалық мәслихатының депутаттары Асқар Саппаев және Ақылбек Құлбарақовтар республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының салынуы мен қайта жаңартылуының сапасына мониторинг жүргізу мақсатында «Атырау-Астрахан» учаскесінің Исатай ауданы аумағында жүргізіліп жатқан реконструкциялау жұмыстарымен танысты.
Алдымен жол құрылысы жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекемелердің жұмыс орнында болып, жұмысшылармен кездесті. Мұнда басым бөлігі Исатай және Құрманғазы ауданының тұрғындары ауысыммен жұмыс жасайды екен. Жұмысшылардың жалақысы 15 күнге 250-300 мыңнан басталады. Жатын орын, монша, кір жуатын арнайы бөлме, асхана, тағы басқа қажеттіліктермен толықтай қамтамасыз етілген, жұмысшылар құнарлы ас мәзірімен қамтылған.
Жұмысшы топ кездескен қызметкерлер жалақыны уақытында алатындығын және жұмыс барысы мен әлеуметтік қамту іс-шараларына шағымдары жоқ екендігін жеткізді.
Исатай ауылында орналасқан жұмысшылар қалашығында да барлық жағдай жасалған. Мердігер мекеме елді мекен тұсындағы темір жол бойынан жол құрылысына қажетті материалдарды дер кезінде әрі тиімді жеткізу үшін теміржол тұйығын жасап, жұмыстың өнімділігіне қол жеткізіп отыр.
Іссапар барысында «AMANAT» партиясы депутаттарының қатысуымен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК филиалының өкілдері жұмыс сапасына сараптама жүргізу мақсатында асфальттан сынама алып, арнайы зертханаға жолдады.
-Жалпы ұзындығы 277 шақырымды құрайтын «Атырау-Астрахань» (616-893 шқ) учаскесі бойынша 240 шақырым жолдың төменгі қабаты, оның ішінде 60 шақырымына жоғары қабат жабындысы төселген. Бүгінде 240 шақырым асфальт көлік қозғалысына берілді. Ал жыл соңына дейін қалған бөлігінің бірінші қабатын төсеу жұмыстары аяқталады. Толықтай алдағы жылы тапсырылатын болады, — деді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Болатбек Айтбаев.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы негізінде өңірде жүзеге асып жатқан жобалардың барлығы партияның назарында болады.
Нұргүл Насыр