Атыраудың коммуналдық саласында қордаланған мәселе көп

9b2b5281 6f4a 4a1f af32 7519991bda23 Инфрақұрылым

ЕЛІМІЗДЕ КОММУНАЛДЫҚ САЛАҒА ҚАТЫСТЫ ҚОЛҒА АЛЫНҒАН РЕФОРМАЛАРҒА ҚАРАМАСТАН БҰЛ САЛАДА ПӘТЕР ИЕЛЕРІ КООПЕРАТИВТЕРІНЕ ЖҮКТЕЛЕР МІНДЕТ ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ ЖЕҢІЛДЕГЕН ЖОҚ. ОЛАРДЫҢ АТҚАРАТЫН ЖҰМЫС АУҚЫМЫ ДА АЗАЙМАЙ ТҰР. ДЕСЕК ТЕ, МҰНДА ҚОРДАЛАНҒАН ПРОБЛЕМАЛАР, ШҰҒЫЛ ШЕШІМІН КҮТКЕН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ДЕ ЖЕТКІЛІКТІ.

Қазақстан Халық партиясы Атырау облыстық филиалы ұйымдастырған «дөңгелек үстел» отырысының күн тəртібіне шығарылып, талқыға түскен басты тақырып та осы болды. Ашық диалог форматында өткен басқосуды филиал төрағасы Балжан Досмұхамбетова ашып, шараның маңыздылығына тоқталды. Жиынға қатысқан Атырау қаласы бойынша пəтер иелері кооперативтері бірлестігінің, облыстық құрылыс басқармасының, төтенше жағдайлар департаментінің, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жəне тұрғын үй инспекциясы мен құрылыс бөлімдерінің, басқа да мүдделі мемлекеттік құрылымдардың, ПИК-тердің басшылары туындаған мəселелер төңірегінде түсінік беріп, сауалдарына жауап алды. Олар негізінен көпқабатты тұрғын үйлердің инженерлік коммуникацияларын жөнге келтіру, терможаңғыртудан өткізу, ескірген электр желілері мен тозығы жеткен су, жылу, газ құбырларын жаңартуға қатысты өрбіді.

ЖОҒАРЫ ҚАБАТТАҒЫЛАР СУСЫЗ ОТЫР

Мəселен, «Көшəлиева» ЖК 2023 жылдың тамыз айынан Атырау қаласы, Шəріпов көшесі, 26 А үй, «Төрт батыр» тұрғын үй кешенінің 1 жəне 2 блоктарына, ал қазан айынан бері «СМП-163» шағынауданының 5 жəне 9, сондай-ақ Канцев көшесі, 3 үйлерге коммуналдық қызмет көрсетеді. Қазіргі уақытта мұнда бірқатар проблемалық мəселелер орын алып отыр. Бұл жөнінде жеке кəсіпкер Кəмшат Көшəлиева баяндады.

Оның айтуынша, бүгінде «СМП-163 шағынауданындағы 2 жəне Канцев көшесіндегі 1 бес қабатты үйде 280-ге жуық пəтер бар. Алайда, олардың аулалары талапқа

сай абаттандырылмағаны өз алдына, балалар ойнайтын алаңқайларда салынбаған.

Қысымы төмен болғандықтан құбыр бойымен келетін ауыз су жоғары (4-5) қабаттарға көтерілмейді.

Сол себепті тұрғындардың көбінесе сусыз отыруына тура келеді. Ал, «Атырау облысы су арнасындағылар» бұған байланысты «қалада су қысымын көтеретін қуатты станса салынады. Сол кезде бəрі ретке келеді» деген уəж айтады. Сонда оған дейін аталған көпқабатты үйлердің тұрғындары сусыз отыра беруі керек пе? Қиындықтан шығу үшін, станса іске қосылғанша уақытша болса да жоғары қабаттарға қысым көтеріп, су жеткізуге мүмкіндік беретіндей сорғы (насос) орнатуға болмай ма?

Тағы бір мəселе, «Төрт батыр» тұрғын үй кешеніне қыста жылу, жыл бойы салқын жəне ыссы су жеткізіп тұрған құбырлар əлі күнге ешкімнің меншігіне берілмеген, яғни иесіз көрінеді. Сол себепті, оған жауап беретін де ешкім жоқ. Мұндағы 70 пəтерлік үйлерді коммуналдық қызмет түрлерімен қамтушы ПИК-тің бұл мəселені шешуге мүмкіндігі де, қауқары да жетпейді. Сонда егер де күтпеген жерден құбыр жарылып, апатты жағдай орын ала қалса, оны кім қалпына келтіреді? Ендігі үміт, осы мəселені реттейтін қалалық ТҮКШ бөлімі, «Атырау облысы су арнасы» КМК мен «Атырау жылу жүйелері» АҚ-нда болып отыр.

ГАЗ ЖЕЛІСІ ҚАРАЛМАСА – ҚАУІПТІ

Атырау қаласы бойынша ПИК-тер қауымдастығының төрағасы Гүлнар Салихова көпшілікке ортақ өзекті мəселені қозғады. Ол – шаһардың көпқабатты тұрғын үйлеріне (негізінен 2000-шы жылға дейін салынған) тартылған табиғи газ құбырының жайы.

– 1997 жылы сол кездегі облыс басшылығының өкімімен «Атырауоблгаз» мекемесі таратылып, сыртқы кварталдық

газ құбырлары жаңадан құрылған «Қазгазтрансаймақ» АҚ Атырау филиалының теңгеріміне берілді. Соған сəйкес, тұтынушыларды газбен жабдықтау міндеті де осы кəсіпорынға жүктелді. Оның үстіне бұрынғы қаланың шағынаудандары бойынша жұмыс жасап келген тұрғын үй жөндеу-пайдалану басқармалары та- ратылып, олардың орнына пəтер иелері кооперативтерінің құрылғанына да отыз жылдан асты.

Сол кезде өзге инженерлік коммуника- циялармен қатар, құбыр бойымен келетін «көгілдір отын» желісі де жүргізілді. Желі үйдің сыртынан қосылды да, оның қасбетімен жүргізілген жəне ішіндегі желілер сол күйінде ауыстырылмастан, жаңартылмастан қалып қойды. Сөйтіп, ол ешбір мекеменің иелігіне берілмеді. Газды ашып-жабатын бұрандалар мен басқа да жабдықтардың техникалық күтіміне ешқандай көңіл бөлінбеді. Ал, қазірде тұтынушыларға газды таратып отырған «Қазгазтрансаймақ» АҚ Атырау филиалы əр үйдің сыртында орнатылған ГРПШ-ларды қараумен, сосын жылына бір рет газ плиталарының оттықтарының жағдайын тексерумен ғана шектеледі. Соның салдарынан көпқабатты үйлердің кірмедəлізіне кіргенде газдың иісі шығып тұрады. Тұтастай алғанда, үйішілік газ жүйесінің жағдайына жауапкершілік заңдық тұрғыда рəсімделмесе де, ПИК-терге жүктеліп қойылған. Бізде болмағанымен, көршілес өңірлерде газды пайдаланудағы салғырттықтың кесірінен өрт шығып, төтенше жағдайлардың орын алғанын білеміз. Соған жол бермеу үшін кешіктірмей бір шарасын алатын мезгіл жетті , – деді Гүлнар Сапарғалиқызы.

Оның айтуынша, бұл жағдай дұрыс емес. Алдымен барлық көпқабатты үй пəтерлеріне газ жеткізіп тұрған желілердің, қондырғы-құрылғылардың есебін алып, мүліктік түгендеу, одан соң техникалық жағдайын бағалау керек. Содан кейін қолында газ жабдықтарымен жұмыс жасауға, қызмет көрсетуге рұқсаты бар мамандандырылған мекемемен (бізде ол

«Атыраугазинвест» ЖШС) келісім-шартқа отыруы қажет. Мұндағы ең басты жəне маңызды мəселе – қауіпсіздік.

Бірақ, келісім-шартқа отыру үшін жоғарыда атап көрсетілген кемшіліктерді түзеп, олқылықтардың орнын толтыру қажет. Сонда ғана пəтер иелері кооперативтері тұрғын үйлерге қызмет көрсетуші жəне басқарушы субъект ретінде газға жауапты құрылыммен келісімге келе алады.

Атырау қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы Гүлжамал Жолдасованың сөзінше, жыл санап шаһарда көпқабатты үйлер санының көбеюіне байланысты халықты «көгілдір отынмен» қамту бағытында қиындықтар туындап отыр. Соның бастысы, газға тапшылық байқалады.

Бұған дейін өз алдына дербес құрылым болып келген тұрғын үй инспекциясы былтыр қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне қосылды. Бүгінде үйішілік газ жабдықтарына қызмет көрсету мəселесіне көңіл бөлініп, бұл салада қордаланған проблемаларды шешуге ерек- ше назар аударылуда. Алайда, жоспарлы істердің көпшілігі жасалмаған. Осыны қаперге алған қала əкімдігі мəселеге мүдделі мекеме (құрылыс, төтенше жағдай бөлімі, «Қазтрансгазаймақ» филиалы, т.б.) өкілдерінен тұратын комиссия құруды ой- ластырып отыр. Ол шаһардағы көпқабатты үйлерге тартылған газ құбырларын, құрылғы-қондырғыларын тексеріп, мүліктік түгендеуден өткізіп, жөндеу, жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін қандай шараларды қолға алу қажеттігін анықтайды. Осы мақсатқа бюджеттен қаржы қарастырылады.

Жасыратыны жоқ, кейінгі жылдары бой көтерген тұрғын үй кешендері пайдалануға берілгенде олардың газ желілерінің жағдайына назар аударылмаған, қалай болса, солай тапсырыла салған. Нысанды қабылдап алу жөніндегі мемлекеттік комиссиясының мүшелері де бұған жеткілікті мəн бермегенге ұқсайды. Ақырында келіп, осындай проблема туындап отыр. Ендігі жерде бұлайша «бармақ басты, көз қыстыға» салынуға жол берілмейді. Бəрін де «екі шұқып, бір қарап», кеткен кемшілікті орнына келтіріп, қайталануына жол бермейтін боламыз. Одан өзге, кезінде терможаңғыртудан өткізілгенімен, сапасыз жасалғандықтан қайта жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлердің де есебі алынып, жөндеу жүргізіледі. Мұнда су, жылу, электр желілерімен бірге газ құбыры да қамтылады. Қай жерде газдың қысымы аз, қай жерде табиғи отын далаға кетіп жатыр, осылардың бəрі ескеріледі. Бұдан былай, саладағы қордаланған, қомақты қаржыны қажет ететін жұмыстың көлемін, сомасын есептеп, жөндеу жұмыстарымен айналысатын арнайы мекеме құрылады. Қала əкімдігі осындай ұйғарымға келіп отыр. Сайып келгенде, жауапты тұлғалардан сұралатын жауапкершілік те, оларға қойылатын талап та күшейтіледі, – деді салалық бөлімнің өкілі.

КООПЕРАТИВТІ ҚИНАЙТЫНЫ – ҚАРЖЫСЫ

ПИК-терге тікелей қатысты жайттың бірі – тұрғындардың пайдалану шығындарына төлейтін ақысы. Қазіргі уақытта қалалық мəслихаттың шешімімен тұрғынжайдың əр шаршы метріне алынатын ақы көлемі 45 теңге мөлшерінде бекітілген. Алайда, мұның өзі барлық шығынды жауып, сұранысты өтеуге жеткіліксіз екенін алға тартады коммуналшылар. Нақтылап айтқанда, үйді күтіп- ұстау, жарылған құбырлардың ақауларын ретке келтіру, үйдің қасбеттері мен кірмедəліздерін жөндеуге, сонымен қатар кооперативтің жұмысшы-қызметкерлеріне төленетін жалақы тұрғындардан жиналған қаражаттың есебінен өтеледі.

Бүгінде тұрғындар проблемаларын шешу мақсатында ашылған «109» қызметіне хабарласып, телефон шалғанымен ондағылар түскен өтініштер мен шағымдарды ПИК-терге кері жолдайды. Бұл əрине, дұрыс емес. Себебі, орталықтан қабылданған өтініштер шешімін сол жақтан табуы тиіс. Десек те, нақты жағдай олай болмай тұрғаны да ашық айтылды. Ақиқатында, бүгінгідей құрылыс материалының құны қымбаттап, аспандап тұрған заманда тұрғындардан жиналатын ақша күрделі жөндеу жүргізбек түгілі, үйді күнделікті күтіп- ұстап, «жыртығын жамауға» да жетпейді. Сондықтан тығырықтан шығудың тиімді тəсілдері мен оңтайлы жолдарын іздестіріп, жұмысты жаңаша ұйымдастыру əдістерін үйренуге ұмтылу қажет. Жоғарыға қарап жалтақтайтын кезең өтті. «Дөңгелек үстел» басында айтылған əңгіменің түйіні осыған тоғысты.

АПАТТЫ ЖАҒДАЙҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ

Жиында «Авангард» жеке кəсіпкерлігіне қарайтын Авангард шағынауданындағы бірнеше көпқабатты үйдің кəріз құбырындағы құдықтарға толған лас судың уақытылы сорылмауынан апатты жағдайдың орын алғаны, тұрғындарға қолайсыздық туғызғаны өз алдына, ұзақ уақыт бойына қақпақтары ашық қалғандықтан адамдардың, əсіресе, балалардың өміріне қауіп төндіргені ашық айтылды.

Мұндай жағдайдың қаланың басқа да шағынаудандарында орын алғаны белгілі болды. Жауын-шашынның молдығы, ылғалдың шамадан тыс көп түсуі көпқабатты үйлердің де, жеке сектордың да тұрғындары үшін елеулі қиындықтар тудырғаны, көптеген адамның баспанасында тұру мүмкіндігінен айырылғаны, қиын жағдайда қалған отбасыларға көмек көрсетудің мүмкіндіктері болмай қалғаны алға тартылды. Коммуналдық қызмет құрылымдары осылай қауқарсыздық танытып отыра бере ме, əлде қарекет қыла ма деген сауалдар да қойылды. Оған басқосуға қатысқан жауапты құрылымдардың өкілдері жауап қайтарды. Алдағы уақытта апатты жағдайлардың ал- дын алып, жол бермеудің бар амалы жасалатынына сендірді.

Жиынды қорытындылаған респуб- ликалық партияның облыстық филиалының басшысы Балжан Ибатқызы диалог форматындағы дидарласулардың жалғасын табатынын, отырыста көтерілген мәселелер мен сұрақтардың тиісті жеріне жет-кізілетінін айтты.

Дəулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз